Қасқыр талады
Жанкелдин ауданының Ақкөл ауылында 1991 жылы туған әйелді түз тағысы талап, жарақаттап кеткен. Жаға ұстатарлық оқиға жайында ауыл адамдары хабарлады. Айтуларынша, ақшулан Ақкөл сыртындағы малшы отбасы отырған Сызай қыстағына келіпті. Қасқыр сол маңдағы сойылған малдың ішек-қарнын жеп жатқанда, үйден отанасы шығады. Түз тағысы әйелге тап беріп, қарын тұсын жарақаттапты. Артынша атпен келген күйеуі тұра қуғанда, әлгі жыртқыш атты адамның өзіне қарай тап берген көрінеді. Қар жұқа, жан-жануар ашыға қоймайтын мұндай мезгілде құтырғандары болмаса, көкжалыңыз адамға, оның үстіне үйдің жанына келіп шаба қоймайтын еді…
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты растап отыр.
«1991 жылы туған әйел Жангелдин аудандық орталықтандырылған ауруханасына жатқызылған. Дәрігерлердің қарауында. Жадайы қанағаттанарлық. Хирургтың тексеруінен өтті, көмек қажет етпейді. Қарын тұсынан тістелгеннен жарақат алған. Емделушіге антирабиялық (құтырмаға қарсы иммунитетті қалыптастыратын – ред.) вакцина салынды», – деді басқарманың баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.