«МӘРИЯМ ОҚУЛАРЫ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ
М.Хәкімжанова атындағы №20 орта мектепте жыл сайын ақынның туған күні – 16 қарашаға орай ұйымдастырылатын дәстүрлі байқауға қала мектептерінен шығармашылыққа талаптанып жүрген 30 шақты оқушы қатысты. Шараның шымылдығы ақын атындағы мектеп ансамблінің күй-шашуымен ашылды. Күйден соң ортаға мың бұралған бишілер тобы шығып, ақынның өмір жолы мен ұстаздық қызметін би тілімен өрнектеді. Сондай-ақ шараға жиналғандар «Атамекен» фильмінен үзінді көріп, ақынның туып-өскен ортасы, ата-тегі туралы естелігін тыңдады.
Биылғы «Мәриям оқуларының» бір ерекшелігі – байқауға орыс мектептерінде оқитын шәкіртер де қатысып, бақ сынамаққа ниет етіпті. Байқау екі аталым бойынша өтті. Бірінші топ Мәриям өлеңдерін мәнерлеп оқу бойынша сынға түсссе, екінші топтағы оқушылар ақынға арнап шығарған төл туындыларын оқыды.
Байқау қорытындысы бойынша мәнерлеп оқудан Динара Зейннулла (№20 мектеп) бірінші орынды жеңіп алса, Айдана Утилиева (№10 мектеп) мен Жәмила Омаровалар (№1 мектеп-лицей) екінші орынға лайық деп танылды. Ал Әсем Ғалымжанова (ФМ лицейі), Ақан Жұлдыз, Әнел Алшоразова сияқты көркемсөз шеберлері үшінші орынды қанағат тұтты.
Байқаудың ең тартысты кезеңі ақындар мүшәйрасы болды. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген атаумен өткен бұл аталымда № 115 орта мктептің 10 сынып оқушысы Балауса Жүніс жеңімаз атанды. Екінші орын Жазира Суханова (№9 мектеп) мен Жансұлу Бейсенге (№20 мектеп) бұйырса, үшінші орынды Сәбина Калеева мен Ақжүніс Әмірханқызы (С.Мәуленов ат. гимназия) өзара бөлісіп алды.