Желбірейді көк тулар
Қостанайда «Менің туым – менің Отаным» акциясы бастау алды. Қаладағы Абай даңғылының бойына жастар көк туды желбіретті. Патриоттық акцияның негізгі мақсаты – мемлекеттік туды тұрақты түрде қоғамдық орындарда, туристік нысандарда, сауда және ойын-сауық орталықтарында, көп қабатты тұрғын үйлерге ілу арқылы оның маңызын насихаттап, жастарды отансүйгіштікке баулу. Шараның ұйымдастырушысы – Қостанай қалалық ішкі саясат бөлімі.
– Мемлекеттік Туды қастерлеп, қадір тұту – әр қазақстандықтың парызы. Ол мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын білдіретін басты рәміздердің бірі. Ондағы көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік сияқты қасиеттерді айшықтайды. Ал ортасында орналасқан күн тыныштық пен байлықты білдіреді. Дархан даланың еркін қалықтаған бүркіті бейнеленген. Ол арқылы қазақ халқының жомарттығы мен қырағылығын, пейілінің кеңдігін көруге болады. Бұл шара еліміздің барлық қалаларында өтуде. Акцияны барлығы қолдап жатыр. Таңертеңнен бері қаланың 8 үйінің сыртына туымыз ілінді. Бұл акцияны өзі де қолдаймын. Себебі, шынымен де жүрегімізге патриоттық сезім ұялатады. Туымыз осылай әр нысанда желбіреп тұрса игі, – дейді Қостанай қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әсем Бақытжанқызы.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ