ӘСКЕРИ қызмет – АБЫРОЙЛЫ міндет
Ертең, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Түсінген жанға, айтулы мерекенің орны тым бөлек. Себебі, ел қорғайтын азаматтарымыздың барында біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыз, тыныштығымыз бен бірлігіміз үстемдік құрмақ.
Қостанай қаласындағы №6697 әскери бөлімі шаһардағы қоғамдық тәртіпті қадағалап, түзету мекемелерін күзетеді. Ішкі әскердің негізгі міндеті де осы, мемлекеттің ішкі ұлттық қауіпсіздігіне және қарулы қақтығыстарды болдырмауға жауап береді. Аталмыш әскери бөлімде азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаздың бірі – Айдар Егінбаев. Ол 1991 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданында дүниеге келген. Тәуелсіздіктің төл тумасы, түйдей құрдасы. Кешегі бозбала бүгін қатардағы жауынгерге айналған. Кейіпкеріміз орта мектепті аяқтап, Қарағанды қаласындағы өнер колледжін тәмамдаған. Өнерге жақын жігіттің мақсат-мұраты биік. Болашақта әнші болғысы келеді. Бірақ, әскерге баруды бірінші орынға қойған. Сондықтан өткен жылы Қостанай қаласындағы №6697 әскери бөліміне Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге келді.
– “Ер жігіттен не пайда, қолына қару алмаса, елін, жарын, туғанын дұшпаннан сақтап қалмаса” деген бұрынғылар. Біздің заманымыз тыныш, бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, қолға қару алып, ерлік жасау шарт емес. Ал, әскерге бару әрқайсымыздың Отан алдындағы ортақ парызымыз, – деді Айдар Егінбаев.
Айдар Егінбаев №1 атқыштар ротасының жауынгері. Бір жылдың ішінде әскери тәртіпке төселіп, қатал ережелерге үйреніп қалған. Күн сайын таңертең алтыда ұйқыдан тұрып, дене шынықтырумен айналысады. Спорт дегеніміз – әскер өмірінің ажырамас бөлігі. Қатардағы жауынгер таңғы жаттығудан өзге саптық дайындық және басқа да тапсырмаларды орындайды.
Айдар демалыс күндерді асыға күтеді. Себебі сенбі, жексенбіде сарбаздарға еркіндік берілген. Әркім өзі қалаған ісімен айналысады. Айдар үшін бұл күндер өнер күні. Казармада дос-тарын жинап алып, қосыла ән шырқайды. Бала күнгі, студенттік шақтардағы әндерді әуелетіп, рухани байып қалады. Қолы босай қалса кітапханаға жүгіреді. Газет-журналдарды ақтарып, хабар-ошармен танысады. Туған ауылы, ата-анасына деген сағынышы да бар. Көкіректі сағыныш кернеген сәтте көңілдегісін әнмен айтады. Сарбаз алдағы маусым айында туған ауылына оралады.
Арман Ысқақов №6697 әскери бөлімінде былтырғы жылдан бері батальон командирі болып жұмыс істейді. Әскери қызметші өзіне жүктелген тапсырманы тиянақты орындап отырады.
– Біздің ең бірінші міндетіміз Қостанай қаласындағы ішкі тәртіп пен тыныштықты сақтау. Шаһарымыздағы түзеу мекемелерін күзету, сотталған және қамауға алынғандарды айдауылдауға да атсалысамыз, – деді әскери қызметші Арман Ысқақов.
Аталмыш әскери бөлімде қызмет етіп жатқандардың қатарында Зарина Байғазинова да бар. Кейіпкеріміз Алматы қаласындағы педагогикалық колледжін кітапхана ісі мамандығы бойынша бітірген. Бүгінде №6697 әскери бөлімінде кітапханашы болып жұмыс істеуде. Жауынгерлердің моральдық-психологиялық тәрбиесіне жауап береді. Оның жолдасы Серік те әскери қызметші. Ерлі-зайыптылар әскери саланың жүгі ауыр, жауапкершілігі мол екендігін жақсы біледі. Отанасы Зарина үйде екі баланың тәрбиесіне жауап береді, ал қызметте темірдей қатал тәртіпті бұзған емес. Байғазиновтар үшін 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні отбасылық мерекеге айналып отыр.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
СУРЕТТЕРДЕ: Отан қорғаушылардың бір күні.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.