Ардагерлер әннен шашу шашты

KayranН.Ахметбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде “Қайран ерлер – қаһарман ардагерлер” атты мерекелік концертте ауданымыздың еңбек ардагерлері сахна төрінде ән шырқады.

Жасы жетсе де дауысы кетпеген аға буын өкілдерінің өнерін көрермен де ыстық ықыласпен тамашалады. Әсіресе, Н.Ахметбековтің “Торғайдан сәлем” тол-ғауын орындаған белгілі жыршы – термеші Нағашыбай Алпысов, Н.Тілендиев-тің “Куә бол” әнін нақышына келтіріп шырқаған ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарсақбай Бірмағанбетов, Е.Хасанғалиевтің “Елігім еркем” әнімен сахнаның шырайын келтірген байланыс торабының ардагері Мүсілима Кәдірментаева, “Балбырауын” күйін бабымен тартқан Тыныштық  Әбжамалов,  Қазақстан энергетика саласының ардагері, ақын Амандық Ғабдоллақызы “Арман-ай” халық әнін орындаса, “Қазына” аналар ансамблінің мүшесі, көп балалы ана Тұрсынкүл Әбділдина және Айтжановтар отбасы өнерлерін паш етті. Шәмші Қалдаяқовтың “Арыс жағасында” әнімен  Күлпара Жәлелова, “Қоғалы-ай” әнін қоңыр дауысымен әуелеткен Кәмила Жауынбаеваның тамылжыта салған әндері көрермендер көңілінен шықты.

Аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин барлық аудан тұрғындарын алдағы келе жатқан 9 мамыр Ұлы жеңіс күнімен құттықтап, бүгінгі ән кешінде өнерлерін көрсетіп, өскелең ұрпаққа үлгі болып отырған ардагерлерімізге алғысын білдіріп, осы кештің өтуіне ұйытқы болған Қарсақбай Бірмағанбетұлына арнайы алғыс хат табыс етті.

Аудан әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров барлық ардагерлерімізге ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады.

Бұл кеште өнерлерін ортаға салған қарттарымызға барынша ілтипат пен мейірім көрсетілді.

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ.

Жанкелдин ауданы.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓