Көше беріледі
Тәуелсіз Қазақстан тарихында ерен еңбегімен, адал қызметімен елдің есінде сақталып келе жатқан тұлғалар аз емес. Соның ішінде егемен мемлекетіміздің іргесінің берік қалануына, зайырлы мемлекет болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың бірі әрі бірегейі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Орал Байғонысұлы Мұхамеджановтың есімі айрықша аталады. Қостанай қаласының тумасы, жастайынан білімді, алғыр, жігерлі, мінез-құлыққа бай, іскер болып қалыптасқан тұлға ерте бастан ел басқару ісіне араласты. Қазіргі Қостанай жоғары экономикалық колледжінің түлегі еңбек жолын облыстық тұтынушылар одағында, мауыты-шұға комбинатында бастаған қоғам қайраткерінің қызметтегі сатысы Қостанай және Торғай облыстарында комсомол, партия органдарында жалғасты. Жасынан еңбекқор, бай тәжірибе жинақтаған ел азаматы 1991–1994 жылдары халық депутаттары Торғай облыстық кеңесі аппаратының басшысы, Торғай облысының Амангелді аудандық әкімшілігінің басшысы болды.

1994 жылдан үлкен саясатқа келіп, кемел қайраткер болып қалыптасуына Қазақстанның жоғарғы заң шығару органы мен Үкіметіне арнаған өмірінің соңғы жиырма жылын ерекше атап өткен жөн. Жоғарғы Кеңестің Экономикалық реформа комитеті төрағасының орынбасарлығынан бастап, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Ұйымдастыру-бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі болып қажырлы еңбек етті. Ата заңымыздың бекуіне, басқару жүйеміздің мызғымастай болып қалыптасуына айрықша үлесін қосқан қайраткер. Үшінші және төртінші шақырылған Парламент Мәжілісіне Төраға болып сайлануы – өзіне артылған зор сынақ, мемлекет пен халық алдында алған үлкен жауапкершілік еді. Есімінің Парламент қабырғасында алтын әріппен жазылып тұруы – соның дәлелі. Еңбегі де зор бағаланып, мемлекет тарапынан «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері әрі Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығына қосқан үлесі үшін жоғары марапаттарды алғаны жерлестері үшін зор мақтаныш.

Ал өзі туып-өскен киелі Қостанай топырағы да даңқты тұлғаны ұлықтау мақсатында қолға алынған шаруалар аз емес. Қостанай жоғары экономикалық колледжінің қабырғасында мемориалдық тақта орнатылып, музей және арнайы кабинет ашылды. Соңында қалған туыстары жыл сайын студенттерге Орал Мұхамеджанов атындағы грант бөліп отыруды үрдіске айналдырды. Өткен жылы 1963-64 жылдары Орал Байғонысұлы оқыған Рудный қаласындағы музыкалық колледж бен білім бөлімі орналасқан ғимаратқа да қайраткердің құрметіне ескерткіш тақта ашылды. Бүгінгі таңда Орал Мұхамеджановтың соңында қалған ізбасар шәкірттері, ел басқару ісіне араласып жүрген азаматтар аз емес.




Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ