Тіл тағдыры – ел тағдыры

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін» деген сөзін саралау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршендігі» тақырыбында тұңғыш рет республикалық тіл форумы өтті. Форумды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл–Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.
Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттары, ҚР Жоғары Соты, Бас Прокуратурасының өкілдері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, облыстық тілдерді дамыту басқармаларының басшылары, өңірлік тілдерді оқыту орталықтарының мамандары, ҚХА этно-мәдени бірлестіктері мен БАҚ өкілдері қатысты.  Қостанай өңірінің делегациясы құрамында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Г.Мендекинова, Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы К.Бимағанбетов, «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы» КММ басшысы Ж.Ербатырова, «Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ басшысы Ж.Жаңбыршина болды.
WhatsApp Image 2019-11-05 at 16.08.15
Форум аясында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қоғамның барлық саласында кеңінен қолдану мүмкіндіктері мен өзекті проблемалары талқыланды. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова тұңғыш рет өтіп жатқан Тіл форумының қатысушыларына шығармашылық табыс пен сәттілік тіледі. Күрделі мәселелерді талқылаған басқосуда сөз сөйлеген спикерлер қатарында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, академик Амангелді Айталы,  Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңестің мүшесі Ғосман Төреғұл, «Amal books» баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қатарлы тіл жанашырлары ана тіліміз жайында өз ойларын ортаға салды.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл–қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешовтың айтуынша, әлемнің 36% латын, 20% қытай, 11% араб, 2,7%- ы ғана кирилл әліпбиін қолданады. Яғни, кирилл әліпбиін қолдану латын әліпбиіне қарағанда 12-13 есеге аз. Жаңа технологияда, білім мен ғылымда латын әліпбиіне қарағанда кирилл әліпбиі 250 есе бәсекеге қабілетсіз немесе латын әліпбиі 250 есе бәсекеге қабілетті.
WhatsApp Image 2019-11-05 at 16.08.47
Жиында 6 түрлі пікір алаңында қазақ тілінің қолданыс аясын ғылым, білім, саясат, бизнес, кәсіпкерлік, өндіріс, әлеуметтік салаларда кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар қазіргі әлемдік жаһандану өріс алып тұрған кезеңде ұлт рухын түлету үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігін арттыруға басты қадам – жаңа әліпбиге көшу барысы мен атқарылған шаралардың қорытындысы сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.
Келелі басқосуда Қостанай облысында қазақ тілін латын графикасына көшіру, мемлекеттік тілді ересектерге оқыту бойынша «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы мен қалалық, аудандық тілдерді оқыту орталықтарының мамандары құрастырған оқу-әдістемелік құралдар мен дидактикалық материалдардан тұратын көрме ұсынылды. Көрме тәжірибе алмасу алаңына айналып, форум қатысушылары тарапынан оң бағасын алды. Форумда алған әсеріміз, алдағы уақытта атқарылатын жұмысымызға жаңа серпін беріп, бағыт-бағдарымыз айқындалады деген сенімдеміз.
Жұлдызай Ербатырова, «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы,
гуманитарлық ғылымдар магистрі.  

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓