БИ-АҒАНЫҢ БИІГІ: БҮГІНГІ МІНБЕРДЕН КӨЗҚАРАС
Қостанайда қазақ жазба әдебиетінің көрнекті өкілі, майталман жорналшы, ақын-жазушы әрі драматург Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына орай конференция өткен-ді. Оған республикадан жас ғалымдар келіп қатысып, бейімбеттану саласындағы ізденістерімен бөліскен еді. Ол туралы ықшам ақпарат газет сайтына да жарияланды. Ал бүгін әйгілі қаламгердің туған күні (15 қараша) қарсаңында мәжіліс меймандары сөз еткен соны да құнды деректер мен оралымды ой-толғамдарды оқырман назарына ұсынамыз. Би-ағаның "бүгінгі көз бүтін көрмес көлемдей" биік болмысына сан қырынан зер салып көрелік.
Заңғар КӘРІМХАН, әдебиет тарихшысы, педагогикалық ғылымдар магистрі: Үш арысқа көрсетілген құрмет дегенде, расын айту керек, Сәкен мен Ілиясқа қарағанда Бейімбетті ұмытып кете жаздағандаймыз. Әрине, еш қызғаныш туғызбаймыз, бірақ алдыңғы екі тұлғада оқу орындарынан бастап кітапхананың неше түрі, ауылдар мен мектептердің санынан жаңыламыз, ал үкімет шығарған қаулылардың Бейімбетке келгенде үні шықпайтынын түсініп болмаймыз. Біздегі отарсыздану процесінің өте баяу жүретіні сонша, тәуелсіздіктің 26-ыншы жылы дегенде Таранның атын құрттық та, Бейімбетке алып бердік. Екіншіден, әдебиеттануда қазір тұлғалық энциклопедиялар шығару жақсы үрдіс ретінде бағаланып, қолға алынып жатыр. 1995 жылғы «Абай» энциклопедиясынан бастап қазірге дейін «Әлихан Бөкейхан», «Ахмет Байтұрсынұлы», «Шәкерім», «Қаныш Сәтбаев», «Мұхтар Әуезов», «Сәкен Сейфуллин» энциклопедиялары жарық көріп, ғылыми орта мен оқырман қауымды қуанышқа бөледі. Осындай кірпіштей қалың, ақпараттың сан алуан жиынтығын қамтитын қарыстай кітаптардың қатарынан «Бейімбет Майлин» тұлғалық энциклопедиясын да көргіміз келетінін жасырмаймыз.
Бейімбеттану ғылымында түпкілікті осы саламен айналысып, ұзақ жылдар зерттеген Т.Нұртазин, Т.Бейісқұлов, С.Байменше сынды ғалымдардың еңбектеріндегі деректерге қарағанда, 43 жасына дейін шам жарығы таңға таяп сөнгенше жазу жазған қаламгердің әдеби-публицистикалық мұрасының бас-аяғы түгенделген жоқ. Тіпті Тоқтар Бейісқұлов өмірінің соңына дейін жазушының жаңа шығармаларын тауып, ғылыми айналымға енгізумен болды. Демек, Бейімбеттің жарияланбаған шығармалары әлі де бар деген сөз. Репрессияға ұшырап, жазықсыз жаланың құрбаны болғанға дейін Бейімбеттің газет беттерінде 60 әңгімесі, 85 өлеңі, 42 очеркі, 88 фельетоны, 287 мақаласы, 3 поэмасы, 2 пъесасы, 1 повесі, 2 романнан үзіндісі жарияланыпты. Жарияланбай кеткені қаншама… Ол өте көп жазған, тынымсыз еңбектенген. «Жұмысының көптігі мен өнімділігі жағынан Бейімбетке теңдесетін қазақ жазушысы, әсіресе, қазақ журналисі аз болатын», – деп жазады С.Мұқанов.
Енді Бейімбеттің бүркеншек есімдеріне тоқталайық. Қазақ жазушыларының ішінде псевдонимі ең көбі – Бейімбет. Би-ағаның әдеби псевдонимдерді қоюының бірнеше себептері айқындалады. Ең алдымен, ол жазушының ішкі мәдениеті, майда қоңыр мінезіне тікелей байланысты. «Қойдан да қоңыр» (Жайық Бектұровтың Би-ағаға берген сипаты) деген сөз өз атын шығара қоюды мақсат тұтпаған, атақ іздемеген, қарапайым болмысты қаламгерге лайықты айтылған. Расында да, ол шығармаларын өз атынан ұсына беруді қоштай бермеген.
Екіншіден, шығармаларының көптігінен туындайды. Сол қолымен бұйра шашын ширата беріп, оң қолымен жазуды тастамаған қаламгер нағыз бейнеткеш. Көркем әдебиеттің сан алуан жанрында, проза мен поэзияда және публицистика саласында аямастан қалам тербеген Бейімбеттің бай мұрасы көптігімен де, көркемдігімен де ерекшеленеді.
Жазушы бір газетте жарияланған туындысын бір есіммен ұсынуды ерсі санайды. Ішкі мәдениет, эстетикалық талғам өресі Бейімбет шығармаларынан, оның бүркеншек есімдер қоюынан да айқын аңғарылады. Газеттер мен журналдарда, жыл сайын жарық көріп жататын кітаптар мен жинақтарда бір емес, бірнеше шығармасы қатар басылған сәттерде автор псевдонимдерді жөнімен қойып, атап жататынын үшінші қырына жатқызамыз.
Төртіншіден, Майлин сатира саласында, сын-сықақ, фельетон жанрында еңбек етіп, кейіпкерлері өз ортасындағы адамдар болғандықтан, бүркеншек есім қоюға мәжбүр. Сын табиғатында жазылған туындылардағы ерекше псевдонимдер де жазушы қолтаңбасын айқындайды.
Бейімбеттану ғылымында жазушының бүркеншек есімдерін анықтау әлі де өзекті. Жылдар өткен сайын жаңа өзгерістер, толықтырулар болып жатқанынан хабардармыз. 1960 жылдары Бейімбет Майлин прозасынан ғылыми жұмыстар жазған ғалым Темірғали Нұртазин оның 21, кейіннен 30 псевдонимін анықтаса, кейінірек «Бейтаныс Бейімбет» кітабының авторы Серікқали Байменше 33 бүркеншек есімі белгілі болғанын жазады. Ал бейімбеттану ғылымының еңбекторысы Тоқтар Бейісқұлов мұны 74-ке жеткізіп отыр. Осы 74 бүркеншек есімнің ішінде анықтайтын, жіті зерттейтін тұстары да аз емес. Мәселен, «Б.М.» деген псевдонимді алайық. Тарихта Бейімбет Майлиннен басқа да «Б.М.» деген бүркеншек есім қалдырған Біләл Малдыбаев, Берікбол Малдыбаев деген қаламгерлер болғанын естен шығармау керек. Т.Бейісқұловтың өзі аңғармай қалған бір нәрсе: өзі атаған 74-тің ішінде «Жолаушы» есімі екі рет қайталанып кеткен.
Жазушы Б.Майлиннің бүркеншек есімдерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Әуелі азан шақырып қойған есіміне сәйкес "Бимұхамбет", "Бимағамбет", "Майлыұлы Бимұхамет" деген псевдонимдер кездеседі. Мұндай әдіспен жасалған псевдонимдерді ғылымда аллоним дейді, яғни өз есімінің орнына өмірде бар және болған нақты тұлғаның атын алу.
Туған өлкесіндегі жер-су, тау-төбе, елді мекен, ру, ел атауларына орай "Шаңқан", "Қайдауыл", "Алтай", "Қарабалық баласы", "Қайдауыл баласы" есімдері қалыптасқан. Ал кәсіпке байланысты "Тілші", "Мұғалім", "Оқытушы", "Жорналшы", "Газетші", "Балықшы", "Егінші", "Қойшы", "Қоңыраушы", "Малай", "Жалшы", "Оқушы", "Жолаушы", "Малшы", "Жалшы баласы", "Жолаушы бақыр" деп атайды.
Зат есім мен етістіктерден сап түзеген есімдердің өзі бір төбе. "Жолшыбай", "Өзім", "Көз", "Мен", "Біз", "Бекет Мереке", "Би", "Балық", "Жалаңаяқ", "Кетпен", "Қорғасын", "Тай", "Інісі", "Қойшығара", "Қараша бала", "Малай баласы", "Кедей", "Қарсақ", "Толстой қазақ", "Кедейшіл" деп келсе, екінші тобына "Бір көрген", "Естіген", "Көзі көрген", "Ішінде болған", "Ел аралаған", "Бақ ауған", "Жолдан", "Елден", "Жол болсын" есімдері жатады.
Әдебиеттану ғылымында криптонимдерді дұрыс анықтауда біз көп қателіктерге ұрынып жүрміз. Бұл салаға арнайы маманданған адамның тіпті жоқтығынан біреудің шығармасын басқаға теліп қою үрдісі басылмай тұр. Криптоним үлгісімен жасалған Бейімбет Майлиннің бүркеншек есімдері "Б-т", "М-тай", "Б-ж", "М", "М-Б", "Б-М", "Б", "М-й", "М-М", "Б-б-ж", "М-Т" деп келеді. Адамның аты-жөнінің қысқартылып, құпияланып жазылуы «мынау осы кісінікі» дегенге талас тудыратын мәселелер жеткілікті, оны шығарманың табиғатын, жарияланымдардың тарихын жетік меңгерген мамандар аңғаратын болады.
Бейімбет псевдонимдері ерекшеліктерінің тағы бір жарқын мысалы – әдеби кейіпкерлерінің бүркеншек есімге айналуы. "Мырқымбай", "Қара бала" деген аттар осы аттас шығармаларының атауымен және кейіпкерлерімен аталғаны баршамызға белгілі жайт. Автор тарапынан өз шығармасының басқа шығармасынан белгілі бір сипатына байланысты ерекшеленуіне орай қолданылатын есімдерді гетероним деп атайды.
Жазушы шығармашылығында адам мінезіне сай, "Жасқаншақ", "Жуас", "Алакөз", "Шоң", "Нық" деген сияқты ерекше есімдер де кездеседі. Ал уытты да өткір, ащы да ақиқатты сатиралық шығармаларында "Быж", "Мен ғой" деген бүркеншек есімдерді қолданады.
Профессор С.Жұмағұлдың жазуынша, Сәбит Дөнентайұлының «Бәйімбет» бүркеншек есімін Бейімбет Майлиннің «Бейімбет» бүркеншік есімімен шатастырудан бірнеше шығармалар «телқоңыр» сипат алып жүргенін көреміз. Оған «Тұңғыш құрбан» мақаласы, «Адаспаспыз» өлеңі айқын дәлел.
Бейімбет Майлин ең алғашқы бүркеншек есімі – "Шаңқан". С. Мұқановтың естеліктерінде жазушының айтуына сүйене отырып, туған өңіріндегі Аят өзені жағасындағы төбенің атауы деп түсіндіріледі. Уфада оқып жүрген жылдарында «Шұғаның белгісі» қолжазбасы «Садақ» журналында жарияланып шығады, осы шығармаға автор «Шаңқан» деп қол қояды. Аталған псевдонимнің «Алашта»: «Қайғылы қыздың зары», «Еңбекші қазақта»: «Би», «Кедейге», «Бостандық күнінде», «Бай», «Газет ал», «Кедейдің кейістігі», «Күш", «Қараша үй", «Қуаныш», «Қырмызы», «Көшпелі махаббат», «Көшпелі жаппас», «Құла ат», «Қойшы», «Соқа үстінде», «Семей губерниесінде Затон аймағындағы қазақ жұмыскерлері жайынан қысқаша баяндама», «Ұмытқан жоқ», «Ауылда»: «Ақсуаттың жанында», «Ауылнай», «Тілшілер тобы», «Лениншіл жаста»: «Сіз бір аққу, біз лашын», «Әдебиеттану» оқу құралындағы «Қалампыр» деген шығармаларында кездеседі.
Бейімбет – өзіндік қолтаңбасы бар, стилі анық қаламгер. Оны біреумен шатастыру мүмкін емес. Қазақ әдебиетінде бұдан кейін Бейімбеттің шәкіртімін деген бір топ, шоғыр пайда болды. Оның бірі – суреткер Ғ.Мүсіреп болғаны белгілі. Ал жоғарыда біз сөз еткен бейімбеттанудың өзекті мәселелері іс жүзінде шешілмейінше күн тәртібінен түспейді. Бүркеншегі көп жазушының шығармашылығын жаңаша зерделеу ісі де жалғаса береді.
Елдос ТОҚТАРБАЙ, жазушы, зерттеуші: ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгірұлы, Бернияз Күлеев, Сәбит Дөнентайұлы сынды ақындардың қатарында Бейімбет Майлинді де атап өту орынды. Көпшілік Б.Майлинді прозашы ретінде таниды. Алайда талант иесі өз шығармашылығын поэзиядан бастағаны белгілі. Оның түрлі тақырыпқа жазылған өлеңдері терең мазмұн, астарлы ойға бай. Тұңғыш туындыларын «Қазақ» газетінде жариялаған ақын, сол кезде алаш қайраткерлерімен рухани әрі шығармашылық байлыныста болған. Білімпаз тұлға Смағұл Сәдуақасұлы оның шығармашылығын жоғары бағалағаны соның бір дәлелі.
Бейімбеттің ақын ретінде қалыптасуына бірнеше фактор әсер етті. Алдымен оның балалық шағы, жастық дәурені өлең-жырға жақын орта болды. Ол өзінің туған жеріндегі ақын-жазушылардың, сықақшылардың шығармаларын жаттап алуды әдет еткен. Бұл туралы әдебиет зерттеушісі Т.Қожакеев жазады. Әдебиетші мақаласында Бейімбеттің "Көмек" деген атпен белгілі болған ақынның өлеңдерін жинап жаттағанын баяндайды. Зерделі тұлға осылайша сықақшы ретінде қалыптасады. Ауыл адамдары оның өлеңдерін тіпті іздеп оқитын да болған.
Екіншіден, Б.Майлиннің сөз өнеріне деген эстетикалық талғамын биіктеткен, ой-өрісін кеңейтуге ықпал еткен фактордың бірі – баспасөз. Мәселен, «Айқап» журналында бас ақын Абайдың өлеңдері жарияланып тұрды. Өз замандастары сияқты Бейімбет Майлин үшін де бұл үлкен жаңалық болды. Ұлы ақын поэзиясы ақынның білімін өсірді, көзқарасын қалыптастырды. Үшіншіден, ақынның Уфадағы «Ғалия» медресесінде білім алғанын білеміз. Бұл жылдары ол атақты «Садақ» қолжазба журналында өзінің бірнеше шығармасын жариялаған. Бір жағынан осы журналдың шығуына қатысқан еді. Демек, оның ақындық таланты ауыз әдебиетінің үздік мұралары мен Абайдың өлең өрнегінің әсерімен дамыды.
Тоқта, көңілім, жабырқама жабығып,
Жаман өсек қалмасын маған тағылып.
Менің-дағы ойлаған бір халім бар,
Тек жатқам жоқ жалқаулықты жамылып.
Қазақ деген ағайынды елім бар,
Миллионшы байлары бар біткен мал.
Әзірінше әуре боп тұр штатпен,
Оқу-өнер іздер емес, құрымай шар
Бүгін бітсе әуре болған таласы,
Бірлікпенен тынышталса арасы.
Аз-кем жәрдем берілсе де бітпей ме
Надандықтың тәнге салған жарасы.
Сол уақытта мұратына жетерсің,
Жалқаулықты басып-жаншып кетерсің.
Туғаныңның жәрдемдерін ойға алып,
Келсе шамаң, жұртқа қызмет етерсің.
Бұл өлең жолдарында жалқаулық сыналады, халықтың аянышты халі суреттеледі. Дегенмен мұнда оптимистік рух сезіледі. Күндердің күнінде бір жастың надандықтан құтылып, білім-ғылымға қол жеткізіп халыққа қызмет ететіне сеніммен қарайды. Шығармада ағартушылық сарын бар.
Бейімбет Майлин өмір сүрген кезең ағартушылықтың енді қанат жайып дамыған кезеңі. Алайда ескілік пен жаңашылдықтың арасында жол таба алмай қалған халық надандықтың құрбаны болады. Өзі де надан атанады. Бұл жылдары халыққа жол көрсету мұраты зиялылардың қолында еді. Міне, Бейімбет те өз жұртын ғылымға, ілімге бет бұруға үндеді. Поэзиядағы ағартушылық тақырыбы сол кезде өте өзекті болды. «Ыштат» атты туындасында да ақын жаңадан келген тәртіпті сынайды. Көптің ырысы мен құтын қашырған жүйеге кет дейді. Өлеңнен мынадай үзінді келтірсек:
Бірлік пен берекені жойдың тәмам,
Мұныңды сезбей жүр ме білген адам?
Халықтың надандығы арқасында,
Дәуірлеп, дәурен сүрдің біраз заман.
Ақынның поэзиясы қазақ әдебиетінде зерделенбеген тақырып. Біз Бейімбетті тек кедейді жақтаған ақын деп танимыз. Алайда оның өлеңдерінің арасында туған жер, махаббат, білім-өнер тақырыптарына арналған туындылары бар. Бұнда ақындық қуат, сөз шеберлігі, тілдің жүйріктігі, қиялдың ұшқырлығы байқалады. Мәселен, «Елге барғанда» өлеңі туған жердің қасиеті, сұлу табиғаты ерекше жырланады. Мұндай шығармалары қазіргі заманда да өте өзекті, тағылымға толы.
Академик Қ. Жұмалиев Қазақ халқының табиғатына тән әдеби нұсқаларында ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан әзіл, әжуа, күлдіргі әдіс Майлин туындыларынан өзінің өрісін тауып, өрлеген биігіне жетті деп жоғары бағасын берген. Бейімбет шығармаларында, әсіресе, өлеңдерінде күлкі шақырмайтын өлеңдер аз кездеседі. Мысалы, «Құдық басында» атты өлеңін алсақ, қалада бір-екі жыл оқып, еліне оралған Дәмештің киім-киіс, жүріс-тұрысы өмірге ескілік көзқарас тұрғысынан қарайтын ауыл әйелдеріне ерсі. Дәмешке «азған», ата-анасына күйікке біткен бала деп қарайды.
Дәмеш кәдімгі – бұрынғы Дәмеш!
Бұрынғы деуге сияр да емес:
Біз өкшелі бірдеме киген,
Сыртында жылтыр әміркен галош…
Қасын қырқыпты байталдай күзеп,
Ой алдай, десейші, тәп-тәуір қыз ед..
Қауғадай бірдеме «шлап» дейме,
Киеді өңдеп, өзінше түзеп.
Ұн жаққан бетке, ерінде бояу
Азған адамға амал да жоқ-ау…
Жай ғана диалогқа құрылған соң үзіндінің өзінен-ақ оқымаған ауыл әйелдеріне, дұрысырағын айтсақ, әйел халқының көпшілігіне тән мінез-құлықтарды өте шебер түрде күлкі етеді. Ондай кісі күлерлік мінезден Дәмештің өзі де құр емес. Ақынның қырағы көзінен ол да қаға берісте қалып қоймайды.
Дәмеш: «Уа, дариға, қашан теңелер!
Мәдениет орнап қашан кенелер!»
Бетіне ұнын бір жағып алып,
Бір болар, – деді , – көне бер!»
Қандай тамаша поэтикалық контраст? Алдыңғы екі жолдағы үлкен мақсат, аңсаған арман, жақсы ниеттерді, соңғы екі жолдағы мещандық әрекет пен салқын төзімділік оның алғашқы сөздерін жоққа шығарады. Бұл эпизодтардың екеуінде де күлмей қала алмайсың. Ақиқатында, Бейімбет Майлиннің поэзиясы уақыттың сұранысына, заман талабына сай келген, жаңа советтік қоғамның елең-алаңындағы қазақ тұрмысын реалистік тұрғыда ашық әрі анық көрсеткен бейнелі, екпінді сипаты басым туындылар санатына жатады. Ақын Абай тудырған дәстүрлі қара сөзбен суреттеу арнасының өз иірімі бар толқыны десек қателеспейміз. Мәселен, Бейімбет ауыл тақырыбын жырлаудың қайталанбас үлгілерін салып, өз қолтаңбасын айқындап кеткен ақын.
Б.Майлин шығармашылығының кесек саласы – поэмалары. «Рәзия қыз» (1920), «Маржан» (1923), «Сағындық» (1927), «Қанай» (1928), «Досалыдан бір дастан» (1931) поэмаларында қазақ әйелдерінің бас бостандығы, ұлт-азаттық қозғалыс, кеңес үкіметінің орнауы бейнеленген.
Ақынның алғашқы поэмасы «Байдың қызы» ғашықтық, махаббат сезімі, опасыздық сияқты құбылыстарды арқау етеді. Поэмада жас арудың жараланған жүрегі, қайғы-мұңы мен үміті, намысы мен ызасы әсерлі берілген.
«Қашқын келіншек» поэмасы трагедиялық сюжетке құрылады. Әдебиетімізде көп жырланған қыз тағдырын саулдаға салу, мал алу, қызды еріксіз сүймегеніне қосы сияқты дәстүрді сынайды. Поэманы даралайтын қасиет көркем тілімен бірге мұндағы жаңалық шешім – келіншектің өз тағдырына бойұсынып, қайғымен мерт болмай, батыл әрекетке баруы, әділетсіздікке қарсы күресуі еді. Аңсаған бақытына, қоғамдағы әділдікке жете алмаған қыздар трагедиясы «Рәзия қыз» бен «Маржанда» бұрынғы осы тақырыптас шығармаларына қарағанда кеңірек жырланады. Кейіпкерлер образының даралануы, келісті мінездемелер, диологтар мен ішкі монологтар екі шығарманың да әсерін арттыра түскен. «Қанай», «Кемпірдің ертегісі», «Досалыдан бір дастан» поэмалары өткен күн қиындықтарын еске алу дәстүрімен жазылған. Жас ұрпаққа өткеннен сабақ алуға, келешекке сеніммен қарауға үгіттейді.
ХХ ғасырдағы жаңа өмірдің құбылыстарын жырлаған Б.Майлин поэзиясының тілі орлымды, оқуға жеңіл, ұғымды, оқиғасы қарапайым өмірге жақын болуымен оқырманға жақын. Ақын асқақ сөзге, пафосқа ұмтылмайды. Оның шығармаларында халықтың ұлттық танымы, мінезі шынайы көрініс табады. Сонымен қатар, Б. Майлин поэзияға идеялық-стильдік жаңалық, мазмұндық өзгеріс әкелген тұлға.
Айнұр Төлеу,
әдебиеттанушы, мифолог: Б.Майлин шығармасынан неліктен мифтік тін іздедік? Осыған тоқталайық. Тақырыпты көргендер, бірден "Бейімбет мистик емес қой, оның шығармашылығының өзегі мифке негізделмеген" деген уәж айтуы мүмкін. Ол үшін миф және мифтік шығармалар бізге не үшін қажет екеніне аз-кем уақыт бөлуіміз керек. Мифтік ойлау мәдениеті ең алдымен культтерді қалыптастырды. Ал адам культ негізінде ойланады. Культ – адамды көмкеріп тұрған үлкен таным. Бейімбеттің заманында культтер қақтығысы жүріп жатты. Осы процесті ол шығармасына дер кезінде енгізді. Мәселен, «Шариғат бұйрығы» деген әңгімесіндегі Кәрібай молданың образын алайық. Кейіпкер "дұғаны бірнеше рет қайталап оқысам, кесенің түбіне сиямен ішірткі жазып, соны ішсем дұшпанымды жеңемін" деген тоқтамға келеді. Бұл әдеткі оқырманға күлкілі, дүмшелік пен надандықтың элементтері болып көрінеді. Ал, өз кезегімізде біз Кәрібайдың бойынан типтік образ көреміз және бұл образдың әлі күнге дейін бар екенін байқаймыз. Тұмар жазу, су оқып ішу, құран кітап арқылы өзіне араша іздеу – бұның барлығы мифтік шығармаларда болатын сюжет.
Әсілінде, соңғы зерттеулер шығармалардың этнографиялық өзегін, антропологиялық арқауы мен мифтік тінін міндетті түрде қарастыратын болған. Себебі осы үш компонент арқылы ғана шығармадан өз заманы мен кейіпкерлердің сана пішімін, болмысы мен характерін айқын бақаймыз. Айталық, біз тілге тиек еткен «Шариғат бұйрығы» деп аталатын шығармада мынадай жолдар бар: «Құдай берер- ау, бірақ жұрттың бейілі түзелмей жүр ғой. Жұрттың бейілі түзелсе, береке кірер еді.» Осы сөйлемдегі "береке кіру", "бейіл түзеу" – тікелей мифология зерттейтін тіркестер. Бұл кеңістіктегі өзгерістер мен құбылыстарды байырғы таныммен қабылдау. Бұл таным бүгінгі қазақтың түпсанасында әлі күнге дейін бар. Бұл танымның ең алғаш рет әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» деп аталатын трактатында хатталғанын білеміз. Яғни ниет пен бейіл категориясы, табиғатқа не берсең, соны қайтарып алу танымы Бейімбет шығармаларында да көптеп кездеседі. Осы көркемдік әдіс арқылы жазушы өзі өмір сүріп жатқан қоғамның кейіпкерлеріне бір-бір ескерткіш тұрғызып кетті. Осы шығармадан тағы бір сөйлем мысалға келтірсек: «Тынық суда емін-еркін жүзіп жүрген үйректер Кәрібай молдадан сескенгендей сол тыныштықты бұзғандыққа лағнет оқыған секілді». Ал осындағы "лағнет оқу" деген тіркеске тоқталайық. Қазақтың ұлттық танымы мен культтерін ұқпайтын басқа оқырман дәл осы тұсты түсінбеуі мүмкін. Неге үйректер лағнет оқуы мүмкін? Себебі ұлттық танымда су мен нудың, аң мен құстың обалы болады деген категория бар. Бұл тұрғыда обал, сауап және кие мотиві алдыға шығады. Жазушы құстың тыныштығын бұзуға болмайды, оның обалы бар, киесі ұрады деп отырмайды. Бейімбет онсыз да қысқа жазудың шебері. Ал, қысқа жазу дегенміз – ықшамдалған ойлар ғана емес, ол оқшау-оқшау, кесек-кесек жүйеленген идеялар. Ал, идеяны сығымдап, бірақ түсінікті әрі көркем етіп жеткізу шебер жазушының ғана қолынан келмек.
Мифтік танымды қолдануда әрбір қаламгердің өзінше тұжырымдауға хақы бар. Бірақ мифті ойдан шығаруға келмейтін, асқан шебер логиканы қажет ететін күрделі көркемдік әдіс деуге болады. Оның себебі, миф жасау үшін сандаған ғасырлар керек. Мифтің өзегі, діңі болады. Мәселен, жазушы өздігінен отырып қоянды батыр етіп көрсете алмайды. Қанша тырыссаңыз да, қоян – адамзат танымының елегінен өтіп "қорқақ қоян" деген тұрақты эпитетке тоқтаған образ. Осыған сәйкес "біз қояннан тарағанбыз, түпкі атамыз қоян екен" деп тіпті де оқырманды нандырып көруге тырысудың қажеті жоқ. Ал қасқыр тотемі біздің бабалардың санасына қанша ғасырда сіңісті болды, сол жануардың болмысы жауынгер халықтың танымына ұқсай ма? Міне, бұл басқа мәселе! Демек, миф – кристалдары тығыз орналасқан, қателесуді көтермейтін күрделі жанр. Бүгінгі қоғамда орын алып жатқан мәңгүрттік проблеммасының ең басты себебі өзіне дейінгі ұлттық танымдарға бойлай алмағандықтан деп есептеймін. Сондықтан Б.Майлин прозасын зерттеп, ондағы ұлттық танымдарды талдау – бүгінгі ғылымның кезек күттірмес өзекті мәселесі.
Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы: Өткен ғасырдың бас кезінде қатарластары сяиқты Бимағамбет Майлы да бірнеше жанрда өнімді еңбек етті. Болмысы бөлек, табиғаты тосын қалам иесі драма жанрына да дендеп еніп, драматургия қоржынын «Шаншар молда», «Ауыл мектебі», «Неке қияр», «Амангелді», «Көзілдірік», «Талтаңбайдың тәртібі», «Жасырын жиылыс», «Келін мен шешей», «Протокол», «Майдан» сынды сүбелі туындыларымен толықтырды. Би-ағаңың басқы тақырыбы – өзі жетік білген, әр қырынан зерттеп-зерделеген ауыл адамдарының мінез-құлқы, басынан кешкендері, уайымы, қайғы-мұңы, наласы, өкінішке толы өмірі. Ол жекелеген жандар тіршілігіндегі елеусіздеу нәрседен уақыттың үнін, тарихтың бүлк-бүлк еткен тамыр соғысын сездіреді, кішкене ғана уақиғадан үлкен мәселе тудырып, шешу жолдарын ым-ишарамен білдіреді. Автор аз жыл ішінде-ақ ірілі-ұсақты 20 пьеса жазған екен. Бейімбет прозасына тән ажуа, мысқыл, әзіл-сықақ, күлкі, сарказм, гротеск пьесаларына да көшкенін байқау қиын емес. Оның қолданысындағы мұндай көркемдік әдіс-тәсіл саналы ғұмырында көрген-түйгенінен, бай өмірлік тәжірибеден жиналған деп есептейміз. Айталық, Би-ағаңның «Талтаңбайдың тәртібі» – айтар ойы айрықша, отызыншы жылдар ойранына арналған драма. Жанбол, Ақсүйрік, Қамза, Жұпар, Қайдарлар сол уақиғаның бел ортасында белсеніп жүреді. Куба жазушысы Алехо Карпентьер «саяси романдардың» ірі өкілі болса, ал «Талтаңбайдың тәртібі» ‒ саяси қатпары қалың комедия. Бейімбет – шығармасы мен әдеби қаһармандарына ат қойып, айдар тағудың нақ шебері. Себебі, қаламгер Талтаңбай Талтаңбаев сырқынды комитрагизмге негізделген образ арқылы жүгенсіз жүйеге, билікке соққы берген. Біздіңше, Бейімбет Гоголь мен Чеховтан біршама нәрсе, нақтырақ айтсақ техника, күлкілі ситуациялар тудыру, сюжет құру, характерлерді қоюландыру, жинақтау, оны типаж деңгейіне жетелей-жеткізу жағын мастер-маэстролардан керемет үйренген-ді. Би-аға – психолог жазушы. Ол образдардың пішін-пошымын ғана емес, жан-дүниесін, ой-арманын да ашып тастап отырады.
Қос бөлімнен бас құраған «Неке қияр» да ‒ автордың айтулы пьесасы. Мұндағы әр әдеби қаһарман ‒ бір-бірін қайталамайтын, өз функциясын толықтай атқарып тұрған дара, индивидуал. Қаламгер олардың лексиконын, синтаксисын дүниетанымына, көрген-түйгеніне қарай жұмсаған, барынша нанымды шығуын көздеген-ді. Бұл туынды – күні бүгінге шейін қазақ әдебиетіндегі сәтті шыққан озық үлгілердің бірі. Ол өз кейіпкерлерінің мінез-құлқын түзуде шеберлік танытып, соның арқасында манағылар мән-мазмұн тұрғысынан ірілене, өзгелерден өркештене түскені анық. Өйткені, драмада қазақтың сана тұрғысынан өсуіне кедергі келтірер түрлі сипаттағы факторлар, ұлт бойындағы жағымсыз мінездер алдыңғы планға шыққан. «Неке қиярда» бас еркіндігі үшін қоғамға, қалыптасқан жағдаятқа қарсы күрес ашқан Зəуредей қызғалдақ-қыздың образы сомдалған. Ал, сондағы антипод – Ылаңбай ‒ қу, арғы-бергіні сорпаша сапырып жүретін жағымсыз, сүйкімсіз, жұғымсыз жан.
«Майдан» ‒ тек қарымды қаламгердің ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің қоржынын қампайтқан тарихи негізі бар драма. Оның алтын арқауы ‒ коллективизацияның алып келген зардабы, қайғы-қасіреті. Қолдан жасалған сайқал саясат кесірінен халықтан маза қашады, бей-берекетсіздік басталады, ретсіздік-хаос орнайды. Нәтижесінде, Карл Маркс айрықша айтқан «әлеуметтік класстарға» бөліну науқаны белең алып, ұлттың ұзақ уақыт бойы тарихи-эволюциялық жолмен қалыптанған пласты айтарлықтай күйреп, аса қажетті делінген көптеген құндылықтың жойылуына жол ашады. Бұл ‒ Алаш тауарихындағы ауыр да алмағайып-аласапыран кезеңдердің бірі.
Елімізде Гүлсина Мерғали, Дәурен Серғазы, Дина Жұмабай, Данияр Базарқұл, Ерлан Кәрібай, Есләм Нұртазин, Айдын Салбан, Фархадбек Қанафин, Рүстем Жаныаман, Фархат Молдағали, Әридаш Оспанбаева, Әділет Ақан сияқты талантты режиссерлер шоғыры қалыптасты. Қуанышты, әрине. Айтайын дегенім, Би-аға бүгінгі көрермен талап-тілегін ескере келе жаңаша режиссерлық интерпритацияны қажет ететіні шындық. Мәселен, режиссер бай-дәулеттіні – банкирге, пысықайды – директорға, колхозды – фазендаға, көпесті – коммерсантқа айналдыра сахналаса, шығарма әлдеқайда өтімді болар еді. Бұл – Бейімбет драмаларын оқырманға оңаша формада берудің тетігі, оны құбылта-құлпырта ашу, мазмұнына терең үңілу, сол дәуір мен қазіргі заман арасын байланыстыру, параллель жүргізу, бүгінгі технократтық, информакраттық рухта тәрбиеленген ұрпаққа жазушыны жаңаша қырынан көрсету, ұтымды ұсыну деп білген абзал. Тек болмашы бояу, реңк қана өзгереді, түпкі идея қалады. Алайда, Б.Майлыда өзгермейтін, мызғымайтын бір дүние бар, бұл – адам, яғни оның мінезі, табиғаты, өмірі. Демек, классик драматургиясы мәңгілігінің сыры да – осында. Өз басым жазушы-драматург ретінде Би-аға прозасының инценировкасын жасау барысында минимализм, локонизм, қос дәуір арасындағы канон-конституцияларды, драма конструкциясын ескергім, ондағы құндылықтарды өзгеше қырынан алып шыққым бар. Мәселен, Ринат Ташимов деген арғы тегі татар, бірақ Ресейде тұратын драматург Чехов юморескалары негізінде комедия жазып шықты. Қазіргі таңда жаһанның жалпы-саны 30 театрында қойылып жүр. Мен де Бейімбеттің бір-бірімен мазмұндас әңгімелерінің басын қосып, пьеса жазып шыққым келеді. Соны өз деңгейінде аудартып, шетелге шығарсақ, бұл да қазақ әдебиетіне қосылған үлкен олжа болар еді деп ойлаймын.
Әзірлегендер:
Жандос Жүсіпбек,
Қасқырбай Қойшыманов