Тапқыр болсаң, озып көр!
Облыс орталығындағы Ғ.Қайырбеков атындағы №9 орта мектепте бастауыш сынып оқушылары арасында «Атажұрт» этно-географиялық зияткерлік сайысы өтті. Тапқырлық байқауында қаланың 11 білім ордасының оқушылары бақ сынады. Ұйымдастырушы оқу орнының директоры Әсемхан Молдахалықов өскелең ұрпақтың бойында салт-дәстүрді сақтауға, ана тілінде еркін сөйлеуге баулу негізгі мақсат екенін атап өтті. Айта кетейік, былтыр осы сайысқа қаланың 7 мектебінің оқушылары қатысқан екен.
-Халқымыздың мыңдаған ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар, тарихи шежірелер мәдиниетінің ұлттық рухани-танымдық, тұрмыстық-әлеуметтік асыл мұраларының қазынасын жас ұрпақтың сана-сезіміне сіңіру, олардың ой ұшқырлығын, ойлау қабілетін дамытумен қатар, біздің мектептің атымен аталатын көрнекті ақынымыз Ғафу Қайырбековтің шығармашылығымен таныстыру, насихаттау – басты мақсатымыз, – дейді №9 орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Меңтай Ерғалиева.
Ойын алты кезеңмен өтті. Бірінші айналым «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» деп аталып, командалардың топ аты, ұраны, эмблемасы қорғады. «Өткел» деп аталатын екінші кезеңде ұлттық салт-дәстүр, ел тарихы туралы қойылған сұрақтарға «Ұлы дала ұланы» тобы , «Мәңгілік ел қыраны» тобының оқушылары тосылмай жауап беріп жатты. «Жерұйық» деп аталатын 2 бөлімнен тұратын үшінші кезең «Тұлғаны тану», «Картография» салаларына бағытталған. Онда Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Спандияр Көбеев, Бейімбет Майлин, Бауыржан Момышұлы, Ғафу Қайырбековтің өмірі, қызметі, шығармашылығы талданып, тарихи даталарға саяхат жүргізілді. Төртінші кезең – «Белес». Мұнда қатысушылар топқа бөлініп, қойылған сұрақтардың жауабын дұрыс тауып, жаза білу керек. Бесінші «Латын оқып үйренейік» деп аталатын айналымда әр командаға латын әліпбиі берілді. Сол әліпбиге негізделе отырып, берілген дайын сөздерді оқып береді. Соңғы кезең – «Ғафу шығармашылығына саяхат». Мұнда оқушылар ақынның шығармашылығына шолу жасап, өлеңдерін жатқа айтып беру керек.
Ойын өте қызықты әрі тартысты өтті деуге болады. Бір айта кетерлігі, кейбір мектептің оқушылары ұлы аталарын танымай, бір-бірімен шатыстырып жатты. Мәселен, Ахмет Байтұрсыновүлының шығармашылығы туралы білмейтін оқушылар да бар.
Жарыстың аты – жарыс. Білім додасына қатысып, қаладағы 11 мектептің арасынан №24 мектеп-гимназияның оқушылары ерекшеленіп тұрғанын айта кету керек. Ойын қорытындысы бойынша №24 мектеп-гимназияның «Ұлы дала ұланы» жеңімпаз атанды. Екінші орынды Ғафу ақын мектебінің «Мәңгілік ел қыраны» тобы иеленді. №17 орта мектебінің «Болашақ» тобы мен №15 орта мектебінің оқушыларынан құрылған «Шапағат» тобы үшінші орынды өзара бөлісті.
Ш.АҢСАҒАНҚЫЗЫ