«Аманаттың» жауапкершілігі зор

Құрылғанына бір айдан енді ғана асқан «Аманат» азаматтық платформасы осы аралықта атқарған қызметін қорытындылап, баспасөз жиынын өткізді. Азаматтық платформаның негізгі міндеті – алдағы сайлауға мониторинг жүргізу. Айта кетейік, қазіргі таңда аталған үкіметтік емес ұйымның Қазақстан бойынша штабтары жұмыс істеп тұр. Біздің өңіріміздегі бөлімді қоғам белсендісі Динара Өтебаева басқарады.
dav

dav

Штаб жанында құрамында ғылым докторлары мен кандидаттары, қоғам белсенділері бар 9 адам, бұлардан бөлек 35 мобильді капитан және 761 бақылаушы жұмыс істейді. Платформа құрылған күннен бастап отыздан астам шара өткізіліпті. Штаб басшысы сайлау алдындағы негізгі бес бағытты атап берді:
– Бірінші бағыт – «Әзірлік», яғни, сайлау учаскелерінің саяси науқанға қаншалықты дайын, сайлаушыларды қабылдауға әзір ме, тізім толық бар ма, осыған мониторинг жасаймыз. Екінші бағыт – «Хабарлар болу», сайлаушылардың, әсіресе, дауыс беруге алғаш рет қатысатындардың сайлау туралы заңнаманы қаншалықты білетіні, олардың құқығының бұзылмауын бақылаймыз. Әр сайлаушы өзінің сайлауға қатысу туралы құқығын жетік білу керек. «Адалдық» бағыты дауыс беру науқанын бақылайтын процесс. Біз осы күні сайлау учаскелеріндегі науқан барысын толық бақылап, ол жайында халықты хабардар етуіміз керек. Аймағымызда 761 ашық сайлау учаскесі бар екенін ескерсек, әр учаскеге бір ерікті бақылаушыдан келеді. «Диалог» бағыты барлық тараптардың пікірін ескеріп, ашық дискуссия алаңын қалыптастыруға жол ашады. Бесінші бағыт – «Сенім», мемлекет және қоғамның құрмет пен сенімге тең қол жеткізуі. Бұл бағыт бойынша Фейсбук, Телеграм, Инстаграм, Туиттер, Ютуб әлеуметтік желілері мен каналдары кең мүмкіндік ашады. Азаматтар бұл желілерге қоғамдағы түйткілдерді пікір жазу арқылы қалдыра алады, – деді «Аманат» азаматтық платформасы облыстық штабының жетекішісі Динара Өтебаева.
Ұйым мүшелері бүгінгі уақытта барлық сайлау учаскелерін аралап шығыпты. Сонымен қоса, барлық президенттікке үміткерлердің штабтары мен сенімді өкілдерімен кездесіп қайтқан. Әзірге ешқандай заң бұзушылық немесе өрескелдік байқалған жоқ дейді олар.
Соңғы уақытта Ватсап мессенджерінде ел арасында дүдәмал тудырған видео тарап жүр. Бейне жазбаға сенсек, қағаз бетіне түскен қалам ізін өшіріп тастауға болады. Осындай қаламдар сайлау учаскелеріне қойылады-мыс. Және ұйымдастырушылар дауыс беру аяқталған соң бюллетеньдерді санау кезінде «жеңімпаз кандидаттың» пайдасына бола сайлаушының белгілеген таңбалауын өшіріп тастайды. Біз осы жөнінде саулымызды қойып едік.
– Бұл фейк. Ол видеоны қарадық. Біздің негізгі міндетіміз де сайлау заңының бұзылмай, саяси науқанның ашық әрі әділ өтуіне бақылау жасау. Сол себепті, ондай сиясы өшіп қалатын қаламдардың болуы мүмкін емес, – деді азаматтық платформа мүшесі Валерий Вишниченко.  
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓