Жетістік біліктілер қолында
2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасын жүзеге асырудың басты тетіктерінің бірі – ТКШ-ны реформалау және жаңғырту бойынша кешенді іс-шаралар өткізу. Нақтысында, заманауи энергия үнемдеуіш технологиялармен қаму, тұрғын үй қорын дамыту, жөндеу және термомодернизациялауға ден қойылуы қажет. Бұл үшін білікті кадр, оны даярлайтын курстар көп болуы керек.
Аталмыш бағдарламаның мақсаты мен міндетін толық түсіну, іске асыру мақсатында Қостанай қаласында "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында санаттылық көтеру" курсы өтті. Қалалар мен аудандардағы ПИТК өкілдеріне арналған курсты "Tanpira" ЖШС компаниясы ұйымдастырды. Ол қатысушыларға қолайлылық тудыру үшін 3, 5 және 10 күндік болып, әртүрлі кезеңге бөлінді. Айта кеткен жөн, курсқа жергілікті атқарушы орган мамандары, қызметтері тұрғын үй шаруашылығымен тығыз байланысты қоғамдық ұйымдардың өкілдері шақырылды.
Курсқа қатысушылар лекциялар тыңдап, теориялық білім алып, шеберлік сабақтарынан өтті. Практика жүзіндегі оқуларға қатысып, экскурсия жасады. Тыңдаушылар курс барысында бірнеше нысанды аралап үлгерді. Айталық, заманауи технологиямен жабдықталған, қалада саусақпен ғана саналатын "Ақылды үйлерге", ҚЖЭК-тің №2 "Оңтүстік" қазандық цехына, "Шанс" ЖШС кәсіпорнына барды. Бұл нысандарда энергия үнемдеуіш технологияның қолданылуын және күн батареяларының жұмысын көруге болатын еді. Қатысушылар көзбен көріп, құлағдар болып қана қоймай, тың технологияның "тілін үйренуге" тырысты. Лекторлар "Тұрғын үй ғимараттарында энергия үнемдеу: энергия үнемдеуіш технологияны тиімді басқару әжен қолдану", "Тұрғын үй шаруашылығындағы энергия менеджменті, энергия аудиті және энергия үнемдеу" мәселелерін ортаға салып, тақырыптар бойынша тапсырмалар орындатты. Курсқа қатысушылар саланың сан қырынан сабақ алып шықты деуге болады.
Осылайша, кәсіби біліктілігін көтеруге келген қатысушылар курсқа асқан қызығушылықпен қатынасты. Тартымды, нанымды, ұғынықты мультимедиялық материалдар мамандардың машығын арттыруға себепкер деуге болады. Жарықтың жылдамдығымен дамып жатқан инновациялық технологияға ілесіп отыру, көштен қалмау үшін мұндай көмекші курстар әлбетте қажет. Бағдарламаны жүйелі жүзеге асыру үшін ең әуелі кадрлар барынша білікті болуы шарт. Болашақ мамандарға жас күнінен сабақ берілсе игі. Курс аясында бүгіннен бастап колледждер мен ЖОО-ларда ТКШ кадрларын даййындау үшін инженерлік, басқарушылық бағыттағы мамандықтарды, сондай-ақ, ТКШ және құрылыс Академиясын ашу ұсынылды. ТКШ саласы мамандарын даярлау жүйесін жетілдіру қажет екені де талқыға салынды.