БЕРЛИНГЕ дейін жеткен…

Сонау 1943 жылдың көктемінде  Жанкелдин  ауданының  бұ-рынғы Албарбөгет, бүгінгі Тәуіш ауылынан он жігіт бірге соғысқа аттанған. Жауынгерлер 1943 жылғы 9 сәуірде майдан отының ортасына тап болады.

Ленинград  қаласының  қоршауда қалған кезінде бұл әскерлер 1944 жылдың 1 қаңтарына дейін Колтын қаласының жанындағы Октябрь темір жолының бойын қорғаған. Ленин қаласынан жеті шақырымдағы Урицкий қаласына бекініс жасап, 14-ші қаңтар күні таңғы сағат бесте артиллериядан шабуылдайды. Бес күн бойғы шайқаста жау қолы жеңіліс табады. Қашқан жаудың ізіне түсіп, алтыншы ақпанда Эстонияның  Нарва қаласын ша-буылдаған.  Миллионға  жақын халқы бар Нарва қаласын алу оңайға соқпаса керек. Миномет батареясынан он бір адам ауыр жараланады. Соның ішінде Ділдәбек Байменов, Байғали Маженов оққа ұшса, Аманкелді ауданынан Сұрша Жүсіпов жараланды. Осы кезден бастап дивизия Ленинград майданынан шығып, ІІ Белорусь майданына аттанады.

Имекенов Кәжен ағамыз майдан шебінде жүріп, ұрыс қимылдарын қалт жібермей қалтасындағы дәптерге жазып отырған. Өз ісіне тиянақты азаматтың қолжазбасында ерекше бекініс туралы баяндалады. Бұл бекіністің басты ерекшелігі екі өзеннің арасында, таулы-тасты, өзенді сай-салалы жер болған. Немістің ірі әскери әуе базасы осы жерде орналасқан. Деректерде осы қамалды алмай Берлинге шабуылдау мүмкіндігінің жоқтығы жазылған.

Имекенов Кәженнің  өз қолымен жазған естелігінде Берлинге шабуыл туралы былай делінген: “І Белорусь майданының ұзындығы 100 шақырым, ені 20 шақырым. Осы бағытпен 24-ші сәуір күні  таңғы сағат төртте  шабуыл басталды.

Ай қараңғы еді, прожектор жер бетін күндізгіден де жарық  қылды. Алып танкілер мен бомбалардың даусынан қара жер қақ айырылып кетердей күй кешті. Солдаттарда қорқу, қаймығу, үрейленудің бірі де жоқ. Шабуыл кезінде ел-жұрт, туған жерді ойлауға шама жоқ. Бар тілегіміз – жеңіске жету. Дамылсыз атысқа шыдамай 120 мм  минометіміздің стволы  қызыл шоқ болып кетті. Атуға жарамаған соң  жарты сағат сайын суық су құйып, суытып пайдаландық.  Алты сағатқа созылған ұрыстан соң жау қашты, біз қуа жөнелдік. Даланың сау тамтығы қалмаған. Топыраққа дейін бықсып жатты.

Одер өзені мен Берлин қаласының арасы алпыс  шақырым.  Осы екі арада өртенбеген зат жоқ. 29 сәуір күні Берлиннің түбіндегі Шпеере өзеніне келдік. Көпірден өтіп Берлинге кірерде күшті ұрыс болды. Сол көше соғысында  екі мәрте Совет Одағының  Батыры атанған  полковник Кирчетов  ерлікпен қаза тапты (аталған батырдың ерлігі “Берлинге шабуыл” деген кинода  көрсетіледі. Ш. Б.)”.

Жауынгер Кәжен Имекенов полк командирі Волковпен, саяси бөлім бастығы Иващенко, полк командирінің орынбасары Мыльников, қазақ жігіттері Әлібек, Дәкеш, Бүркіт, Ислам, торғайлық  Жұмашай Ашенов, Досмадияр Досжанов, Қадырбек Сейдалин  сынды азаматтармен бірге 1945 жылдың 2 қыркүйегінде елге оралады. Кәжен  Имекенов  соғыстағы ерлігі үшін екі рет “За отвагу”, бір рет “За боевые заслуги”, және басқа медальдармен наградталған.

Кәжен ағамыз соғыстан елге аман оралған соң алғашқы туған қыз баласына Нарва үшін бол-ған соғыста қаза тапқан достарының құрметіне Нарва  деп есім береді. Соғыстан кейінгі жылдары Қажекең аудан көлемінде  жауапты қызметтер атқарып, 1964 жылы  зейнеткерлікке шыққан. Саналы ұрпақ тәрбиелеген ағамыз 1989 жылы дүниеден озды.

Шөптібай БАЙДІЛДИН.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓