Мұнара сағаты жаңарады
ТКШ және жолаушы транспорты мен автокөлік жолдары бөлімінің мемлекеттік сатылым қорытындысы бойынша "ГеоЛайн" ЖШС-мен келісім-шартқа қол қойылды. Яғни Байтұрсынов көшесіндегі 55-үйдің сыртына диаметрі 2000 мм болатын мұнара сағаты орнатылмақшы.
Қазіргі уақытта қызмет көрсетуші тарап ескі сағат құрылғысын қайта қалыпқа келтіру жұмысына кіріскен. Сағаттың сыртқы көрінісіне аса көп өзгеріс енбейді. Циферблаты полимерлік материалдардан әзірленіп, сан сурерінің және тілінің түсі қара болады. Сағат механизмі Санкт-Петербург қаласының тапсырыс берушісінің эскизі бойынша әзірленді. Нақ қазіргі уақытта циферблаттарын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сағаты бар мұнара қаланың бір символы болып қалыптасқаны тұрғындардың бәріне аян. Түнгі уақытта жанып тұратынын да барлығы білер. Жаңа сағатты да жарықтандыру мәселесі қарастырылып қойды.
Келісім-шарт бойынша бұл жұмыс осы жылдың сәуір-тамыз айлары аралығында орындалмақ. Ал, нақтысын айтқанда, егер жұмыс адымы ширақ болса, нысан 1 маусымда тәмамдалуы керек.
Суретте: Мұнара сағатының нобайы