Майлинге лайық мектеп
Бүгін Тобыл өңірінің жұртшылығы үшін «ақ түйені қарны жарылған күн». Жазда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Таран ауданына қазақ әдебиетінің біртуары, даңқты жерлесіміз Бейімбет Майлинның есімі берілсе, енді міне, Рудныйдағы №7 мектеп-гимназиясы да Би-ағаның атын иеленіп отыр. Тарихи сәтке орай қарашаңырақта бірнеше тағылымды іс-шаралар болып өтті.



Айта кетейік, Қостанай облысында бұған дейін тек Арқалық қаласы мен Бейімбет Майлин ауданында Би-аға атында мектептер болды. Енді жерлесіміздің 125 жылдығы қарсаңында бұл тізім толыға түсті. Сонымен қатар, биыл кеншілер қаласының жеке тұрғын үйлер аумағында орналасқан Майлин көшесіне бұрын-соңды болмаған тас жол төселгендігі қуантады.

Шарада қаламгердің ұрпақтары да өз заманының барша ауыртпалықтары мен асыра сілтеушіліктерін айнытпай, сол қалпында суреттеген Бейімбеттің шығармаларын жіктеп-жіліктеу үшін жіті көз, зерек ақыл, байқампаз ынта қажет екендігін алға тартты. Осы тұста оқушылар мен ұстаздар қауымы Би-ағаның әлемінің құпия-сырын зерттеуге өз үлестерін қосатындығына сенім білдірді.
Одан әрі қонақтар мектептің кіреберісінде жайғасқан «Бейімбет әлемі» интербелсенді алаңын аралады. «Үш бәйтерек» таныстырылымы, «Жас робототехниктер» ізденіс-жобалары, үш тілдегі «Бейімбет Майлин ғұмырнамасы», «Өмір шындығынан өріс тапқан қаламгер» кітап әлеміне шолу, «Шебердің қолы ортақ» көрмесі, «Ақын көкжиегі» лепбугі. Мазмұны терең алаңшалардың қай-қайсысын алып қарасаң да, ұйымдастырушылардың тақырыпты ашуға деген зор талпыныс пен үлкен ізденіс жатқандығын аңғарасың.

Ал «Би-ағаның ғұмыр жолы» портреттік сағаты, «Қазан доп» ұлттық ойыны мен «Бейімбеттану» зияткерлік-блиц турнирі көздері бал-бұл жанған оқушылардың жазушыны танып-білуге деген шынайы қызығушылығын арттыра түскені анық.


Іс-шараның соңы «Арқаның саңлағы – Бейімбет» атты брифингке ұласты.
Толық нұсқасын газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ