Менің мамандығым
Әр адам бала кезінен бір мамандықтың иесі болуды армандайды. Мен де бала кезімде әртүрлі маман иесі болғым келді, бірақ өсе келе, сана- сезімім ұлғая келе, ұстаздықты қаладым. Бұл таңдауыма әсер еткен әкем, себебі ол нағыз тарихшы сияқты еліміз бен ондағы тұрған халықтың бастан кешкен оқиғалары туралы ертелі-кеш қызықты әңгіме айтушы еді. Біз әкемізді жалықпай, ұйып тыңдап, кейде көкейіміздегі сұрақтарды жаудыртып сұрап жататынбыз.
Міне, осындай тарих мектебін өткен мен өзімді болашақта тарихшы ретінде ғана елестете алдым. Бірде әкемнен тарихшы ол кім деп сұрағанымда, ол:
– Тарихшы елінің өткенін зерттейтін, ондағы халықтың өткерген өміріндегі оқиғаларын, олардың болу себептерін ашады. Жас ұрпақты сол елдің және өзге де елдің тарихымен таныстырады. Өйткені, қызым, елінің өткенін білмеген адам, оның болашағын құра алмайды.Тарихшы өткен мен болашақты байланыстырушы тұлға,-деп жауап берді. Міне, осылай, тарихшы мамандығын таңдап, мектепте ұстаз болуға бел будым.
Әрине, тарихшы болу оңай нәрсе емес. Бұл мамандықтың егжей-тегжейлі жұмыс түрлері толып жатыр. Жаңа ақпарат алу үшін талай рет кітапханаларға , архивтерге, көрмелерге бару сияқты, тіпті басқа елдерге саяхат жасауға дейін тура келеді. Бірақ осының бәрі мен үшін қызық дүние, жұмбақ дүниелердің сырын ашып, оларды оқушыларға паш ету – үлкен бір ғанибет. Тарихшының міндеті- түрлі ақпарат көздерінен мәлімет жинап, талдау жасап, одан қорытынды шығарып, сауатты түрде баяндау. Адамды ертеден-ақ ежелгі халық өмір қызықтырды. Сонау ежелгі ғасырларда ең тұңғыш тарихшы Геродот өз бетінше халықтың өткен өмірі жайлы материал жинап, оны зерттеп, рет-ретімен әңгімелеген. Ол өткен өмірдегі болған тарихты сол күнмен салыстырып, байланыстыра білген. Адамзатты әрдайым өзінің тарихы қызықтырған, себебі ол – ғажап әлем. Сол ғажап әлемде еріксіз өзіне тартатын күш бар деуге болады.
Адам өмірі сырға толы, жұмбақ. Менің тарих пәні мұғалімі ретінде ең басты міндетім- жас ұрпақты сол дүниенің қыр- сырын білуге құштарланндыру. Сол мақсатта ғылыми жоба жұмыстарын таңдап алып, сол тақырып бойынша жұмыс істейміз. Еліміздегі болып жатқан жаhандандыру бағытындағы ізгі істерді білу, олардың жүзеге асырылуына болған себебін түсіну, даму кезеңдерін зерттеп, олардың халық өмірі үшін маңызын ашып, сол бойынша қорытынды жасау- басты бағыт .Оқушылар алған жұмыс жобасының өзектілігіне байланысты таңдап, жұмысты аяқтаған соң қорғайды. Оқушылар тарих пәні бойынша зерттеу барысында әр түрлі жерлерге барып саяхат жасайды. Ғылыми жұмысты орындау барысында өзім бағыттаушы, қолдаушы ретінде рөл атқарамын. Шәкірттерімнің елінің, жерінің тарихына терең үңіліп, білімін тереңдетсе, ертең қазақтың тұңғыш тарихшысы Қадырғали Жалайыр ағаларымызға сияқты аттары шежіре болып қалатын нағыз елжанды азамат болып өсетініне еш күмәнім жоқ.
Тарих мамандығы – қоғам үшін ең қажет мамандық. Тарихшы болмаса, халықтың басынан өткені беймәлім болушы еді. Қоғам өзінің күре тамырын үзіп алар еді, ал үзілген тамырдан жас сабақ өсіп өнуі мүмкін емес.
Міне ,сондықтан да өткенді еске алып, салыстырып, саралап, алдағы болатынға дұрыс жоспар құру тарих пәнінің маңыздылығын көрсетеді.
Елімізде әр адамның жүрегінің қалауымен таңдаған, өз сүйіп істейтін ісі болады. Тарих пәнінің ұстазы болу- менің сүйікті ісім. Бұл мамандықты өз жүрегімнің қалауымен таңдап алдым. Ұстаз болу- бұл жауапты іс. Ісіме неғұрлым жауаптылықпен қарап, шәкірттеріме білімді өте жоғары сапада беруге тырысамын. Сонымен қатар, олардың жеке тұлға ретінде Отанымыздың нағыз азаматы болып қалыптасуына зор әсер етуге бағдар жасаймын. Басқаша болуы мүмкін емес, себебі Қазақстанның туын биікке көтерушілердің бірі –тарихшылар. Кейде өз-өзіме «Қазақстаным- сен менің сүйікті Отанымсың. Сенің күмбездей жарқырып Мәңгілік ел болып тұруыңа ат салыстырудан еш уақытта тайынбаймын» деп күмбірлеп айтып қоямын. Сүйікті Отаным бар, сол сүйікті Отанымда тұрып жатқан бейбіт халқым, отбасым, жүрегіммен қалаған мамандығым бар. Одан басқа бақыт жоқ деп ойлаймын.
Ғалия Толағай,
Озерный негізгі мектебінің
тарих пәнінің мұғалімі