Жаңа әліпбиді үйреніп шықты
Жаңа әліпбидің жетілдірер тұсы әлі бар болғанымен, қостанайлықтар латын графикасын үйренуді белсенді жалғастыруда. Күні кеше облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар жарты жылдық оқыту курсын тәмамдады. Бас-аяғы 15 адам компьютерлік бағдарламалар мен әдістемелік құралдардың көмегімен латыннегізді әліпбиін, емле ережелерін оқып-үйренді. Олардың әрқайсысына арнайы сертификат берілді. Мүмкіндігі шектеулі жандар алты ай бойы жаңа әліпбиді үйренді. Бірақ бұл оқытудың алғашқы кезеңі емес. Олар латын қаріптерімен танысуды олар өткен жылы бастаған еді.
"Бізде латыннегізді әліпбиді оқытуға арналған арнайы бөлме бар. Ол заманауи техникалық құрылғылармен қамтылған, интербелсенді тақталар, барлық компьютерлік бағдарламалар бар. Сондықтан, тыңдаушылар жаңа әліпбидің қыр-сырын дәстүрлі әдіспен ғана меңгерген жоқ", – дейді облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Кенжеғали Бимағамбетов.
Курсты аяқтаушыларға арнайы сертификат және сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетейік, күні кеше ҚР Президенті Қ.Тоқаев латын альфавитін аяғына дейін жетілдіріп, кем-кетігін түзеуді тапсырған болатын.
Аlau.kz материалы бойынша