Қоян бағудың қыр-сырын меңгерген
Шығыс жылнамасына сәйкес, осы жылдың иесі – қоян. Қоян жылына қатысты халық арасында әртүрлі сенім барын білеміз. Бірақ, бүгінде сол қоянның қандай түрлерін қолға ұстауға болады, оның ерекшелігіне деген сұраққа жауап іздеп көрдік.
Сарыкөл ауданының тұрғыны Игорь Пономарев көп жылдан бері қоян өсірумен айналысып келеді.Бір қызығы, оның шағын шаруашылығын көп адам біле қоймайды. Осы мақсатта біз де жақынырақ танысып, қоян өсірудің қыр-сырымен бөліскенді жөн көрдік.
Мақала кейіпкерінің сүйкімді әрі нәзік жануарды өсіру тәжірибесі жиырма жылдан асады. Ол басында кәдімгі үй қояндарын асыраса, ал қәзір басқа тұқымды дамытуды қолға алыпты.
-Өз басым қоянды жақсы көремін. Оларды асырап жүргеніме жиырма жылдан асты. Былтырдан бастап Калифорния қояндарымен айналысып келеміз. Олардың ерекшелігі – етті тұқым. Түсі ақ, тұмсығында, табанында, құйрығында және құлақтарында қара дақтары бар. Жалпы, адамдар қоянды қорқақ және әлсіз деп ойлайды. Бірақ, шын мәнінде, қояндар өз қарсыласын қатты жарақаттай алады. Сондықтан, үлкен қояндар мен кішкентайларын бөлек ұстаймын. Олардың иіс сезу және есту қабілеті жақсы дамыған. Бірақ, көздері нашар көреді. Қоянның миы кішкентай болса да, ол ақылды және тез ойланады. Қауіп төнген кездерде бұл қабілеттері оларға өте жақсы көмектеседі, – дейді Игорь.
Оның айтуынша, қоянның бұл түрі – ең оңтайлысы. Әсіресе, өніміділігі жақсы, тіпті үй жағдайында ұстауға ешқандай кедергі жоқ. Алдымен, ол бізге сарайындағы «Қояным» деп еркелететін аналық қоянын көрсетті. Ол қазір сегіз айлық, өзінің өнім беретін пісіп-жетіліп тұрған шағы екен. Бұл тұқымдардың тірідей салмағы төрт жарым келіге жетеді. Ал, «Анатолий» деп атаған аталық қоянның салмағы бес келідей болады.
-Қояндар тез көбейеді, олар бір дегенде 8-10 көжек туады. Оны қатты қысып ұстап алсаңыз, оның жүрегі қорыққаннан жарылып кетуі әбден мүмкін. Орташа өмір сүру ұзақтығы – 8-9 жыл, – дейді ол.
Сондай-ақ, Игорь әрбір қоян өсірушінің үйде өсірудің өзіндік әдістері бар екенін түсіндірді. Әркім өз әдісінің ең жақсы екенін дәлелдей алатынын жасырмады. Сондықтан, қоян өсірушілер табиғатынан еркіндік сүйгіш болатынын атап өтті.
Ал, енді бұл қояндардың тамағына келетін болсақ, олар үшін ең сүйікті тағам – бұл әдеттегідей сәбіз немесе ірімшік емес, олардың формасында пісірілген кішкентай картоп. Иесінің айтуынша, картоп осы ауыл шаруашылық жануарларының рационының 50 пайызын құрайды.
– Оларға сұлы, картоп, шөп ұсынсаң, осы үш тағамның ішінен ең алдымен картопты жейді, – деп тағы да өзінің тәжірибесінің бір қырымен бөлісті.
Бұдан бөлек, қоян өсіруші Сарыкөл ауданында қоян шаруашылығының неге дамымай жатқанын да тілге тиек етті.Оның бір себебі – дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі, оларды қаладан сатып алуға тура келеді. Өйткені, жұқпалы аурулар қояндардың барлық тұқымдарының басты қасіреті, бұл кезде бүкіл табын зардап шегуі мүмкін.
Жалпы, қоян етін зерттеуші мамандардың айтуынша, қоян етінің дәрумендік және минералдық құрамы бойынша іс жүзінде ешбір басқа етпен салыстыруға болмайды. Оның етінде B6, B12, PP дәрумендері сиыр, қой етіне қарағанда әлдеқайда көп. Сонымен қатар, онда темір, фосфор және кобальт та көпәрі марганец, фтор және калий де жеткілікті.
Міне, қоянның адамға пайдасы өте көп екен. Осыны жіті түсінген сарыкөлдіктер алдағы уақытта қоян өсіру саланың дамуына серпін берсе екен дейміз.
Руслан Әлкеев