Диқанның сыналар шағы
Қыркүйектің ортасынан ауса да, аймағымыздың шығысындағы Сарыкөл, Қарасу аудандарында егін жинау науқаны қызбай тұр. Себеп – алқаптардағы алтын дән барынша пісіп-жетілмеген. Жаз ортасындағы ауа-райының алабұлтты болып, кей жерлердегі шамадан артық жаңбырдың әсері бар бұған. Шілде-тамыздағы күннің дер мезгілінде ысымауы да күздің күні дән сабақтарының әлі көгеріп, диқандардың орақ салуын кешеуілдетіп отыр.
Дегенмен дүйсенбі күні облыс әкімі Нұралы Садуақасов Сарыкөл, Қарасу аудандарының егіс алқаптарында болып, күзгі егіс жұмыстарының барысымен танысқанында, шаруаларға астықты кешеуілдетпей орып алыңдар деп тапсырды. «Бұдан кейінгі күндерде күн райының қалай болатыны белгісіз. Еккен еңбегімізді шашауын шығармай жинап алуымыз керек» деді. Жұмыс сапары барысында өңір басшысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен де кездесу өткізді.
Н.Садуақасов алдымен Сарыкөл ауданындағы «Нұр-Айгер-СК» серіктестігінде болды. Мұнда орақ науқанының басталғанына бір апта да болмапты. Әзірге егістіктің 10 пайызы ғана жиналған. Бұған алаңдаған өңір басшысы:
-Егін оруды кеш бастапсыздар. Ауа райына қарайласаңыздар, кеш қаласыздар. Жоспарлаған межеге жете алмауларыңыз мүмкін, – деді.
Ал Сарыкөл ауданына қарасты «Аманжол-Акро» ЖШС-нің жетекшісі Ерванд Акопян да биылғы жылы 30 мың гектар жерге дән еккен екен, одан жоспардағыдай өнім алатына сенімі мол.
Жанар-жағармай жөнінен проблема жоқ, шаруа қожалықтарының иелігінде техника күші жеткілікті. Күн ашық болса, астықты қысқа уақыт ішінде төкпей-шашпай жинап алуға болады. Биылғы егіннің шығыны да жаман емес. Орташа алғанда гектары 14,5 центнерден айналмақ.
Егін түсіміне көңілі толған Н.Садуақасов Сарыкөл ауданына жұмыс сапары соңында:
-Ауданда егін шаруашылығымен қатар, мал басын ұлғайтуға да мән берген жөн, – деп қадап тапсырды.
Мұнан кейін облыс әкімінің жұмыс сапары көршілес жатқан Қарасу ауданында жалғасты. Аудан әкімі Алмабек Шәмшиев биыл ауданда 688 мың гектар егістікке дән егілген болса, соның ішінде шамамен 615 мың гектар жерден бидай, қалғанынан мал азығы, майлы дақылдар мен картоп және көкөніс жиналады деді.
Қарасу ауданындағы диқандар жылда жақсы өнім алып жүр. Бұл дегеніміз егістік технологиясын қатаң сақтағандық деп түсінеміз. Аянбай еңбек етсең, оның жемісін де жейсің. Сондықтан осындағы «Бидай-К», «Обаған» серіктестігінің басшылары Бағытқан Әбиев пен Серік Мұхамеджановтар өздерінің атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды.
Облыс әкімімен кездескен диқандар да бітік шыққан бар егінді шашпай-төкпей, әр гектарынан орташа 12,5 центнерден аламыз деп отыр. Егін жинау науқаны басталған, шаруасын шалқытып отырған диқандарға да төмен бағамен қажетті тыңайтқыш та, жанар-жағар май да уақытында берілген, техника да сақадай сай.
Жүздесу кезінде шаруалар өңір басшысына өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар ала алды. Олар ауыл шаруашылығы жерлерін қайта түгендеу, шаруашылықтарды ірілендіру, субсидия бөлуде қосымша жеңілдіктер жасау сынды мәселелерді алға тартты. Әсіресе, олар тыңайып жатқан егістік жерлерге субсидия берілсе дейді. Н.Садуақасов осы мәселенің бұған дейін де үкіметке айтылып келе жатқанын жеткізді.
Өңіріміздің күншығыс аудандарының егіс алқаптарын аралап, егін шығымын, күзгі орақтың аяқ алысын өз көзімен көріп қайтқан облыс әкімі шаруалардың жұмыстарына сәттілік тіледі әрі серіктестік жетекшілеріне егін науқанын уақытында аяқтауды тапсырды.
Шұға Қоңқабай