Еңбегі еленді
Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин: «Жүректің батырлығын қажет ететін мамандықтың тізгінін ұстау – ерекше бақыт. Ұстаз мәртебесін иелену, шәкірт жүрегінен орын табу – маңдайға жазыла бермейтін бақ», – деген екен. Осы тұрғыдан алғанда Амангелді ауданы, А.Нұрманов орта мектебінің мұғалімі Әсел Жапарова – білім мен тәрбиені егіздестіріп, өзі тәрбиелеп отырған шәкірттерінің жүрегінен таланты мен тектілігін тоғыстырған бақытты жан. Бүгінде Әсел Мұратәліқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының білім үздігі, ІІІ дәрежедегі «Еңбек даңқы» орденінің иегері Данагүл Әлменованың айтуынша, Байғабыл ауылында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерінің мықты шоғыры бар.
– Бұл мықты шоғырды Құралай Нұрғалиева, Гүлбарам Қаласова, Әсел Жапарова сынды білікті педагогтар жалғастырып келеді. Олардың қай-қайсысы болсын, өз ісінің шеберлері. Әсел Мұратәліқызының шәкірттері 7 рет облыстық, 3 рет республикалық байқауларда жеңіске жетті. Сонымен қатар 9 сыныпқа арнап «Құрмалас сөйлем», 8 сыныпқа «Әдебиет – сөз өнері» тақырыбында авторлық оқулықтар дайындады. Бұл – үлкен жетістік. Ол 2014 жылы «Өрлеу» Ұлттық біліктілік көтеру орталығы жанындағы Кембридж технологиясы бойынша жаңа форматтағы біліктілік арттыру курсының І (ілгерінді) деңгейін аяқтады. Осы жылдардағы «Топтық жұмыс – оқушы белсенділігінің құралы» тақырыбындағы зерттеу жұмысын облыстық деңгейде таратып, арнайы жинаққа енгізді, – дейді Данагүл Шаштыбайқызы.
2007 жылы Данагүл Әлменованың өзі Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен марапатталған болатын. Мұндай биік мәртебені биыл Әсел Жапарова жалғады. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов мұғалімге Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгі тақты. Әрине, ұстаздық қызметті барым деп бағалаған педагогқа деген құрмет пен зор сенім бұл.
– Мұғалімнің кәсіби деңгейі және біліктілігінің өсуіне ықпал ету мақсатында өткізілген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері арасындағы облыстық «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі-2014» байқауында жүлдегер атанды. Аудандық «Жыл мұғалімі-2012» байқауында 1-орын, 2013 жылы «Озық тәжірибе – озық әдістеме» тақырыбында өткен аудандық байқауда бас жүлде иеленді. Сол жылы аудан мұғалімдері арасында «ҰБТ-ға даярлаудың тиімді жолдары», 2015 жылы «Оқушы құзырлылығын қалыптастырудағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маңызы», 2015 жылы «Заманауи оқытудың тиімділігі» тақырыбында әріптестерімен тәжірибесімен бөлісті. Оның «Қорқыт ата кітабының тарихилығы», «Қозыкүрең», «Дүние қалай етсең табылады?» сабақтары республикалық «Ұлт ұстазы», «Қазақ тілі мен әдебиеті» ғылыми-әдістемелік журналдарына жарияланды, – деді Данагүл Әлменова.
Әсел Жапарова 2017 жылы облыстың білім беру жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін ҚР Білім және Ғылым министрінің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Құрмет грамотасы тапсырылды. «Жарқын болашақ» КАТЕV қазақ тілі олимпиадасына шәкірттерін сапалы дайындағаны үшін бірнеше дүркін облыстық дипломмен, ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.