Жылу мәселесі бақылауда
Рудныйдағы Жылуэлектр орталығының негізгі құрал-жабдықтарын жөндеуге 2014-2018 жылдары 13 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 4 млрд теңгеден асып жығылады.
Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке орталықтың директоры Олег Әбілқайыров баяндады.
Биыл жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізілді. Бірнеше бу және сужылытқыш қазандықтарында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда №3 стансадағы бу турбинасы мен №2 стансаның бу қазандығында қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.
– Жылуды барлық мекемелер мен үйлерге уақытында қостық. Апатты жағдайлар орын алып жатқан жоқ. Көмір қоры жеткілікті. Орталық қалыпты жұмыс істеп тұр, – деді Олег Әбілқайыров.
Осы орайда өңір басшысы Архимед Бегежанұлы жылыту маусымының өтуін үнемі бақылауда ұстап тұруды тапсырды.
– Биылғы қыс былтырғыдан аязды болады. Ешқандай үй, әсіресе, әлеуметтік мекемелер жылу мен ыстық сусыз қалмау тиіс, – деді ол.Жылуэлектр орталығы өткен жылы 809,6 мың кв/сағат қуат өндірсе, биыл бұл көрсеткіш 871,3 мыңға жетпек. Үнемі өсіп отыратын электр қуатына деген сұранысқа қарамастан кеншілер қаласындағы тариф еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда көп төмен.
Іссапар соңында «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев Архимед Мұхамбетовке орталықтың жабдықтарын жаңғырту бағдарламасы алдағы жылы да жалғасатындыған мәлімдеді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ