Ерлан САИРОВ: “Жолдау – іркіліссіз ілгерілеу жоспары”
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жаңа міндеттерді айқындап берді. Шындығында, осы уақытқа дейін қозғау салынбаған, қоғамда әбден қордаланған мәселелерге ден қойылып отыр. Айталық, несиелік рақымшылық, әлеуметтің өзге де материалдық ауырпалығының жеңілдеуі және кейбір рухани, саяси түйткілдерге қатысты жасалған батыл шешімдерге әлеумет куә. Ал саясаттың жілігін шағып, майын ішкен мамандар не дейді? Қостанайға жұмыс сапарымен келген белгілі саясаттанушы Ерлан Саировтың Жолдауға қатысты пікірін білген едік.
– Биылғы Жолдаудың ерекшелігі, маңызы неде? Мемлекеттің қазіргі таңдағы әлеуметтік-эконмикалық, саяси, рухани ахуалына дәл диагноз қойылды ма?
– Өздеріңізге белгілідей, биыл мемлекеттің саяси тарихында үлкен оқиға болды. Қазақстан Республикасының жаңа Президенті сайланды. Бұл – жаңа дәуірге, жаңа кезеңге аяқ басқанымыздың бір нышаны. Қ.Тоқаевтың билік басына келуі халықтың, әсіресе, жастардың қоғамдық либеризацияға (ырықтандыру – авт.), сонымен бірге, әлеуметтік трансформацияға деген сұраныстарын туғызып отыр. Мемлекеттің жаңа басшысының қызметке кірісуінің өзі дамушы елге қажет күрделі процестерге тап келді. Ол 3 айдың ішінде-ақ саяси бағытының дұрыс екендігін, халықтың басым көпшілігінің әлеуметтік, рухани қажеттілігін шешуді бірінші кезекке қойғанын аңғартты. Мәселен, нақты шешімдердің бірі – несиелік амнистия. Бұл, біріншіден, еліміздегі материалдық ауыр жағдайда жүрген азаматтар үшін үлкен көмек болды. Екіншіден, сол арқылы квазимемлекеттік секторды қайтадан ретке келтіру мәселесіне мән берілді. Міне, осындай нақты қадамдардың ізін ала, 2 қыркүйек күні бірінші рет халыққа Жолдауын жариялады. Мемлекеттің жаңа басшысының алғашқы Жолдауы немен ерекшеленеді? Ең әуелі, экономикалық даму үшін қоғамдық-саяси модернизация жасалу керегі айтылды. Яғни, елімізде саяси процестер белгілі бір жүйеге келтіріліп, либерализация жасалып, саяси бостандық мәселесін реттеу сөз болды. Бұны Жолдаудың негізгі жаңалықтарының бірі деп айтуға болады. Екінші бір маңызды мәселе – әлеуметтік саладағы түйіншекті түйткілдер. Жекелей айтқанда, білім саласына ден қою, мұғалім мәртебесіне мән беру, олардың әлеуметтік жағдайын жоғарылатуды мықтап қолға алу. Бұл бүгінгі таңда өте өзекті жәйт екені бәріне белгілі. Өйткені әлем басқа бір формацияға, басқа ойлау жүйесіне ауысып келе жатыр. Сондықтан балаларды тәрбиелеудің жаңа үдерісіне көшу, балаларды жаңа экономикалық байланыстарға дағдыландыру аса қажет. Өйткені өскелең ұрпақ игеруі тиіс білім дүниежүзілік тенденцияларға сәйкес келмейтін болса, біздің мемлекет тарихтың шетінде қалып қояды. Болашаққа іркіліссіз ілгерілеу үшін білім саласы кенжелемеуі керек. Бұл – күн тәртібінен түспеуі тиіс күрделі мәселе. Қазіргі таңдағы мұғалім мәселесінің аса жанды болатыны сондықтан. Тиісінше, Жолдауда мұғалімдердің материалдық жағдайын оңалту, моральдық көмек көрсету мүмкіндіктері жан-жақты көрсетіліп, атқарылуы керек шаралар айқын айтылды. Содан кейінгі, ең негізгі мәселе – орта және шағын бизнесті дамыту. Бұл, әлбетте, әрбір мемлекет дамуының тірегі. Өйткені, оның жақсы жолға қойылуы – біріншіден, салық түсіміне, екіншіден, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, үшіншіден, ел азаматтарына әлеуметтік лифтілер жасау кепілі. Міне, әрдайым назардан тыс қалып көрмеген мәселе осы жолғы құжатта да жан-жақты қарастырылды. Қаралып қана қоймай, нақы шешімдердің қабылданғанына да куә болдық. Мысалы, салық төлеу 3 жылға дейін шегертіліп, несиелендіруді оңтайландыру тетіктері пысықталды. Мұның сыртында, ең бірінші рет "жанұялық бизнес" деген термин пайда болды. Бұны да жаңалықтар қатарына қосуға болады. Өйткені, бұл дегеніміз еліміздегі әлеуметтік тұрақтылықтың негізіне айналуы әбден мүмкін.
– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуын да осы жылдың соны оқиғасына баласақ болады. Әйткенмен, қарапайым жұрт бұл кеңестің нақты қызметінен толық хабардар емес. Мұның басқа кеңестерден айырмашылығы неде, жұмыс механизмі қалай, тиімділігі мен ұтқырлығы қандай болмақ?
– Мен өзім осы кеңестің мүшесімін. Бұл кеңесті құру ҚР Президенті бастамасымен, билік пен халықтың арасында диалог орнату қажеттігінен туындады. Аты айтып тұрғандай, мұның мүшелігінде қоғамның ел сенім артқан белсенді тұлғалары еніп, нақты проблемаларды көтере білуі тиіс. Бұл ретте, кеңеске жүктелген ең негізгі мәселе қоғамдық-саяси саланы реформалау ісі болуы ықтимал. Аристотельдің: "Әрбір адам саяси организм",- деген сөзі бар ғой. Бізде осы 20 жыл ішінде саясатпен айналысуға белгілі бір шектеулер болды. Ол шектеулер заңдарда көрсетіліп келді. Мысал үшін "Сайлау туралы", "БАҚ туралы", "Парламент туралы", "Митинг туралы" заңдар, шындығын айтқанда, халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Міне, осы заңдардың бәрін ретке келтіріп, бүгінгі заман ағымына, плюрализм (пікір алуандығы – авт.) мәселесіне сәйкестендіру керек. Ұлттық кеңестің ең бірінші жұмысы осы. Екіншіден, біздің елде қордаланып қалған, бақылаудан шыққан көптеген әлеуметтік мәселе бар. Айталық, барлығыңызға белгілі, балалардың өз-өзіне қол жұмсауының, жұмыстағы апат жағдайларының жиілеуін мысал етсек жетіп жатыр. Ол аз болса, еліміздегі кедейшілік мәселесі де өзекті. БҰҰ есептеуі бойынша, Қазақстан халқының 19 пайызы кедейге саналады екен. Бұл – жеңіл жауып қоюға болмайтын жағдай. Міне, осындай әлеуметтік мәселелердің барлығын шешудің тиімді тетіктерін іздеп, төте жолдарын жоспарлау керек. Жұмырлай айтқанда, Кеңестің негізгі бағыттары осы. Ал жалпы алғанда, бұл – консультативті орган. Кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұтымды ұсыныстар тиісті орындарға жіберіледі әрі ол жіті қадағалауда болады. Таяуда ғана кеңестің алғашқы отырысы өткені баршаңызға мәлім. Алқалы жиын қорытындысы бойынша, жоғарыда айтылған мәселелерге қатысты ұсыныстар жоғарыға жолданды. Қазір Президент әкімшілігі, құзырлы министрліктер сол жолдамаларымыздың нақты, белгілі бір бет-бейнесін жасап, бағдарлама әзірлеп жатыр. Ал ол бағдарламалардың іс жүзіне асу тетіктері жақын арада реми түрде айтылады.
-Жолдаудың қазақстандықтарды еңлең еткізген тағы бір жаңалығы – зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану мүмкіндігінің туатыны. Әйткенмен, әлеумет әлі анық-қанығын біле алмай, нақты жауап күтіп отыр…
– Иә, әр азамат зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалануға құқылы екенін Мемлекет басшысы қадап айтты. Мұны да Қ.Кемелұлының ізгі шешімі деп білемін. Ал енді оның жөн-жосығын, беру-алу тәртібін, жүріс-тұрысын құзырлы органдар пысықтап жатыр. Нақтырақ айтқанда, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ұлттық банк сынды жауапты органдар бірлесіп тетіктерін қарастыру үстінде. Менің ойымша, келесі жылдан бастап ретке келеді. Әзірге анығы осы.
-Мемлекет басшысының: "Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келді", – деген пікірі тұрғысында не айтасыз? Сіздіңше, қоғам қаншалықты дайын? Қандай да бір тәуекелдер бар деп ойлайсыз ба?
-Бұл пікірге толығымен қосыламын. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жылға тақайды. Мемлекет құрушы елдің ана тілі лайықты мәртебесін иеленер уақыт әлдеқашан туған. Сондықтан, ұлтаралық қарым-қатынастарға қатысты қандай да бір тәуекелдер туралы сөз қозғаудың өзі артық. Әрине, мұның өзі ретімен жүзеге асуы керек. Рас, 30 жылдың аз уақыт емес екенін ескерсек, қазақстандықтардың барлығына қазақ тілін үйрену талабын қою қажет. Мысалы, кез келген азаматқа әлеуметтік лифт жасау үшін, мемлекеттік қызметке қатысуы үшін екі тілді білу шарты қойылса, меніңше, соның ең біріншісі міндетті түрде қазақ тілі болуы тиіс, басқа тілдер содан кейінгі кезекте тұруы керек. Айналып келгенде, бұл бүгінгі таңдағы өте заңды құбылыс. Жіті назар салсақ, бұған қоғамның дайын екенін де көре аламыз. Қалай болған күнде де мемлекеттік тілдің рөлі, маңызы артуы қажет және артады да.
-Рахмет.
Сұхбаттасқан Жандос Жүсіпбек
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков