Несиелілерге жеңілдік қарастырылады
Қаржы министрлігі ипотекаға баспана алып, несиесін төлей алмай жүрген азаматтарға жеңілдік жасайтын жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.
Заң жобасы күшіне енген соң, банктер жұрттың қарызын жаппай кешіреді деу бекер. Жеңілдік тек әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз, мүгедек азаматтарға жасалады. Құжат бойынша, бірінші берешегі бар адам мен банк өзара келісім жасайды.
Борышкер банкке жағдайын түсіндіріп, айлық төлемді тоқтатуды және қарызды бірнеше жылдан кейін қайтаруды сұрайды. Ал банк клиентті күтуі тиіс. Егер тараптар бұл талапқа көнбесе, бір-бірін сотқа береді.
"Сот жан-жақты зерттеу жүргізеді. Бұрын борышкер үстінен қылмыстық іс қозғалмаса, оның материалдық жағдайы шынымен де қиын болса, жеңілдік жасалады. Судья отбасылық жағдайын да ескеріп, оның қарызын толық кешіру туралы шешім шығаруы мүмкін", – дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Айгүл Уәлиева.
Сондай-ақ, егер несиеге алынған пәтер борышкердің жалғыз баспанасы болса да қарызы кешіріледі де, үй иесінде қалады. Үкімет мұндай жеңілдік жасауға мәжбүр. Өйткені, соңғы кезде елімізде берешегі бар азаматтар саны күрт артыпты.
Қазір елде ипотекаға алған баспанасының қарызын төлей алмай жүрген 338 мың адам бар екен. Олардың берешегі бір жарым триллион теңгеге жеткен.
Жаңа заң тек ипотекалық несиеге емес, кез келген қарызға қатысы бар. Тек алимент төлемей жүрген әкелердің бала-шағасының алдындағы берешегі мен кәсіпкерлердің қарызына жеңілдік жоқ.