Тақтақ ақынға арналған айтыс
Қостанай ауданының «Алтын дән» мәдениет үйінде өткен ғасырдағы Алаштың айтулы қайраткері, "Тақтақ ақын" атанған сері, әнші, балуан Нұржан Наушабайұлының 160 жылдығына арналған «Тақтақ ақын Нұржан Наушабайұлы» атты аймақтық айтыс өтті. Облыстық мәдениет басқармасы, халық шығармашылығы және бейнеқор орталығы мен Қостанай ауданының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған жыр додасына 6 ақын үш жұп болып қатысты.
Осы үш жұптың ішінде ең тартымды, тартысты болған сөз сайысы – меңдіқаралық Дінмұхаммед Құсайынов пен Арқалық қаласынан келген Дәния Сәтбекқызының арасында өтті. Қазылар алқасы аталған жұпты ақтық айналымда қайта шығарып, қайымдасып айтысуға 10 минут уақыт берген еді. Алғашқы айналымды Дәния 15, Дінмұхаммед 14 балмен қорытындылағанымен, қазылар алқасының төрағасы Мамай Ізтілеу өзінің бір дауысын Димашқа беріп, теңестіріп берді.
«Осы жерден сені бірден Спандияр Көбеев, Ғаббас Жұмабаев, Манаш Қозыбаев, Кәмшат Дөненбаева шыққан қасиетті өңірге келін қылып алып кетем» дегенінен танбаған Дінмұхаммед «мұратына» жетті. Дәния өзін жығып берді.
Сонымен, Нұржан Наушабайұлы атындағы бас жүлдені меңдіқаралық Дінмұхаммед Құсайынов жеңіп алды. Дәния Сәтбекқызы Омар Шипин атындағы арнайы жүлде иегері атанса, айтысқа қатысқан жанкелдиндік Руслан Байғазы Сәт Есенбайұлы атындағы, Қостанай ауданынан шыққан Нұрсұлтан Қасым Тәтіқара жырау атындағы, Қостанай қаласынан қатысқан Жауынбай Жылқыбайұлы Уақ Жұмабай атындағы, аманкелділік Ернұр Әуезхан Нұрхан атындағы арнайы жүлделерге ие болды.
Қыдырбек Қиысханұлы,
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.