«Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен…»
Қостанай ауданының «Алтын дән» мәдениет үйінде өткен ғасырдағы Алаштың айтулы қайраткері, тақтақ ақын, сері, әнші, сазгер, балуан Нұржан Наушабайұлының 160 жылдығына арналған «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен…» І Республикалық дәстүрлі ән орындаушылары байқауының алғашқы кезеңі болып өтті.
Өнер додасына облысымыздың аудан-қалаларынан бөлек, еліміздің Семей, Алматы, Нұр-Сұлтан, Жезқазған, Көкшетау өңірлерінен 15 үміткер қатысып отыр. Байқау шарты бойынша қатысушылар міндетті түрде Нұржан бабамыздың 1 әнін және халық әндері мен халық композиторларының 1 шығармасын орындау керек.
Сайыскерлердің әділ бағасын беретін қазылар алқасының төрағасы – белгілі жырау, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дəстүрлі əн» кафедрасының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фольклортанушы-ғалым, «Парасат» ордені иегері Алмас Алматов. Қазылар құрамында ақын, филология ғылымдарыныңкандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, ҚРмәдениет қайраткері Ақылбек Шаяхмет, ҚР мәдениет саласының үздігі,Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Е. Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның жеке аспапта орындаушысы Батырбек Байназаров, ҚР мәдениет саласының үздігі, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Е. Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Манапбек Қадіров, Нұржан Наушабаев атындағы Затобол мектеп-гимназиясыдиректорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Нұрзия Саржанова бар.
Ән сайысында Нұржан Наушабайұлының ел арасында кең тарала қоймаған «Көңіл ашар», «Бәтимаға», «Көкенай», «Асыл-ай», «Ара-ай», «Жан сәулем» және «Назымы» қатар шығармалары орындалды.
Ертең 17-қазан күні сағат 11.00-де республикалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауының ІІ кезеңі және марапаттау салтанаты өтеді.
Қыдырбек Қиысханұлы