А.Мұхамбетов: «Бағдарлама тұралап қалмау керек»
Осыдан екі жыл бұрын республикада еңбекпен қамтуды нәтижелі және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бастау алған болатын. Аталған бағдарламаны орындауға биыл өңірімізде 8,8 млрд теңге бөлінсе, жыл басынан бергі 9 айда оның 5,1 млрд теңгесі немесе жоспардағы қаражат толық игерілді. Жыл басынан бері 20,3 мың адам жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген, олардың 85 пайызы екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер, қалғандары өздерін жұмыспен қамтып отырғандар. Ал «Еңбек» бағдарламасына қатысушылардың 42% әйелдер, 30% жастар, 2% аз қамтылған және 1,5% көп балалы отбасылар. Осы және бағдарламаның орындалу барысы мен кемшіліктері жөнінде барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен өткен кеңейтілген жиында аймақ басшысының орынбасары Марат Жүндібаев мәлімдеді.
Техникалық және кәсіби білім мен қысқа мерзімді оқу бағдарламасына сәйкес бірінші қыркүйектен 950 адам жоспарлы оқуды бастап кеткен. Қысқа мерзімді оқу курстарын өтуі тиіс 2075 адамның 1870-і барған.
– Қазан айының басына дейін қысқа мерзімді оқыту жоспары Қостанай, Рудный, Лисаков қалалары мен Бейімбет Майлин, Ұзынкөл аудандарында жоспар орындалған жоқ. Айта кету керек, жалпы аудан бойынша жоспар орындалса да, Қарабалық, Евгенов, Белинский, Юбилейный, Зааят кейбір ауылдық округтері оқуға бірде-бір адам жібермеген. Оқуды тәмамдаған 1478 адамның 1033-і жұмысқа орналастырылды. Қарасу, Жітіқара, Федоров аудандары мен Қостанай қаласында қысқа мерзімді оқығандарды еңбекпен қамту нәтижесі төмен, – деді М.Жүндібаев.
Өңірде «Бастау Бизнес» жобасының жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша биыл 4040 адамды оқыту жоспарланса, оның 66,7%-ы ғана орындалды. Ал «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша оқуға 900 адамның барлығы курсты аяқтап отыр. бизнес-жоспарларын қорғағандардың екі мыңға жуығы несие және 1320-сы гранттарға ие болыпты. Биыл аймақта шағын несиелеуге 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
– Бағдарлама аясында аз қамтылған, көп балалы отбасылар, мүгедектер, жастардың жаңа бизнес идеяларын қолдау мақсатында 200 айлық есептік көрсеткішке дейін гранттар беру жолдары бар. Қазанның басына дейін 338 грант беріліп, бағдарламаның 36,3%-ы орындалды. Гранттарға көбіне жастар қол жеткізіп жатыр. Керісінше, жеңілдікке ие болған аз қамтылған және көп балалы отбасылар мен еңбекке жарамды мүгедектердің қатары төмен, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов қысқа мерзімді оқыту жоспарын орындамаған және курсты аяқтағандарды жұмыспен қамти алмай отырған аудандарды сынға алды.
– Әсіресе, грант беру жөніндегі комиссия мүшелерінің жұмысы сылбыр. Олар байқауға іріктеу отырысын өздері қалаған уақытта өткізеді. Мұндай комиссиялар демалыссыз, тіпті, бір орында емес, ауыл-ауылдарды аралап жүріп жұмыс істеу керек. Қамкөңіл жандардың өтініштері аяқасты қалмасын, – деді А.Мұхамбетов.
Өңірге бағдарлама басталғалы еліміздің халық тығыз орналасқан аймақтарынан 1637 адам және 1208 оралман көшіп келді. Қазіргі таңда квотаға ұсынылған 970 адамның 502-сінің және 605 оралманның түгелге жуығының құжаты мақұлданып отыр. М.Жүндібаев осы бағыт бойынша Жітіқара, Қостанай, Меңдіқара, Сарыкөл, Ұзынкөл аудандары мен Рудный қаласы жұмысын күшейтсе деді.
Қысқа мерзімді оқыту, жұмыспен қамту, басқа аймақтардан көшіп келушілер мен оралмандарды қабылдау Алтынсарин ауданында қарқынды жүзеге асырылуда. Жылдық жоспар бойынша жұмыспен қамту межесі 524 адам болса, тоғыз айда 479-ы орналастырылған. Бұл жөнінде Ыбырай баба өңірінің әкімі Ерлан Жаманов мәлімдеді.
– Сәуір айында қысқа мерзімді оқуға жіберілген 27 адамның барлығы білім алып келіп, «Сосновый бор» шипажайына жұмысқа тұрды. Техникалық және кәсіби оқуды 14 адам тәмамдады. Екі бағыт бойынша да жоспар толық орындалды. Қоғамдық жұмыстарға 66 адам тартылып, жоспар 110 пайызға жетті. Биыл оңтүстік өңірлерден 20 адамды көшіріп әкелу жоспары да жүз пайызға жүзеге асты, – деді Е.Жаманов.
Айрықша атап өтерлік жайт, жекелеген елді мекендердің бағдарламаға қарқынмен үлес қосып отырғаны. Шалғайдағы Амангелді ауданының екі мыңға жуық жан тұратын Үрпек ауылдық округі «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Игілік» бағдарламаларына белсене қатысудың арқасында жылма-жыл мал санын арттырып отыр. Онда 6 мыңнан астам сиыр, 3,5 мың жылқы, 13 мыңға тарта ұсақ бас, елуге жақын түйе бар. 55 шаруа қожалығы мен 2 серіктестік шаруасын дөңгелетіп отыр.
– Биылғы қуаңшылыққа қарамастан, тұрғындар мен шаруа қожалықтары жем-шөпті жеткілікті мөлшерде дайындап алды. Қыстан қысылмай шығуға толық негіз бар. «Еңбек» бағдарламасына сәйкес биыл Арқалық политехникалық колледжіне сұранысқа ие механизатор, дәнекерлеуші, шаштараз мамандықтары бойынша қысқа мерзімді қайта даярлау курсына 12 адам жіберіліп, аяқтап келген соң жұмысқа орналастырылды. «Бизнес бастау» курстарына 12 адам тартылды. Оқу бітіргендердің бірі 1,6 млн теңге несие алып, ауылға қажетті сұранысқа ие дәнекерлеу цехын ашып, оған екі адам тұрақты жұмысқа тартылған. Үш адам ауыл жастары үшін белгіленген грантқа құс өсіру, тігін шеберханасын ашуға құжаттарын тапсырды. Тағы бір тұрғынымыз аудан орталығынан телефон жөндеу шеберханасын ашуға ниетті. «Ақжол-С» шаруа қожалығы 4,6 млн теңгеге 120 бас, «Сағдат» шаруа қожалығы 5 млн теңге 130 бас ұсақ мал сатып алса, 6 шаруа қожалығы «Игілік» бағдарламасы бойынша 18,9 млн теңге несие алып, 60 бас жылқы сатып алды, – деді Үрпек ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Жақыбаев.
Аймақ басшысы жиынға қатысушыларға жоғарыдағы Алтынсарин ауданы мен шалғайдағы Үрпек ауылдық округінен үлгі алуға, бағдарлама жоспарын қарқынды орындауға шақырды.
– Әсіресе, үрпектіктердің аудан орталығына келіп, шеберхана ашқалы жатқаны өте құптарлық іс. Осы жерде айта кетейін, өткен жылдары Үрпекке барар жолға қиыршық тас төседік. Тұрғындар асфальт төселсе деген өтініш білдіріп еді. Келер жылы ауылға дейін тас жол төсейміз, – деді өңір басшысы А.Мұхамбетов
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.