Діни білім ауадай қажет

Сәрсенбі күні облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен аудандық, қалалық, облыстық, аймақтық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап «Мемлекеттің дін саласындағы саясатына ақпараттық қолдау» тақырыбында облыстық оқыту семинар-тренинг болып өтті. Оған арнайы Астана қаласынан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің дін істері комитетінің ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс басқармасының бас сарапшысы Серікбол Билялов келіп қатысты. 
Қатысушылар дін саласына қатысты көкейтесті тақырыптардың бұқаралық ақпарат құралдарындаа жариялануы және конфессияаралық татулықты нығайту мен діни негіздегі қақтығыстарға жол бермеу үшін халықтың діни сауаттылығын арттырудағы БАҚ-тың орнын талқыға салды.

IMG_4349

«Семинардың мақсаты – тілшілер қауымын конфессияаралық келісімді нығайту жолында мемлекеттік саясат жөнінде ақпараттандыру және БАҚ-та дін тақырыбын сауатты жазу үшін бағыт беру», – деп атап өтті өз сөзінде облыстық дін істер басқармасының басшысы Нұриқан Нөгербеков.
-Дін саласындағы түсіндіру жұмысын жүйелі ырғаққа келтіруде ақпараттық-насихат топтардың маңызы зор. Мемлекетіміздің дін саласындағы саясатын түсіндіру, мемлекет пен қоғам арасындағы «кері байланысты» қамтамасыз ету, сондай-ақ аталған салада жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа халықтың сенімін нығайтуда да жұмыстың осы формасы өмірдің сынынан өткен тетік болып табылады. Бүгінде облыстық, аудандық, қалалық ақпараттық-насихат топтарының жұмыстарын жандандыру, олардың қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар өзінің оңды нәтижесін беруде, – деді Нұриқан Нөгербеков.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің дін істері комитетінің ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс басқармасының бас сарапшысы Серікбол Билялов БАҚ беттерінде дін жайлы жағымсыз ақпарат жариялау соңғы кезде үдей түскенін тілге тиек етті. Әсіресе, Ислам туралы күдікті ойдың тууына кейбір тілшілер себепші боп қалуда. «Дін тақырыбы – өте нәзік дүние. Сондықтан бұл салаға асқан жауапкершілік қажет. Біреудің кінәлы не кінәсыз екенін тек соттың шешімінен кейін ғана айта аламыз. Өкінішке қарай, біздің тілшілер мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей тұрып, ақпаратты айдай әлемге паш етеді. Бұл дұрыс емес. Айта кету керек, діни экстремизммен күрес – дінмен күрес емес. Біздің заңымыз діни сенім бостандығына кепілдік береді», – деді Серікбол Билялов.
Сонымен қатар, сарапшы республикалық сайттардағы діни тақырыпта жарияланған материалдар мен хабарларға шолу жасады:

IMG_4333

-Кейбір сайттар сенсация жасаймыз деп тақырыптарға баса наза аудармайды. Сондай-ақ, сол тақырыпқа сай салынатын суреттер де оңтайлы берілмейді. Сондықтан әр нәрсені жазғанда аса сақ болған жөн. Өйткені бізді оқып отырған оқырман теріс қабылдауы мүмкін. Сондықтан, әр материалды жазарда мұқият болған жөн.
Бүгінде ҚР аумағында қауырт желі қызмет етеді. Егер де сіз жоғарыда айтылғандай жағдайлармен кезіксеңіз немесе жалған діни ұйымдардың құрамына өтіп кетсеңіз, онда 144 телефонына хабарласып, сұрақтарға жауап аласыз.

IMG_4330

Облысымыздың әр өңірінен келген тілшілер дін тақырыбында жазу кезінде аудандық ішкі саясат бөлімінде дін тақырыбын меңгерген сарапшы маман болса екен деген ұсыныстарын жеткізді.
Семинарға қатысқан журналистер тренингтің пайдасы мен әсері жайлы пікірімен бөлісіп, көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алды.      
                 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓