Ауыл күні аталып өтті
Қарабалық ауданының тұрғындары мен қонақтары «Ауыл күнін» атап өтті. Былтыр ауданның құрылғанына 90 жыл толған еді. Оны кең көлемде атап өтті. Бұл жолы да теріскей өңірдің ауыл тойына тыңғылықты әзірленгені байқалады.
Бұл күні аудан орталығындағы бұрынғы қаржы басқармасы болған екі қабатты үйге Ұлы Отан соғысының ардагері, Қарабалық ауданында отыз жылдан артық қаржы саласында қызмет істеген Асылбек Темірхановқа ескерткіш-тақта орнатылды.



Жиналғандар алдында сөз алған аудан әкімі Нұржан Өтегенов ел ардақтысына жасалған құрметтің лайықты екенін атап өтті.
"Асылбек ағамыз осы ауданда отыз үш жыл бойы табан аудармай, 1980-жылға дейін қызмет атқарып, үздік экономист атанды. Ол кісінің өңірдің өркендеуіне қосқан үлесі қомақты. Сондықтан, мұндай кісіге қандай құрмет көрсетсе де жарасады", -деді аудан басшысы.

