Сайлауалды бағдарлама қалай жүзеге асып жатыр?
«Nur Otan» партиясының сайлауалды міндеттемелерін орындау аясында партияның Қостанай облысы бойынша облыстық, 4 қалалық және 16 аудандық сайлауалды бағдарламаларына мониторинг жүргізілуде. Осы орайда партияның облыстық филиалытөрағасыныңбірінші орынбасары Бибігүл Аққожинамен сұқбаттасқан едік.
–Бибігүл Бүркітқызы, ең алдымен мониторинг нәтижесі туралы айтып өтсеңіз?
–Барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың, партиялық бақылау комиссияларының және партия филиалдары жанындағы Қоғамдық кеңестердің мүшелері тұрақты түрде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол карталарының іске асырылуына бақылау жүргізіп, халықпен кері байланыс орнатуда.Мәселен, жүйелі мониторинг нәтижесі бүгінгі күні 1759 іс-шараның 837-і орындалғанын көрсетті.Ең көп орындалған іс-шаралар Арқалық қаласында, Қарабалық және Наурзым аудандарында байқалады. Ең азы– Сарыкөл, Амангелді, Қамысты және Қарасу аудандарында. Бұл бүгінгі күнгі ақпарат, аталған бағыт бойынша жұмыс жалгасуда. Сондықтан оның қорытындылары жыл соңына дейін шығарылып, жаңартылады.
–Сайлауалды бағдарламаның жүзеге асырылуы барысында қандай ауқымды істер атқарылуда?
–Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыстың қалалары мен аудандарында жаңа жобалар жүзеге асырылуда, бірқатар нысандар ашылуда. Мысалы, көлік жасау саласындағы өндірісті оқшаулау деңгейін арттыру және сабақтас салаларды дамыту мақсатында «АгромашХолдинг KZ» АҚ оқшаулау орталығын техникалық іске қосуды жүзеге асырды. Бүгінгі таңда 80 жұмыс орны ашылып, барлығы 450 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Сондай-ақ, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС базасында өндірістік қуаты жылына 16 мың бірлік «KIA» автомобиль өндірісі іске қосылды, 60 жұмыс орны құрылды.Агроөнеркәсіптік кешен саласындаҚарабалық ауданында бройлерлік құс фабрикасын ұйымдастыру бойынша 260 жұмыс орны ашылып, «Poultry-Agro» ЖШС жобасы іске асырылды.Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында Денисов ауданында тұқым тазалау желісі іске қосылды, Амангелді ауданында сүт өңдеу цехы ашылды. Қарасу ауданында одан әрі қайта өңдеумен мал сою пункті салынды. Және Б.Майлин, Қостанай және Қамысты аудандарында астық қоймасы мен көкөніс қоймасы, Федоров ауданында шошқа фермасы, Сарыкөл ауданында ет өнімдерін қайта өңдеу цехы, астық қоймасы мен мал шаруашылығы фермасы іске қосылды. Бұдан басқа, Ұзынкөл ауданында нақты егіншілік бойынша фермасы мен Меңдіқара, Федоров және Ұзынкөл аудандарында сүт-тауарлы фермалар салынды.Сондай-ақ, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында Әулиекөл ауданында бетон-ерітінді зауыты, Арқалық қаласында «Торғай Плаза» сауда ойын-сауық орталығы, Қостанай қаласында тігін цехы есігін айқара ашты.
–Бағдарлама аясында бұқаралық спортқа да көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Облыс аумағында қандай спорттық кешендер ашылды?
–Бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ағымдағы жылы Лисаков қаласында заманауи теннис орталығы салынды, Рудный қаласында «Ayat Fitness Premium» спорт кешені, Қостанай қаласында бокс мектебі, Амангелді ауданында жүзу бассейні, Жітіқара, Денисов және Сарыкөл аудандарында хоккей корттары, Жангелді және Ұзынкөл аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтерді.
– Барлық деңгейдегі сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету– сайлауалды бағдарламаның маңызды басымдықтарының бірі. Білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз.
–Өңірдебиылғы жылдың басы қаламыздағы Юбилейный шағын ауданында 1 200 орындық жаңа мектептің ашылуымен есте қалды. Студенттердің оқуы мен тұруы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Қостанай жоғары медициналық колледжі жанынан 250 орындық және Қостанай автомобиль көлігі колледжі жанынан 500 орындық жатақханалар пайдалануға берілді.Бұдан басқа, партияның сайлауалды міндеттемелерін орындау аясында облыста 18 мыңға жуық жұмыс орны құрылды, 449 мың шаршы метр тұрғын үй, 195 км сумен жабдықтау объектілері салынды, 588 км автомобиль жолдары салынды және жөнделді, өңірдің 496 мыңнан астам тұрғыны газбен қамтылғанын айта кеткен жөн.
–Сұқбатыңызға рахмет!
Сұқбаттасқан Әсел ҚИБАШ.