Ел қамы үшін
Қостанайда қоғам белсенділері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің халыққа арнаған Жолдауын талқылады.
«Сындарлы диалог – қазақстандық қоғамның эволюциялық дамуының негізі» тақырыбында өткен семинар-тренингке Елордадан қонақтар арнайы келді. Белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров, саясаттану ғылымдарының докторы Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Президент Жолдауының негізгі тетіктеріне тоқталып, пікірлерімен бөлісті.
Жолдау – бағдарламалық құжат ретінде мемлекеттің келесі жылға арналған жол қартасы іспеттес. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан Халқына арнаған алғашқы Жолдауы болғандықтан, қоғам өмірінің негізі болып табылатын экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени-рухани салаларындағы өзекті мәселелерді толығымен қамтып отыр. Қоғамда қордаланып қалған бұл мәселелер жөніндегі алғашқы бастамалар мен міндеттер нақты көрсетілген болатын. Президент әуелі халықтың сұранысына тез жауап беретін «Еститін мемлекет» тұжырымын мықтап қолға алуды тапсырған еді.
–Президенттің Жолдауы – біздің еліміздің қоғамдық-саяси дамуының ең негізгі элементі. Осы Жолдаудың әлеуметтік, экономикалық, рухани аспектілерін талқылап, халықпен бірге жетілдіру – ең негізгі мәселе. Елімізде қандай түйткілді мәселелер бар, қандай дүниеге біз назар аударуымыз керек деген сұрақтарға жауап іздеп, ой қозғай білуіміз керек. Ең бастысы, қоғаммен байланыса отырып, кері жауап алып, қай жеріне назар аудару керек екенін білгеніміз жөн. Елімізде көптеген әлеуметтік мәселелер қордалынап қалған. Оны шеше білу керек. Соның бірі – балалар арасындағы суицизм, балаларға зорлық көрсету, жұмыс барысында жарақат алу деген сияқты мәселелер елді толғандырады. Бізге жаңашылдық керек, – дей кетті саясаттанушы Ерлан Саиров.
Ол бүгінгі қоғамда қордаланған бірнеше мәселені алға тартып, шет елдіктердің тәжірибесімен де бөлісе кетті.
–Жыл сайын біздің елімізде 35 мың бала мектеп бітіріп шығады екен. Бірақ соның тек тең жартысы ғана болашағына қадам жасап, оқуға түседі. Бұл орайда біз адами капиталмен жұмыс істей білгеніміз жөн, – деді.
Басқосуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына тоқталған Мұхит-Ардагер Сыдықназаров та дәлелді ойларын ортаға салды.
–Менің бүгінгі баяндамам «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай әзірленген. Бұл бағдарлама аясында елімізде көптеген іс қолға алынып, соның бірталай жобасы аяқталды. Латын графикасына көшу, «Қасиетті Қазақстан», «Туған жер» сынды бастамалар біраз жемісін берді деп айта аламыз. Мұның бәрі де елді көркейту жолында атқарылған істер. Бүгінгі Қостанай облыстық әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан семинардың маңызы жоғары. Біз тағы да осы бастамаларды талқылап, пікір алмасып, оны жетілдіре түскеніміз құптарлық іс. «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы да қазақ жерінің біраз байлығын көрсете білді. Жолдауда үкімет алдында тұрған ортақ міндет ретінде азаматтардың барлық сұраныстарына тез жауап беретін "еститін мемлекет" қалыптастыру, кез келген шиеленісті тек бейбіт жолмен, диалог арқылы үйлесімді шеше алатындай мемлекет құру қажет екендігін алға тартты. Бұл үшін мемлекеттік деңгейдегі негізгі міндеттің бірі – азаматтық қоғамды нығайту және қолдау, – деді ол.
Осылайша Президенттің Жолдауы жан-жақты талқыланып, еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік жаңғыруының жаңа кезеңінің басталғандығы айтылды. Жолдауда көрсетілгеніндей, заманауи тиімді мемлекет құру үшін барлығымыздың азаматтық жауапкершілігімізді арттырып, ел игілігі үшін бірлесе еңбек етуіміз керек. Өркениеттен қол үзбей, өзінің функциясын толық атқаруының үлкен маңызы бар.
–Бүгін ерекше диалог алаңы ұйымдастырылып жатыр. Сарапшылардың ой-пікірлері қызықты әрі жан-жақты қамтылған. Бір-біріміздің көзқарасымызды, идеяларымызды біліп жүргеніміз дұрыс, – дейді ғалым Әлімжан Бекмағанбетов.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА