Ауыз толтырар жаңалық көп
Амангелді ауданының ауыл шаруашылық саласында сегіз айда 8,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. 3,1 мың тоннадан астам ет, 29,5 мың тонна сүт, 6,2 млн данаға жуық жұмыртқа алынды. Егін шаруашылығымен айналысатын 88 серіктестік пен шаруа қожалықтары 2 млрд астам теңгенің өнімін өндіріп отыр. Бұл жөнінде облыс орталығына баспасөз жиынын өткізе келген Амангелді ауданының әкімі Әмірхан Асанов мәлімдеді.
– Биылғы егістік көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 7 232 гектарға ұлғайып, барлық егістік көлемі 138 мыңнан астам гектарды құрады. 126, 9 мың гектар жаздық бидай алаңынан алынған өнім 85 мың тонна, гектарынан 6,7 центнерден оралып отыр, – деді Ә.Асанов.
Мал шаруашылығы саласындағы 357 шаруа қожалығы мен 5 серіктестікке 637 мың га жер бекітіліп берілген. Олар 6,3 млрд теңгенің өнімін өндіріпті. Шаруашылықтар 37,9 мың ірі қара, 85,5 мың қой-ешкі, 20 мыңдай жылқы, 155 мыңнан астам құс ұстайды.
Ауданда қызмет істеп тұрған 912 шағын және орта бизнес субъектілерінде 1772 адам еңбек етеді. Жылдың алғашқы тоғыз айында кәсіпкерлер 944 млн теңгенің өнімін өндіріп, қызметтер көрсетіп отыр.
Ал өңірде бизнес бастауға құлық танытып отырғандар аз емес. Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде «Батпаққара» ШҚ «Сүт өңдеу цехы» жобасы бойынша 13 млн теңгеге «Қазақстан Халық Банкі» арқылы несие алды. Қазіргі таңда құрал-жабдықтар сатып алынуда.
– Президент Жолдауының кәсіпкерлік саласына тағы бір үлкен көмегі – бұл микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату болып табылады. Аталған жеңілдік бойынша ауданымызда 500-ге тарта кәсіпкер салықтан босатылып, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады, – деді аудан әкімі.
Батпаққара өңірінде республикалық және облыстық бюджет есебінен «жалпы құны 992,1 млн теңге болатын «Амангелді және Есір ауылдарындағы су беру жүйелерін қайта құрылымдау» жұмыстары қазіргі таңда аяқталуға жақын. Ауыз сумен 9 мыңға тарта адам қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Ал алдағы екі жылда Қабырға ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 7,4 млн теңгенің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Айта кетсек, қазіргі уақытта аудандағы 30 елді мекеннің 13-і орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген.
Биылғы Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен, пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты Отбасы» бағдарламасы Батпаққара елінде де жүзеге асырылуда. Аудан бойынша бұл бағдарлама арқылы Сандуғаш Серікбаева мен Айдана Тұрсынғалидың отбасылары жаңа тұрғын үйге қол жеткізіпті.
– Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Көркейе бер, Қостанай» акциясы аясында 100 млн теңгеден астам қаражат тартылса, оның тең жарымынан артығын мектеп түлектері жинап берді. Олар өздері оқыған мектептеріне заманауи сыныптыр, бірнеше шағын футбол алаңдары, спорттық құрал-жабдықтар, музыкалық аспаптар қатарлы қажетті құралдар сыйға тартып отыр. Атап айтар болсақ, Амантоғай орта мектебіне осы білім ордасының түлегі Ж.Шаяхметов 10 млн теңгеге IT және робот техникасы, тағы бір түлек Ә.Боранбаев 2,5 млн теңгеге өзі оқыған мектебіне IT-сыныбын жабдықтап берді. Қолдасбаев мектебінің түлегі С.Қанафин 12 млн теңгеге шағын футбол алаңын салып берсе, Үрпек ауылдық округінің түлектері де дәл осындай футбол алаңын 8 млн теңгеге сыйға тартты. Тасты ауылына жергілікті кәсіпкер Ә.Саматов мектеп ішіндегі шағын орталыққа 2,5 млн теңгенің жабдықтарын алып берді. Жастар жылына орай облыста алғашқылардың бірі болып жас мамандарға арнап құны 17 млн теңге болатын жалпы ауданы 296 шаршы метрді құрайтын 8 пәтерлі үй салынды. Онда бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін жас мамандар қоныстанып отыр, – деді Ә.Асанов.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ