Елім деп өткен Елдес
Алаш арысы Елдес Омарұлының шығармалар жинағы жарық көрді
Биыл Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толды. Заманында елім деп еңіреген ерлердің жарқын болмысы, еселі еңбектері Тәуелсіздік таңында жарыққа шығып, ұрпақ қолына жетті. Қазақ елінің егемендік жолындағы азапты сапарында қазағым деп тәні өртке шарпылған перзенттердің бірі – көрнекті ғалым, білікті аудармашы, ұлағатты ұстаз, белгілі қоғам қайраткері Елдес Омарұлы еді.
Әділетсіздікпен арыстандай алысқан, жолбарыстай жұлысқан біртуар тұлға 1982 жылы Қостанай өңірінің Тобыл болысында, қазіргі Таран ауданына қарасты Қожай ауылында дүниеге келген.Күні кеше ғана Таран ауданында Алашорданың 100 жылдығына және көрнекті мемлекет қайраткері Елдес Омарұлының туғанына 125 жыл толуына орай ауқымды шара ұйымдастырылып, Алаш ардақтысының шығармалары топтастырылған жинақтың тұсауы кесілді. Кітап мың данамен жарық көрді. Ғалымның еңбектерін іздеп, кітап қылып құрастырған белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет пен Елдестің тікелей ұрпағы, академик Марат Шуақаев.Бұл жинаққа оның қазақ және орыс тілдерінде жазылған туындылары енгізілген. Алайда, ғалым еңбектері кітапта түгелдей қамтылмаған дейді құрастырушылар. Көптеген жазбасы әлі табылмаған немесе араб және латын әрпінен кирилшеге көшірілмеген. Оларды мұрағаттан тауып, жариялау келешек ғалымдарының еншісінде қала бермек.
-Мен математика ғылымының маманы болсам да, әдебиет пен мәдениетті, оның ішінде, Алаш арыстарын ежелден зерттеп келемін. Елдес Омарұлының ұрпағы болғандықтан әрі марқұм әкемнің өсиетімен Елдесті елге танытып, еңбегін жариялауды жөн көрдім. Кітаптағы бар дерек, әңгіме рас дүние, бәрі мұрағаттардан табылған. Сондықтан, әдебиет зерттеуші, тілші ғалымдар, Алаш әдебиетіне қызығушылық танытатын барша оқырман өз кәдесіне жартса болады,-дейді Марат Қапашұлы.Таран жұртшылығы алдында қос автор кітаптың тұсауын кесіп, сөз сөйледі. Олар жинақтың жарық көруіне себепкер болып, демеушілік еткен облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке және тұсаукесер рәсімін өткізіп, игілікті іс жасап отырған аудан әкімі Бақберген Өтеулинге өз алғыстарын жеткізді.Өткен ғасырдың басында Елдес Қостанай уезінде Алашорда комитетінің төрағасы ретінде жергілікті Алаш автономиясын қолдауға шақырған. Сонымен қатар қазақ ұлтының ғылым-білімде ілгерлеуі үшін жанын салып, маңдай терін төккен адам. Ол көптеген ғылыми терминдерді қазаққа жатық, икемді етіп аударған.
-Елдес Омарұлы қазақ сөздерін ұтымды әрі шебер қолданғаны таңдай қақтырмай қоймас. Мәселен, ол геометрия оқулығын – пішіндеме, тригонометрияны – кескіндеме деп аударған, ал математиканы есеп-қисап деп атаған. Бұдан өзге, теорема – түйін, биссектриса – жарма, радиус – өре, хорда – керме, параллелограмм – қиықша, пропорционал – құрылымдас, фигура – пішін, трапеция – қостабан деп, қазаққа өте түсінікті тілде жеткізген. Міне, осылайша ұлт мүддесі үшін жан-жақты еңбек еткен жан екенін байқауға болады,-дейді ақын Ақылбек Шаяхмет.Елдестің 125 жылдық тойына орай ұрпақтары да келіп, осынау шараның куәсі болды. Жергілікті өнерпаздар ғалымның өмірінен қысқаша көрініс қойып, жұртшылық оны жылы қабылдады. Жиын барысында бірталай тағылымды ой айтылып, авторлар Алаш арыстарының өмір жолын мектеп оқушыларына кеңінен тарқатып, түсіндірді.
Бұл игі шараға облыс орталығында орналасқан Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры актерлері де атсалысты. Олар сол қилы заманда қазақ халқының азаттығы үшін арпалысқан асыл азаматтардың бірі Кейкі Көкембайұлы туралы көркем шығарманы сахналады. Белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлының бұл туындысы бірнеше жыл сахна төрінен түскен емес, бұл кеште де көрермен қауым жақсы қабылдады. Өз өнерінің һас шеберлері көзмергеннің тағдырын барынша сомдап, әр адамның жүрегіне жеткізе білді. Қойылым соңында жиналған жұртшылық аяғынан тік тұрып, қошемет білдірді.Тұсаукесер рәсімі аяқталған соң Елдес Омарұлының әруағына құран бағышталып, ас берілді. Ғалымның ұрпақтары Таран ауданының әкімі Бақберген Өтеулинге өз ризашылықтарын білдіріп, азаматтың арқасына шапан жапты.
Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Суреттерді түсірген Жанар Ахмет.