«Business Lady Qazaqstan – 2019»
Алдағы уақытта елімізде «Business Lady Qazaqstan» атауымен тұңғыш рет іскер әйелдердің республикалық байқауы өтеді. Басты мақсат – әйелдер қауымын кәсіпкерлікке жұмылдыру және бизнеспен айналысатын нәзік жандыларға қолдау көрсету. Осыған орай, конкурстың аймақтық кезеңінен іріктеліп алынған кәсіпкерлікпен айналысатын 8 үміткер ақтық сында өзара бақ сынасты. Олардың қатарында Қостанай, Рудный қалаларынан қатысушылар бар.



Байқаудың шешуші сынында үміткерлер бірнеше тапсырманы орындады. Олар алдымен қазыларға өздерінің кәсібін бейнероликте көрсетті. Екінші кезеңде шығармашылық өнерлерін паш етті. Ең қызығы – үшінші сын. Онда жергілікті бизнес-ханымдар елімізге танымал адамдар қойған сұрақтарға жауап берді.

Қазылар алқасының шешімімен Рудныйлық жас кәсіпкер Анна Насибуллина Қостанай өңірінің «Үздік бизнесвумены» атанды. Асығы алшысынан түскен аруымыз байқаудың республикалық кезеңінде Қостанай өңірінің намысын қорғайтын болады.

Әсел ҚИБАШ