Негізсіз іске нүкте қойылды
Қарасу ауданындағы «Макс» ЖШС директоры Максим Артемукке салықтан жалтарды деген желеумен қылмыстық іс қозғалған еді. Сөйтсе, кінә кәсіпкерде емес, заңды дұрыс түсіндірмеген салық органдарының өздерінде болып шықты. Аудандық салық басқармасындағылар басқаша түсіндірген, ал облыстық кіріс департаментіндегілер басқаша әрекетке барған. Нәтижесінде, М.Артемуктің мойнына 212 млн теңге «міне жаздады».
Максим Артемук – облысқа танымал кәсіпкер. Ауыл шаруашылығының білікті маманы. Меценат. Ол басқаратын шаруашылық ұзақ жылдардан бері қайырымдылықпен айналысады. Яғни, Максим Артемук ЖШС есебінен жергілікті білім ошақтарына, ауруханаларға қол ұшын созып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, бюджеттік мекемеде қызмет істейтін жандарға үй салып бергенін білеміз. Ол осы еңбегінің арқасында өткен жылы « Жыл меценаты» және «Жомарт жүрек» сыйлықтарына ие болды.
Алайда, биыл оның өзіне көмек қажет болды. Артемеук кезекті орақ науқанына әзірленудің орнына, тергеушілерге өзінің кінәсіздігін дәлелдеу үшін экномикалық тергеу Департаментінің табалдырығын тоздыруға тура келді. Көмекке облыстық кәсіпкерлер палатасы келді.
-Жалпы, облыстық Экономикалық тергеу департаменті СДТБТ-да тіркелетін бизнес субъектілеріне қатысты қылмыстық істердің төрттен бір бөлігі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылады. Біз бұл істің осы санатқа жататындығына сенімдіміз. ҚР ҚК 245-бабына сәйкес декларацияны уақытылы тапсырмау, есеп-қисапты кқпе-көрнеу бұрмаланған деректерді енгізу, басқа салық салу объектілерін жасыру фактілері расталса, онда кез келген азаматқа қылмыстық іс қозғалуы тиіс. Бірақ, М.Артемук мұның біріне де бармаған, – дейді кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша ӨКП директорының орынбасары Самат Сәдуақасов.
Кәсіпкерлер Палатасы Департаментке қылмыстық істі қысқарту туралы өтініш жолдаған. Бірақ, ол алғашқыда ескерілген жоқ.Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері осыдан кейін облыстық прокуратураға шағымданды. Нәтижесінде кәсіпкердің кінәсіздігі толық дәлелденіп, қылмыстық іс тоқтатылды.
Әлібек ЫБЫРАЙ