Тас-таяқ турнирі (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Қостанайда өңір журналистері арасында Мемлекет қайраткері, профессор Жанділдә Мақановты еске алуға арналған бильярд турнирі өтті.
Турнир ұлағатты ұстаз, білікті тәлімгер, қоғам қайраткерінің құрметіне алғаш рет ұйымдастырылды. Бәсекеде бағы мен бабын сынауға Ж.Мақановтың үзеңгілес болған әріптестері, көзкөрген інілері, шәкірттері және жас тілшілер жиналды.
"Бұл, ең әуелі, елдің ардақты азаматына деген құрмет. Ол көзі тірісінде осы секілді шаралардың бастамашысы болып, іске асуына үнемі қолдау білдіріп жүруші еді. Еткен еңбегі, қалдырған ізі, айтқан сөздері, жарқын бейнесі мәңгі жадымызда. Сондықтан осы шара рухқа тағзым жасаудың жарқын үлгісіндей. Жалпы, бильярд деген – денені ғана емес, ақыл-ойды жаттықтыруға септігін тигізетін спорт түрі. Ендеше, лайықты ойыншы топ жарсын", – деді турнир ашылуында сөз сөйлеген облыстық "Қостанай таңы" газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков. Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов пен облыстық "Қостанай" телеарнасының директоры Ербол Ипбергенов де лебіздерін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тас-таяқ тартысында шеберлігін сынға салып көруге 16 үміткер тілек білдірген. Қарсыластар "соқыр" жеребе арқылы анықталды. Әуесқой спортшылар арасынан үздіктерді іріктеу бір мезетте үш үстел басында өтті. Жеңілгендер жарыс жолынан біржола шығып, айы оңынан туған ойыншылар қайта жұпталып отырды. Осылайша, үміттілер қатары сирей берді.
Жартылай финалда редакциямыздың атынан шыққан әбжіл әріптесіміз Қыдырбек Қиысхан "Қостанай" телеарнасының директоры Ербол Ипбергеновтен шеберлігін асырды. Тағы бір әріптесіміз Нұрқанат Құлабаев "Алау" телеарнасының қызметкері Манарбек Қосқоловты "тас-талқан" етті. Ақтық айналымда – "Қостанай таңының" қос ойыншысы. Қол созымдағы Кубок үшін тартыста Н.Құлабаев қаламдас інісі Қ.Қиысханнан айла асыра алмады. Ал үшінші орын үшін таласта Е.Ипбергенов М.Қосқоловты айқын басымдылықпен жеңді.
Сонымен, 1-орынды жеңіп алған Қыдырбек Қиысханға турнир Кубогы мен "алтын" медаль табысталды. "Күміс" жүлдені Нұрқанат Құлабаев иеленіп, "қола" медальді Ербол Ипбергенов тағынды. Үш үздік ойыншы әр орынға тиесілі ақшалай жүлдемен марапатталды.
Айта кетейік, бұл жарысқа Жанділдә ағамыздың баласы Олжас Мақанов қаржылай демеушілік жасады. Турнирдің басы-қасында жүріп, ойдағыдай өтуіне елгезектік танытқан әріптесіміз Қасқырбай Қойшымановтың еңбегін де атай өту керек.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ