КӨКЕМДІ түсімде көретінмін
Әкем Мұқан Жұмағалиев соғыс басталарда Қостанай облысының Жанкелдин ауданында РайЗО-ның (40 колхоздың жер бө-лімдерінің аудандық басқару бө-лімі-районный земельный отдел) бас есепшісі болып істеген. Ау-дандық соғыс комиссариатының бастығы Шыңғысхан Тұрмағамбетов тылдағы жұмысының маңыздылығына байланысты әкемді броньмен алып қалады. Соғыс кезіндегі тыл жұмысы да сұрапыл соғыс майданынан кем емес-ті. Елдің бар шаруашылығының ауыртпалығы броньмен қалған және жарамсыз деп табылған ер-азаматтар мен әйел-аналарға, қыз-келіншектерге қалады. Күндіз-түні дамылсыз жұмыста жүрген әкеме майданға кеткен ауыл адамдары мен ағайындар өздерінің бала-шағаларын, от-бастарын тапсырып кетеді, үлгермегендері хат жазады. Сол хаттардың бірінен есімде қалған шумағы:
“Қарағым, қалқам, Мырзабек,
Хат жазамын текшелеп,
Мұқан ағаң үйде ме,
Шақырып беттен сүйе ме?”
Бұл хатты жазған Ұлы Отан соғысына бастан аяғына дейін қатысып, елге аман оралған Тоқтамыс руының “Қара шаңырағының” иесі Ғазез Мыңбаев болатын. Ғазез атамыз қара торы қалың мұрты бар адам еді. Туған-туыстар алыс сапар шегерде, жастар әскерге шақырылғанда сол үйден аман-есен оралсын деген ырыммен міндетті түрде нан ауыз тиіп кететін. Бүгінде соғыс кезіндегі бала Мырзабек қазір бала-шағалы, немерелері бар 75-ті алқымдаған қария, қазір Қостанай іргесіндегі “Қазақстан” поселкесінде тұрып жатыр.
Әжем Зағипа атамыз Жұмағалиға тұрмысқа шығып, Мұқан әкемізді туады. Жұмағали атамыз 25 жасында дүниеден өтіп, әкеміз Мұқан екі жарым жасында жетім қалады. Қазақы дәстүр-салтымен әжемді Жұмағалимен бірге туысқан Жұмағұл інісі жеңгелей алады. Әжем Жұмағұлдан Мұхамеджан деген ұл туады. Шашы қызыл-жирен болғандықтан Сарбас деп атап кетіпті. Ол кісіні бізден үлкен Тоқшылық, Айткүл, Айжан апаларымыз “Сарбас көке” деген соң біз де көрмесек те “көке” деп кеттік. Көкемді әжемнің айтуынша, мұғалімдік оқуда (Меңдіқараның педучилищесінің 2 курсынан) жүрген жері-нен алдымен әскерге, сосын соғысқа алып кетеді. Ол кісімен бірге аттанған Әлім Мәдиев ағамыз алғашқы кезде бірге болады, көкемді Әлім ағайдан бөліп, офицерлік бөлімге жібереді. 41-ші жылғы Қара теңіз маңындағы үлкен қырғында қайтыс болады. Әжемнің қолында офицерлік формада түскен фотосымен 41-ші жылғы жазған соңғы хаты ғана қалады. Әлім ағай елге аман-есен оралды.
Сарбас көкемнің мінезі тура, тілі өткір, көзінде оты бар еді деп айтатын әжем. Бенденің Бақыты деген кісінің айтуынша, киімді де өте сыпа, қымбатынан киінген көрінеді.
Көкемді әжем зарыға күтіп, сағынышпен жылап отырып:
“45 жыл болды хат келмеді Сарбастан,
Неше жылдай шөп көрінді қар басқан,
Жыл құсындай аман көрсем, жан ботам,
Қол ұстасып, күн туар ма жармасқан”, –
деп зарлайтын.
Әжемнің көкемді көп айтқандығынан ба екен, өзін көрмесем де, көкемді түсімде көретінмін. Бір рет көкем әскери формамен келіп киіз үйдің ортасында жат-қанын көріп, таңертең қуанып тұрдым. Көкем, әрине, келген жоқ. Әжем болса, аңсаумен 1968-ші жылы 81 жасында Мұқан әкем мен анам Бибігүлдің қолында дүниеден озды.
Әкемнен туған тұңғыш ұл Рақымбекті Сарбас көкем келмеген соң, ата аты аталмай қалмасын деген мақсатпен Жұмағұлов деп жазғызыпты.
Ия, жүректі зар жылатқан соғыс жырлары өте көп, ол кезде тумаған біздің құлағымызға жеткен, жаңғырығы болса да қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім.
Батжан Жұмағалиева.