Естен кетпес бір бейне

“Қариясы бар елдің қазынасы бар”, – деген дана сөз бар. Ертеңгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін бел жазбай еңбек еткен асыл аталарымыз қандай құрметке болса да лайық! Сондай абзал ақсақалдың бірі,тыл ардагері – менің атам.

Менің атам, Қабен Қазымбекұлы, 1927 жылдың 15-ші қазан айында Торғай өңірінде дүниеге келген. Бала кезінен тағдырдың қатал сындарынан өтіп, өмірдің қай қиындығына да қайыспады. Сонау 1932-ші жылдардағы аштықтың ажалды күндерінен аман қалып,1941-ші жылғы басталған сұм соғыста тылда өлшеусіз еңбек жасады. Сол соғыстан кейінгі жеңісті жылдарда еңбек жолын есепші мамандығымен бастаған атам соңынан ерген бауырларына қамқор болып, оларды азамат қатарына қосып, жақын-жамағайынның сүйеніші болды. Заманның сызы табанынан өтіп, жанға батып, денсаулығына зардабын тигізсе де, қиын уақытта елінің жүгін көтере білген қайсар да батыр атамыз, біз үшін үлкен ұлағат иесі!

Қазіргі таңда атамыз 8 бала,  21 немере,  6 шөбере сүйіп отырған ардақты ақсақал. Бір отбасы емес, бір әулет емес, тұтас Торғай елінің құрметті қариясы атанған атамды, мен қашанда пір тұтамын!

9 мамыр – Жеңіс күні! Осы Жеңіс күнін жақындатуға үлкен үлес қосқаны үшін атам бірнеше медальдармен марапатталды.

Атамның жанарына қарап отырып, Жеңістің жай жолмен келмегендігін, осы күнге жету үшін жастығы мен күлкісін тәрк еткен азаматтығын ұғынамын. Ұғынамын да, басымды иемін. Басымды  ие отырып, осы келген жеңісті күнді жемісті күндермен толықтыруға міндетті екенімді сезінемін.

Толғанай Қазымбекова,

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің магистранты.

 

Атама

Атам менің, пір тұтарым, тірегім,

Ұрпағыңмын, өсіп сенен түледім.

Жатқаныңда төсек тартып, ауырып,

“Жазылтшы”, – деп жаратқаннан тіледім!

Атам менің, саялы ағаш, панасың,

Ақыл айтып, кеңес берер данасың.

Ортамызда жүре берші жетектеп,

Базарбектің баласының баласын!

Атам менің, мәуелі бәйтерексің,

Немереңе әлі талай керексің!

Ер мінезді батыр тұлғаң, нар тұлғаң,

Біздер үшін әрқашанда ерек шын!

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓