ДӘСТҮРЛІ ВЕЛОЖАРЫС
Қостанай велоқауымдастығының мұрындық болуымен бұқаралық спортты дамыту мен саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ауқымды веложарыс өтті. Дәстүрлі шараға облыс әкімдігі қолдау білдірді. Жарысқа 250-ден астам адам қатысты. Лисаков, Рудный қалалары мен Денисов ауданынан 30 велосипедші келді. Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев бастаған спортышылар 15 шақырым қашықтықты жүріп өтті. Шараға 10 жастағы балалар мен , 70 жастағы қарияға дейін қатысқанын айта кеткен жөн.
– Аталмыш жарысты ұйымдастыруға облыс әкімінің өзі бастамашы болды. Бұл веложарыс біздің алғашқы ауқымды іс шарамыз. Осы уақытқа дейін шағын жарыстар өткізген болатынбыз. Жарысқа 120-ға жуық адам қатысады деп жоспарладық, дегенмен 250 ден астам адам тілек білдіріп, ауқымды шараға ұласты, – дейді Қостанай велоқауымдастығы төрағасының орынбасары Қанат Сағымбаев.
Дәстүр бойынша жарыс облыс әкімдігінің алдындағы алаңнан баcталып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы жағалауында мәресіне жетті. Жиналған көрермендердің қошеметі жарысқа қатысушыларға жігер берді. Спортшылар жарыста барын салды. Шашасына шаң жұқтырмаған шабандоздар белгіленген шақырымды айналып өтті.
Ең бастысы, іс-шара төтенше жағдайсыз және жарақатсыз өтті. Тәртіп сақшылары мен жедел жәрдем де жақсы жұмыс істеді.
Сондай-ақ, веложарыс аясында ұстаздар күніне орай Ы. Алтынсарин кесенесіне гүл шоқтары қойылып, митинг өткізілді.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.