Бишілер бағындырған белес
25-28 наурыз аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында «Шашу» ІІІ халықаралық өнер фестивалі өтті. Сайыста Қазақстан Республикасынан 11-ден астам және Моңғолия мен Ресейден би ансамбльдері бақтарын сынады.

Фестивальде 5 әділқазы алқасы төрелік етті. Грузия мемлекетінен келген Каха Читая және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хадиша Ағымбаева, сондай-ақ өнертану ғылымдарының докторы Айгүл Көлбекова төрешілердің арасында болды.
Сайыс 4 номинация бойынша өтті, олар – хореография, вокал, аспапты жанр, халықтық орындау. Хореография аталымы 3 кезеңнен тұрды: үміткерлер 10-13 жас аралығында, 14-16 жас аралығында және 17-20 жас аралығында бақ сынасты.

Қостанайдан барған «Карнавал» би ансамблі аралас жас мөлшерінде өнер көрсетті. Қостанайлықтар репертуарындағы ең үздік деген билерін халыққа ұсынды. Нақтырақ айтқанда, қазақ биі «Бозінген», орыс биі «Серуендеу», моңғол биі «Дала әндері» сайысқа қатыстырылды. Қорытындысында, фестиваль көркін қыздырған қостанайлық «Карнавал» би ансамблі 3 кезең бойынша бас жүлдені жеңіп алды.


Ерекше жарысты ұйымдастырушы, «Шашу» би ансамбльінің директоры Тауыржан Рахат: «Мен Қостанайға үлкен салем жолдаймын. Жеткен жетістіктеріңізбен құттықтай отырып, зор алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта сіздерге тек жеңіс тілеймін. Таудай белестерді бағындыруларыңызға тілектеспін», – деп тәнтілігін жасырмады.
Өнер додасының барлық қатысушылары жақсы дайындықтарын көрсетіп, алдағы жылы болатын жарысқа да қатысуға ниеттерін білдірді.
Оразғали Нұргалиев,
А Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің 1-курс студенті