Жаңашыл мұғалім

Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы есімін иеленген №5 орта мектебінің жас мұғалімі Тұрар Қайырбек өскелең ұрпаққа тіл мен әдебиеттің қыр-сырына  үңілуіне бар білім, күш-жігерін салып келе жатыр. Ұстаздық жолда жүргеніне 4 жыл болса да, қазір Тұрар Болатбекұлы оқу ордасының белді маманы атанған.
Арқалық қаласының тумасы Рудныйдағы №7 мектеп-гимназияны аяқтап, Алматыдағы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнін меңгергеннен кейін Қостанай мемлекеттік университетінің магистратурасын тәмамдады.IMG_9084
-Бала кезімнен сынып жетекшім Гүлжанат Жұмабаева бойымдағы оқуға деген қабілетімді байқап, пәнге деген қызығушылығымды көріп, түрлі сайыстарға қатыстырды. Махамбет, Абай, Шәкәрім, Мұқағали сынды ұлы ақындарымызға арналған байқаулардан тыс қалмай, үнемі жүлделі орындар алып жүрдік. Қалалық қазақ тілі мен әдебиеті пәні олимпиадасында 4 жыл қатарынан 1-ші орын алдық, облыстық олимпиадада 2-ші орынға ие болдық. Осының бәрі ұстазымның арқасы. Енді, мамандық таңдауға уақыт келгенде, мүдірместен ұстаз болуға бел шештім. Себебі, мен де өз ұстазым секілді білікті де білімді шәкірт тәрбиелегім келді және сол арманымның орындалуы үшін Алматыға оқуға түстім. Студенттік шақ 4 жылда өтті де шықты. Үздік дипломмен оқуды аяқтаған соң, туған елге оралуды жөн көрдім. Не де болса, туған жерге еңбегім сіңсін деп еңбек жолымды № 5 орта мектебінде бастадым, – дейді кейіпкеріміз.
Жас маман болса да, Тұрар ұстаздың жетістіктері аз емес – «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» байқауында қалалық, облыстық деңгейдегі жеңімпазы. Алматы қаласында өткен республикалық жарысқа қатысып, алғыс хатқа ие болды. Енді міне, биыл филология мамандығы бойынша магистрлікті үздік аяқтап отыр.
– Қазіргі таңда ұстаз болу – жаңа заманның жаңалықтарынан хабардар болу деген сөз. Яғни, үнемі біліміңді жетілдіріп отыру қажет. Жаңартылған оқу бағдарламасының мақсаты – оқушы алған білімін шынайы өмірде қолдана білуінде. Соның ішінде тіл мен әдебиет пәнінің мақсаты – өзіндік ой-пікір қалыптастыра отырып, ортада бөлісе алуында. Сондықтан да мемлекетіміздегі білім саласындағы өзгерістер бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленуіне ықпалын тигізбек деген ойдамын. Соңғы жылдары елімізде мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін түрлі заңнамалар қабылдануда. Бұл – жақсылықтың белгісі, қалыптасқан дәстүрді сыйлау мен қастерлеудің жолы. Шынтуайтында, бедел – мәні терең, тұғыры биік, қалыбы айрықша құндылық. Сондықтан адам да, қоғам да тірнектеп бедел жинайды. Беделсіз адамды да, маманды да ешкім сыйламайды. Оның қоғамда, жұмыс орнында, өз отбасында қадірі жоқ. Ұстаз еңбегі – адамзат игілігімен астасқан еңбек,  ұстаз абыройы қашан да биік, қазір де, болашақта да осылай болуы тиіс. Қай мемлекет ұстаздарына қа­­тыс­ты қандай саясат ұстанса, мем­­­­лекеттің беделі де соған сай қа­­­лыптасады. Сонда ғана қоғамның береке-бірлік, тәлім-тәрбие, ақыл-парасат өлшемі орнығып дамиды. Сол себепті, мұғалім үшін ең үлкен сый – шәкірттерінің жетістігін көру. Біздің мұратымыз да осы, – дейді жас маман Тұрар Қайырбек.
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓