КСК ауданы сусыз қалды
Бүгін сағат он-он жарым шамасында КСК ауданындағы Киев-Қайырбеков көшелерінің қиылысында диаметрі 700 мм құбыр жарылып, бірнеше тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарға салқын су жетпей отыр. Оның себебі анықталып жатыр, бірақ мамандарының есептеуінше, бұған ауа температурасының төмендеуі себеп болуы мүмкін. Жақында бұл жерде дәнекерлеу жұмыстары жүргізілген-тін.
Алаңдатарлығы, жарылған су таратқыш жанар-жағармай бекетіне жақын. "Қостанай-Су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны" директорының орынбасары Игорь Киселевтің айтуынша құбырды жөндеу ұзақ уақытты алуы ықтимал.
– Негізгі себеп – ауа-райының күрт суытуы. Жарылған су таратқышты бітеу үшін экскаваторлар мен бульдозерлерді жұмылдырудамыз. Жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өкінішке орай, КСК ауданының көп бөлігі судан ажыратылды. Тұрғындарға салқын судың қашан берілетінін дөп басып айта алмаймын, – деді Игорь Киселев «Қостанай таңына» берген сұхбатында.
Орын алған жағдай салдарынан Киев-Қайырбеков көшелерінде автокөлік қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Қасқырбай Қойшыманов