Ұстаз – ұлы есім

Ұстаздар күні қазан айының алғашқы жексенбісі болып бекітілгенмен, мұғалімге деген құрметіміз әрдайым биік тұратыны анық. Күздің мамыражай күндеріндегі шуақты мереке қарсаңында қызығы мен шыжығы қатар мамандық иелерінің жұмыс барысымен тағы бір мәрте жақын танысудың сәті түсті.
Меруерт Антаева – Қостанайдағы №24 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі. 1990 жылы Рудный педагогикалық колледжіне оқуға түскен өрімдей қыз екі жылдан кейін жеделдетілген курс бойынша тәмамдап, небары 19 жасында мектеп қабырғасына оқытушы болып оралды. Өзі де мектепті аяқтағаны күні кеше ғана, енді алдында өмір есігін ашқалы тұрған қаншама балғынның шырағын жақпақшы.
– Алғаш жолдамамен келген мені жас маман деп жылы қарсы алған Нағима Дөңасарова апайымыз. Қарап отырсам, кеше ғана келген сияқты едім, содан бері 27 жыл өтіп кетіпті. Мұғалімдікті таңдауым бекер емес. Біздің бала күнімізде мұғалім ең қадірлі адам еді. Мұғалімнің орны әрқашан төрде, барлық бала ұстазына еліктейтін. Әкем де біздің педагог болғанымызды қалайтын. Негізі мен мектепте жүргенде химия пәнін жақсы көруші едім. Бірақ тоқсаныншы жылдар басында бұл мамандықтың қазақ бөлімі болған жоқ. Бірақ бастауыш сынып мұғалімі болғаныма еш өкінбеймін. Мен мектеп табалдырығын аттаған әрбір өрімді көрген сайын өзімнің бастауыш сыныптағы ұстазым Марфуға Қарғұлова есіме түсе береді. Сол апайымды әлі күнге дейін қадір тұтамын, – дейді Меруерт Темірқызы.
Қазір Меруерт Антаева білікті, тәжірибелі маман. Талай шәкірттері оқуда озат атанып, қалалық, облыстық білім жарыстарында бәйге бермей келеді. Орыс, ағылшын тілдерінен өтетін білім додаларына қатысып, жүлделі оралып келіп жатқандар да бар. Былтыр ғана Әсия Байжанова, Айзия Қыдырбекқызы облыстық ғылыми жобаға қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
– Осыдан төрт жыл бұрын жаңартылған білім бағдарламасы енгізілген тұста келген бірінші сыныпқа жаңа жүйе бойынша сабақ беру керек болды. Астанадан келген маман үш апта бізді арнайы оқытты. Әрине, басында қиын болды. Өзгеріс. ЖБ, ТЖБ, бағалау критерийі бар. Бағаның орнына баллмен бағалау. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді, қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ-ны қолдану, жеке, жұппен, топта жұмыс істей білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) қолдана білу. Дегенмен, оны да меңгеріп алдық. Балалар да бірден қабылдады. Біз бұрын Кеңес Одағының біліммен кетіп қалдық қой. 100 пайыз өзгеру мүмкін емес, дегенмен қазіргі заманда жаңартылған модельде оқыту қажет. Бір сөзбен айтқанда, өзіміздің де үйренеріміз көп, үйретеріміз одан көп, – деді тәжірибелі маман.
Меруерт Антаева да алдағы мұғалім мәртебесі туралы қабылданатын заңда ұзақ жыл еңбек еткен ұстаздардың педагогикалық өтілі ескеріліп, 25 жылдық өтілі бар әйелдер қауымын зейнеткерлікке жіберу жағы ескерілсе дейді. Себебі, әсіресе, соңғы жылдардағы білім жүйесіндегі соны өзгерістер педагог мамандардың одан сайын біліктілігінің жетіліп отыруын талап етеді.
– Қазір ғылым мен техниканың заманы. Президент те алдымызға зор мақсат қойып отыр. Оған қол жеткізу үшін озық білім алуымыз керектігін айтты. Бәсеке біліммен өлшенетін заман қазір. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу үшін оларды заман талабына сай оқытып-тәрбиелеу керек. Әр оқушы алған білімін өмірде қолдана алатындай жағдайда болуы тиіс, -дейді Меруерт Темірқызы.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретте Меруерт Антаева сабақ барысында.
Өте жақсы және ашық жазылған мақала. Расында да Меруерт өз жұмысын шынайы ықыласпен шығармашылықпен атқаратын мұғалім. Авторға мың да бір рахмет.