Халың қалай, қазақ мектебі?

2007 жылы (бұрынғы №2 Урицк орта мектебінің орнына) ашылған мектепті бүгінде жиырма жылға жуық тәжірибесі бар Ерлан Смановтай азамат басқарып келеді. Мұнда 27 мұғалім қызмет істесе, 170 оқушы білім нәрімен сусындауда. Шәкірттерге ұстаздарымыз сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар ең алдымен мемлекеттік тіліміздің мәртебесін мейлінше меңгертіп, білім алуға талпынған оқушыларға бар білгендерін үйретуден жалыққан емес.
Сарыкөл орта мектебі жыл сайын ҰБТ-дан жақсы көрсеткіш көрсетіп те жүр. Дәл қазір, бақылау сынақтарының нәтижелері бойынша, 16 орта мектептің ішінде 6-орында. Яғни, бар мәселе, білім сапасында емес, өзі сұранып тұрған өзекті жәйт – кейбір пән кабинеттерінің жеткіліксіздігінде. Турасын айтқанда, бұрынғы мәжіліс залының орнын басқан спорт залының талапқа сай еместігі. Тағы бір кемшілігі оның екінші қабатта орналасқаны. Бір амалын тауып, дене шынықтыру пәндерін өткізіп жүрген мұғалімдердің дегеніне бағынған оқушылар жазда далада доп қуса, қыста әлгі тар бөлмеге қамалуға мәжбүр. Сондай-ақ, көпшілік рухани азық алуға келіп жүрген кітапхана да тар. Бұл аздай, психолог, АӘД, шеберхана кабинеттері мүлдем жоқ. Аталмыш пәндер бойынша тәжірибе жүзінде жан-жақты үйрететін талапқа сай кабинеттердің жоқтығы бәрін білсем деген оқушылар үшін қол байлау болып тұр. Мектепте барлығы – 11-ақ кабинет болғандықтан, оқушылар екі ауысыммен оқиды.
Жас ұрпақ үшін, олардың болашағы үшін спорт залының, еңбекке баулитын арнайы құрал-жабдықпен қамтылған сыныптың заманауи үлгіде болуы, пәндерді талапқа сай өткізу осылардың бәрі – өте маңызды.

Тағы бір айта кетерлік жәйт, қазіргі қазақ мектебі деп аталатын ғимараттың салынғанына 55 жылдың жүзі болыпты. Сонда осы нысан апатты деп танылмағанымен, ескі екендігі айдан-анық. Тек, ағымдағы жөндеулер жұмыстардың нәтижесінде сырты мен ішкі көрінісі көмескіленіп көрінбей тұрғандай. Қайткен күнде де Сарыкөлге заманауи талаптарға сай жаңа қазақ мектебі ауадай қажет-ақ. Осы өзекті мәселе уақыт өлтірмей өз шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді…
Руслан
ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы.