Бұл есеп бұрынғыдан өзгерек…
Облыстық полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов аймақ тұрғындарымен жаңа форматта кездесу өткізді. Өңір әкімдігінде барлық аудан-қалалармен бейне-конференц байланыс арқылы шыққан генерал тұрғындардың сауалын монитор арқылы тыңдап, сол өңірлердегі полиция бөлімдерінің басшыларына мәселенің шешілуін жіті қадағалауына алуға тапсырмалар жүктеді. Алыс-жақыны бар әр өңірге сапарлап барғаннан гөрі 20 аудан-қала халқының сауал-уәжін экран арқылы естіп, сол арада мәселені шешуге мұрындық болу ең алдымен уақыттың үнемделетіні белгілі.
Халықпен есептік кездесуде Қостанай облысы полиция департаментінің бастығына 30-дан астам сұрақ қойылды, олардың басым бөлігі ауылдардан келіп түскендер. Мәселен, шекарадағы Қарабалық кентінің тұрғыны Тана Ердосова шекаралық аймақта болуға рұқсат беру мерзімін қысқарту туралы сұрады. Қарабалық ауданының 460 шақырымдай Ресеймен шекаралас жері бар, 9 округ көрші мемлекеттің елді мекендерімен шектеседі.
– Қазіргі уақытта мемлекеттік стандарттарға сәйкес бұл қызмет жеті жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Қазір ІІМ-ге осы мерзімдерді қысқарту туралы ұсыныстар жолданды, – деп түсіндірді облыстық көші-қон қызметінің бастығы Қайрат Дүтпаев.
Рудный қаласының «Бақытты әйелдер Ассоциациясы» ҮЕҰ өкілі Ирина Бондаренко бейне бақылау камераларының санын арттыру туралы мәселе көтерді.
– Рудный қаласының қылмыс үлесі облыс орталығынан кейін кезекте тұр. Мұнда 21 бейне бақылау камерасы мен 4 автоуроган орнатылған. Алдағы уақытта «Қауіпсіз аула» жүйесі бойынша тағы да төрт камера орнатуды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті ПД бастығы Бекет Аймағамбетов.
Сондай-ақ, генерал полицияның материалдық-техникалық жабдықталуы жылдан жылға жақсарып келе жатқанына назар аударды. Бұл құқықтық тәртіпті сақтауға көмектеседі. Қоғамдық орындарда және көшелерде жасалған қылмыстардың саны 15%-ға қысқарды, соның ішінде тонау 20%-ға , бұзақылық 49,8%-ға, қарақшылық 57,9%-ға төмендеді. Өткен жылмен салыстырғанда, жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан қаза болғандар, жараланғандар саны азайды.
«Автоуроган» кешенін Арқалық қаласында орнату туралы сол өңірден экономика және құқық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Болатбек Оташев сұрады. Бұл мәселе Арқалық шаһарын 2020 жылы қамтамасыз ету аясында шешіледі.
Диалогқа Қарасу ауданының әкімі Виктор Ионенко қосылып, облыста жол қауіпсіздігі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар айқын көрінетінін атап өтті.
– Бұл «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Мас жүргізуші – қылмыскер», «Жолдағы балалардың қауіпсіздігі», «Назар аударыңыз – балалар!» сынды акциялардың нәтижесі екенін, – деп атап өтті генерал.
Есеп беру кездесуінің соңында Бекет Аймағамбетов журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ