Бас жүлде Айтыс ақтаңгерінде!
Би-ағаның 125 жылдығына арналған "Бейімбеттің биігі" республикалық айтыс мәресіне жетті. Аузымен құс тістеген ақындар аламаны қос күн бойы Қостанай төсін дүбірлетті. Бәйгеге тігілген темір тұлпарды Алаштың Айбегі тақымдады.
Қазақ әдебиетінің классигі, даңқты жерлесіміз Бейімбет Майлиннің мерейтойы арқау болған айтулы додада Жүрсіннің жеті жүйрігі мен Тобыл-Торғайдың үкілі дарындары сөз қағыстырды. Атап айтқанда, сырт өңірлерден Серік Құсанбаев, Мейірбек Сұлтанхан, Әсем Ережеқызы, Ерлан Дәулетұлы, Жарқын Жұпархан, Айнабек Бейсенғалиев, Шұғайып Сезімхан сынды азулы ақындар келсе, Қостанай облысы атынан Айбек Қалиев, Мамай Ізтілеу, Марғұлан Оспанов, Батырлан Сағынтаев, Салтанат Өтелбаева, Медет Байзақов, Тоба Өтепбаевтар өнер көрсетті. Айтысқа Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, ҚР Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Аманжол Әлтаев, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР мәдениет қайраткері, ақын Ақылбек Шаяхмет, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, әдебиеттанушы, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбай қазылық жасады. Айтысты Мәдениет қайраткері, ақын Жүрсін Ерман жүргізді.
"Жастар сарайы" ғимаратына өнерсүйер жұртты жиған айтыстың алғашқы күні жеті жұп ақын бағы мен бабын сынасты. Тақырыпты терең толғап, сүбелі сөз, өрелі өлең өріп, қарсыласының қапысын тапқан, көрермен мен қазылардың ықыласына бөленген 8 ақын ақырғы айналымға жолдама алды. Олар – Айбек Қалиев, Мейірбек Сұлтанхан, Серік Құсанбаев, Әсел Ережеқызы, Салтанат Өтелбаева, Айнабек Бейсенғалиев, Шұғайып Сезімхан және Тоба Өтепбаев. Келесі күні Салтанат Өтелбаевамен жұпталған өскемендік тәжірибелі ақын Серік Құсанбаевтың қарсыласынан бәсі басым болды. Ал "шартпа-шұрттың" шебері Мейірбектің ұпайы дарынды замандасы Тобадан үстемірек шықты. Астаналық Әсем ақын Оралдың дәмелі өнерпазы Айнабектен айла асырды. Алқалаған әлеумет демдерін іштеріне тартып, соңғы жұптың сахнаға шығуын күтті. Айтыс абызы Жүрсін Ерман Ақтаңгер ақын Айбек Қалиев пен шұрай тілді, ширақ ойлы Шұғайып Сезімханды ортаға шақырды. "Айбекпенен айтысқа түспек түгел, суретке түсу де арман Қалиевпен" деп сөз бастаған жас ақын әйгілі ағасынан ығып қалмай, шама-шарқынша жырлап бақты. Былтырғы Шақшақ Жәнібек атындағы айтыста жолдары түйісіп, жеңісті уысынан шығарған Шұғайып есе жібермейтінін "ескертіп" қойды. Әйткенмен, аузын айға білеген Айбек ақын інісінің тұтқиыл шабуылдарына тосқауыл құрып, тұсы келсе тұқыртып алып отырды. Тақырыпты төгілте жырлап, Би-ағаға көрсетілер құрмет мұнымен шектелмесе деді. Облыс орталығындағы кітапханалардың біріне есімі беріліп, музей ашылып, шығармалары шет тіліне аударылуы керек екенін өлеңмен өрнектеп өріп жеткізді. Екі ақын да әр қайырым сайын халықтың дуылдаған қошеметіне бөленіп отырды.
Сәл үзілістен соң қорытынды белгілі болып, марапаттау рәсіміне кезек берілді. Ең әуелгі кезекте шабыттандыру сыйлығына лайық деп танылған ақындар – Медет Байзақов, Ерлан Дәулетұлы, Марғұлан Оспанов, Мамай Ізтілеу және Батырлан Сағынтайға 200 мың теңгеден табысталды. Айнабек Бейсенғалиев пен Тоба Өтепбаевқа Омар Шипин атындағы арнайы сыйлық берілді. Қанжығаларында – 400 мың теңгеден. З-орынды Салтанат Өтелбаева мен Шұғайып Сезімхан бөлісіп, әрқайсысына 500 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. 2-орын Әсем Ережеқызы мен Серік Құсанбаевқа бұйырып, 600 мың теңгеден жүлде алды. 1-орын Мейірбек Сұлтанханда. Ол 1 млн теңгемен қоржынын майлады. Ал бас жүлдені Айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев жеңіп алды. Жерлесіміз "Лада Гранта" автокөлігін тақымына басты. .
Мұның сыртында, мерейтойға арнайы келген жас ғалымдар – Елдос Тоқтарбай, Айнұр Төлеу, Әлібек Байбол, Еркін Ерланұлына және жергілікті қаламгер, ақын, сатирик Абылай Маудановқа облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің Би-аға атындағы стипендиясы тапсырылды.
Іс-шара туралы толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттер облыстық Халық шығармашылығы орталығынан алынды