Құмар Ақсақалов: “Әр күнді босқа өткізбеу қажет”
Арқалыққа арнайы жұмыс сапарымен облыс әкімі Қ.Ақсақалов келді. Сапар барысында облыс басшысы бірқатар нысандарды аралап, қаланың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігімен танысты.
Құмар Іргебайұлы бірінші кезекте көптен жұмыс істемей тұрған қалалық мәдениет сарайына ат басын тіреді. Мәдениет сарайының жөндеуін жеделдетіп, халықтың игілігіне беру қажеттігін алға тартты. Маңайын абаттандырып, жанындағы саябақты да қалыпқа келтіру қажеттігін айтты.
«Торғай өңіріне баса назар аударып отырмыз. Бәрі де қаражатқа келіп тіреледі. Облыс орталығында жобаланған біраз қымбат жобаларды қысқарттық. Осы қаржы облыстың оңтүстік өңірлеріне бағытталатын болады. Алдағы жылы 11 млрд-тан асатын қаражат Арқалық қаласы мен Аманкелді, Жанкелдин аудандарына қарастырылды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 47%-ке көп. Арқалықтың бюджеті 6,4 млрд теңге болып бекітілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артық", – деді облыс әкімі.
Ы.Алтынсарин атындағы гимназия ғимараты білім беру нормативтеріне сай емес. Құбыр жүйесі, жылу жүйесі, терезелерін, еденін ауыстыру қажет. Қысқы уақыттасыныптар салқын. Жылу температурасы орташа 13-14 градусты көрсетеді. Төбесінен тамшы ағады. Қала әкімі Әмірхан Асанов мәлімдегендей, келер жылы қала орталығынан жаңа мектеп салу жобаланған. Жобалық – сметалық құжаттамасы әзірленіп, мақұлданды. Жаңа мектеп салынса үлкен гимназия сонда көшіріліп, бұл жерге кіші гимназияны орналастыру көзделуде.
Арқалық жылу электр орталығы – аса маңызды нысан. Мұндағы қазандықтардың сұйық отыннан қатты отынға ауыстырылғаны белгілі. Бұл мемлекеттің қыруар қаржысын үнемдеуге жол ашты. Мәселен, қала бұрынғыдай мазутпен жылытылатын болса ол 4 млрд теңге қаражатты қажет етеді. Ал, қазіргі таңда көмірге көшкеннен кейін отынға жұмсалатын жылдық қаржы 1 млрд-қа да жетпейді. Облыс әкімі орталықта болғанында құрылыс мердігерлерімен де жүздесіп, жылу жүйесін реконструкциялау жұмыстарын уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды.
«Мемлекет басшысы елдің жылу, электр жүйелерін жетілдіруді тапсырма етіп алға қойып отыр. Қазір бәрі тексеріліп, сараланып, талдау жасалып жұмыстар жүргізілуде. Алдағы жылы Арқалық қаласы одан кейін Рудный қалаларында тозығы жетіп тұрған жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстарын қолға алатын боламыз», – деді Құмар Іргебайұлы.
«Қайрат» спорт кешенінің төбесін, жылу жүйелерін жаңғырту үшін 63 млн теңге қажет. Қалада спорт ғимараттарының жетіспеушілігіне байланысты күн тәртібінде және бір спорт кешенін тұрғызу мәселесі тұр. Аталған спорт кешені жанындағы бос орынғамежеленген қаржысы 300 млн теңгеге салуға мүмкіндік бар.
Халықты баспанамен қамту кезектен түспейді. Қалада 1700 адам үй кезегінде тұр. Оның ішінде көп балалы отбасылар – 607, асыраушысынан айрылғандар – 212 адам. Жалғыз баспанасы ақаулы жағдайда тұрғандар – 58 отбасы. Қалада тұрғын үйге жаратуға болатын есік-терезесі кірпішпен бітеліп тұрған нысандар баршылық. Бұрынғы ауылшаруашылығы ғимаратын да кәдеге жарататын кез келді. Нысан жөндеп іске жаратуға жарамды.
Аймақ басшысы келесі кезекте кезінде өзі білім алған Кейкі батыр атындағы №4 мектепке барды. Бұл – аралас мектеп. Білім ошағындағы 51 сынып кешенінің 11-і орыс тілінде оқиды. Мектеп оқулықпен 100% толық қамтылған. Мұндағы педагог саны – 111. Мектептегі мұғалімдердің орташа жалақысы – 384 мың теңге. Ғимарат 702 балаға лайықталса, қазіргі таңда 1228 бала білім алады. Облыс әкімі 11-сынып оқушыларымен жүздесіп, олардың қандай мамандық таңдағалы отырғандарын сұрап білді.
«Жақсы маман болыңыздар. Адам бала кезден алдына жақсы талап қойса, барлық армандар орындалады. Талап пен тәрбие – жақсы маман болудың кепілі»,- деген Құмар Іргебайұлы оқушылармен бірге өзі отырған партаға отырып, естелік суретке түсті.
Сондай-ақ, ол сапар барысында қоғам белсенділерімен де жүздесіп, өңірді өркендетуге қатысты көптеген мәселелерге назар аударды. Оның ішінде бұрыннан айтылып жүрген жол қатынасы, өңірді көгілдір отынмен қамту сынды өткір проблемалар ортаға салынды.
«Халықты құрғақ уәдемен алдамай, ашығын айту керек. Қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты ма, болмаса басқа да шешімін күткен мәселелер бар ма? Бәрін нақтылап айту қажет. Барын бар, жоғын жоқ деп айтқан дұрыс. Біз осындай қағидамен ақылдаса отырып жұмыс істейміз»,- деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы