“Ақжелең” салған ақ жол

Осыдан отыз жыл бұрын Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда «Ақжелең» фольклорлық ансамблі құрылды. Бұл облыстың мәдениет саласындағы елеулі оқиға болды. Отыз жыл ішінде ансамбль құрамы да талай өзгерді. Ансамбльдің алғашқы жетекшісі болған тұлға – Әлімжан Әбсадықов. Сол кездегі облыс басшысы Кенжебек Үкіұлы мен мәдениет қайраткері, облыстық мәдениет басқармасының сол кездегі басшысы, кезінде осынау өнерпаз жастардың анасындай болған Римма Ғайсенованың осындай өнер ұжымының құрлуына зор үлесін қосқан. Ансамбль осы екі ұлтжанды қайраткер тұлғаның ерік-жігері, солардың қолдап-қорғауы арқасында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітірген өрімдей жастардың басын қосқан.
Бүгінде «Ақжелеңді» бүкіл әлем біледі десе де артық емес. Парижді кезінде Әміре атамыз дүр сілкіндірсе, кейін осы қостанайлық өнерпаздар бір ай бойы Франция елінде қазақ өнерін насихаттады. «Ақжелеңнің» алған асулары да биік. Сол тұста облыстық ішкі істер департаментін басқарған генерал Қайрат Дүйсенбин мен іскер азамат Серікбай Бейсетаевтың ансамбль мүшелері үшін пәтер де беріп, қолдаған.
           
("Ақжелеңнің" алғашқы құрамы)
«Өнерлі ұжым балам сияқты»
Сол кездегі еліміздің бастан кешкен қиыншылығына қарамай, осындай өнерлі ұжымның қалыптасуына Римма Ғайсенованың қосқан үлесі көп.
"1992 жылы наурыз айында облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалдым. Кенжебек Үкіұлы мені жұмыс барысымен қабылдайтын болды. Қабылдауда  айтар дүние жетерлік. Қостанайда қазақ ұлт-аспаптар окестрі түгелі ансамбль де жоқ еді. Осы мәселені облыс басшысының алдында көтергім келді. Бұл ойымды Бағила Бірмағамбетқызы да қолдап, мәселені жеткіздік. Кәсіби ансамбль құру үшін кансерваторияға хабарласуымыз керек. Себебі бізге нағыз майталман жастар жетпеді. Филармония басшысы В.Рыдченконы ертіп алып, консерваторияға бардық. Деканы керемет жақсы кісі екен. Бізді бірден қолдап, алдымен ансамбль құрудан бастау керегін ескертті. Осының барысын ақылдасып, шығып келе жатқанымда соңымыздын ұзын бойлы, нәзік жігіт «апалап» жүгіріп келді. Мына балаға не керек деп, аң-таңмын. Сөйтсем, бұл Назымбек екен. Мені көре сала: «Апа, мен Торғайдың баласымын, ансамбль құрады деп естідім, тамаша болған екен» деп екі көз оттай жанып, қуанып тұр. Сөйтіп Назымбекпен алғаш таныстық. Ол осы жерден талантты қыз-жігіттерді алып келетінін айтып, лыпылдап тұр. Сөйтіп олар наурыз айында келіп, жиналып, мамыр айында ансамбльдің алғашқы тұсаукесері өтетін болды. Кенжебек Үкіұлы жастарға қолдау, жақсы жалақы болатынын айтты. Бірақ бұл аз еді. Себебі жастарға алдымен пәтер керек. Кенжебек Үкіұлы «Ол жағы қиындау болар» деп қалды. Көңілім пәс болып, еңсем түсіп кабинеттен шығып келе жатсам алдымнан облыстық ішкі істер департаментін басқарған генерал Қайрат Дүйсенбин шықты. Ол кісі мәселені тыңдаған соң бірден қолдау болатынын айтып, бір пәтер өзінен шығатынын білдірді. Қош, сонымен не керек келісілген уақытта филармониияға концертке жиналдық. 450 орынға шақталған зал іші лық толды. Сахнада өрімдей қыз-жігіттер, әуелеген қазақы үн көрерменнің жүрегіне жетті. Бұл «Ақжелеңнің» сахнаға алғашқы шығуы еді. Бәрі керемет болды. Таныстырылымда бәрін жеткізіп, жастарға қолдау керектігін білдірдік. Генерал ағамыз шығып қоштады, іскер азамат Серікбай Бейсетаев та қарап қалмай бір пәтер сыйлады.
Солай атағы жер жарған «Ақжелеңнің» өмірі басталып кетті. Оның атауын да жастардың өздері таңдап қойды. Сөйткен «Ақжелеңге» биыл 30 жыл. Аты затына сай біздің өңірді әлемге танытқа өнерлі ұжым болды. Олардың сахналық киімдері де өзгеше жарқыратып тапсырыспен тіктірдік. Талай елдерді шарлады, үздік орындарды иеленіп жүрді. Қайда барса да халық қошемет көрсететін. Сол тұғырынан әлі түскен емес. Әттең, Назымбегіміздің өзі жоқ. Өнерлі ұжым өзімнің балам сияқты. Зымыраған уақытта сол жастар өсіп, өнді, солармен менің де жүрегім бірге. Мерекелерімен құттықтаймын. Қостанай облысындағы алғашқы кәсіби ансамбльдің ғұмыры ұзақ болсын", – дейді Римма апамыз.
 
"Отбасым болған "Ақжелең"
Ансамбльдің алғашқы жетекшісі, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері Әлімжан Әбсадықов:
"Ақжелең ансамблінің тарихы жайлы көп айтылып та жазылып та жүр. Сонда да бұл ұжым жайлы тағы бір айтсақ артық болмайды деп ойлаймын. Ансамбль өзінің 30 жылдық шығармашылық жолында үлкен сахналарда өнер көрсетіп, талай конкурстарда жеңімпаз атанып, өзінің тұрақты көрермені – жанкүйерін жинақтаған ұжым. Қазақ өнерінің майталмандары – Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының профессорлары Фатима Балғаева, Құбыш Мұхитов, Мәлгеждар Әубәкіров, Тмат Мерғалиев, Қаршыға Ахмедияровтардан бата алған жас ұжым бүгінде қазаққа белгілі «Сазген», «Адырна» сияқты өзге де ансамбльдермен иық тіресіп, өнер көрсетіп жүр. Әрине, ансамбльдің қалыптасып, одан әрі дамуына әр кездері белгілі өнер қайраткерлерінің ықпалы, көмегі өте зор болды. Айта кетсек, ансамбльдің құрылуына, ең алғаш құрамын жинақтауға мұрындық болған консерваторияның профессоры Досмұхамед Тұяқбаев болды. Осы ағайымыздың арқасында Қостанай жеріндегі ең алғаш концертіміз облыс әкімдігі, мәдениет басқармасы басшыларының алдында жоғары деңгейде өтті. Осы жерде алғашқы құрамды атап өткен жөн көріп отырмын: Әлімжан Әбсадықов (домбыра, басдомбыра), Назымбек Молдахметов (домбыра, шіңкілдек), ерлі-зайыпты Батырбек Байназаров (қылқобыз) пен Лаура Шахметова (домбыра), Ержан Рысметов (домбыра, дауылпаз, сазсырнай) пен Сауле Маманова(прима қобыз), Нұрбек Тапалов (шертер), Манапбек Кәдіров (әнші-солист), баянда Бекмұхамед Тұяқбаевтар болды.
Айтқали Жайымов, Ермұрат Үсенов сынды күйші-композитор ағаларымыз әр кездері келіп өткізген шеберлік сағаттары ұжымның шеберлігін шыңдай түсті. Арнайы жазған шығармалары қазіргі таңда ансамбльдің бет бейнесі десем артық болмас. Қостанайға келгеннен кейін Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармониясының сол кездегі директоры Владимир Васильевич Рыдченко біздің әкеміздей, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Римма Ғабдолқызы Ғайсенова біздің анамыздай қамқоршылық көрсетіп, қанаттарының астына алып, үлкен сенім артты. Сол арқамызға артқан сенімді ақтауға жас болсақ та бар күшімізді салып, аянбай еңбек еттік. Ансамбль мүшелері бір-бірімізбен туған бауырдай болып, тығыз қарым-қатынаста болдық. Бір-бірімізге күнде қонақтап жүретінбіз. Алдымыз балалы болып, балаларымыз филармонияның сахнасында қатар өсті.
Сол жылдары Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген біздерге ағалық қамқорлықтарын көрсеткен филармонияның еңбек сіңірген қайраткерлері ерлі-зайыпты Қадір, Майра Қаржауовтарға, "Мирас" фольклорлық ансамблінің алғашқы ұйымдастырушысы  және жетекшісі болған, ардақты ағамыз Абай Әмірханов, белгілі композиторлар Қалибек Деріпсалдин, Бақытжан Сауекенов, ақын ағаларымыз Нағашыбай Мұқатов, Ақылбек Шаяхметов, Серікбай Оспановтарға алғысымыз шексіз! Филармонияның қарбалас концерттік гастрольдерінің арасында "ұстаздық еткен жалықпас" дегендей қалалық музыка мектебінде (сол кездегі директоры А.В.Заика), А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің (ректоры З.Алдамжаров) музыка факультетінде шәкірт тәрбиелеп, тәжірибе жинақтадық.
1999-2000 жылдары отбасылық жағдайларға байланысты ерлі-зайыпты Ержан Рысметов пен Сауле Маманова Тараз қаласына, мен Қызылорда қаласына көшуімізге тура келді. Осы кезде енді қалыптасып келе жатқан ұжымның босаған орындарын толтыруға  жоғарыда аталған музыка факультетінің түлектерін жұмысқа шақырдық. Өзіміз тәрбиелеген шәкірттеріміз ансамбль репертуарын тез арада игеріп,  жұмыс әрі қарай жалғасып кетті. Осы кезде ансамбль тізгінін қолына алған күйші бауырымыз, мықты ұйымдастырушы Назымбек Молдахметов ансамбль құрамын жаңа аспапшылармен толықтырып, көрегендік жасады.
2008 жылы оркестр құрамы жасақталып, ансамбль мүшелері толықтай оркестрге қабылданды. Оркестр құрамында жүре тұра "Ақжелең" ансамблі өзінің шеберлігін ұштаудан тынған емес. Небір халықаралық, республикалық деңгейлердегі конкурстардың жеңімпаздары атанды. Шетелдік гастрольдер үлкен шабыт беріп, шығармашылық концерттер өз ретімен жоғары деңгейде бағасын алып отырды. Сондай шығармашылық концерттерде, Алматы, Астана қалаларында өтетін республикалық маңызды мерекелік концерттерде бірге өнер көрсетіп, біздің қарым қатынасымыз үзілген жоқ.
Осындай сындарлы сәтте жасалған еңбектің нәтижесін еселеп, ансамбльдің жеткен жетістіктерін одан әрі дамыту жолында Қазақстанға белгілі қобызшы, ансамбльдің ең  алғашқы құрамынан келе жатқан өнер сарбазы, "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісінің иегері Батырбек Байназаров бауырымыз ерен еңбек етіп келеді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі, республикалық "Күйшілер одағы" Қостанай облыстық филиалының жетекшісі қызметтерін қатар алып жүрген Батырбек өз ісін өте жақсы біліп, алға қойған мақсаттарды өз деңгейінде орындайтын білікті маман. Батырбек пен Лаура ең алғашқы құрамнан бері "Ақжелең" ансамблінде талмай еңбек етіп келеді.
Өкінішке қарай, Назымбек бауырымыздан қапияда айырылып қалдық. Алға қойған біраз мақсаттары, жоспарлары бар еді. Бірақ оның бастап кеткен фестивальдары, конкурстары жалғасын тауып, жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Қазіргі таңда ансамбльге мықты домбырашы, республикалық конкурстардың лауреаты, Консерватория түлегі Ыбырай Есжанов жетекшілік етеді. "Ақжелеңнің" қазіргі құрамы да өз ісінің хас шеберлері, өнер десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар мен азаматшалар. «Ақжелең» фольклорлық ансамблінің ұжымына 30-жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын дегім келеді! Шығармашылық табыстарыңыз молайып, биік белестерді бағындыра беріңіздер!"
Айтолқын АЙҚАДАМОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓