Балаларға базарлық
Шалғайдағы Қамысты ауданының Қарабатыр ауылында балаларға арналған ойын алаңы салынып, есігін айқара ашты. Бүлдіршіндерге мұндай сыйлықты «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС директоры Марат Құдайқұлов тарту етіп отыр.

– Серіктестігіміздің негізін қалаған әкем Жәзит Кәрімұлы ауылдің еңсесін тіктеп, шаруашылықты көтерумен қатар, елді мекен ішін абаттандырып, сәулеттендіруге көп күш салды. Жастардың спортпен шұғылдануы, өнер-мәдениет салаларына бет бұруына жағдай жасаумен бірге балаларға да көп назар аударатын. Біз де ол кісінің салған жолын жалғастырып, бүгін кішкентай балғындарымызға сый ретінде осындай ойын алаңын салып бердік, – деді «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС директоры Марат Жәзитұлы.

Ойын алаңы кеңестік кезде салынған даладағы бассейннің орнында бой көтеріп отыр. Бертін жабық бассейн салынған соң серіктестік басшылығы бұл жерге бүлдіршіндер көңіл көтеретін алаң салуды ұйғарыпты. Ұзындығы 35, ені 18 метрлік аумақ ішінде сырғанақтар, тор арқанмен жүру, өрмелеуіш, әткеншек, басқа да сергуге арналған ойын нысандары бар. Алаң сырты қоршалып, астына жасанды көгал төселген. Жалпы құны 7,5 миллион теңгенің құрылыс жұмыстарын елордалық «МАФ» компаниясы орындапты.




Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Қамысты ауданы.