БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТ

imagesРеспубликадағы ұн өнімдерінің 30%-тен астамы Қостанай облысында өндіріледі. Соған қарамастан облыста жыл басынан бері ұн өнімдері мен күріш, қарақұмық, картоп, сәбіз, картоп, жуа, сары май, ет, сүт тауарларының бағасы едәуір қымбаттаған. Қазір, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының көтерілуіне жол бермеу маңызды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов осы мәселе туралы селектор отырысын өткізді.
Жиында Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Тәукеновтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, ұн және сүт өнімдерінің қымбаттауына шикізат құнының өсуі ықпал еткен. Соңғы уақытта бидайдың бағасы тоннасына 60 мыңнан 75 мың теңгеге, сүттің литрі 90-нан 110 теңгеге өскен. Кейбір аудандар мен қала әкімдіктері бағаны тұрақтандыру шараларын дұрыс жүргізбей отыр. Мәселен,  облыс орталығында бірінші сұрыпты ұн 163 теңге, Қамысты ауданында бірінші сұрыпты бір бөлке нан 85 теңге тұрады.
Өңірде жыл басынан бері қант, ірімшік, жұмыртқа, қырыққабат сияқты азық-түлік тауарларының бағасы біршама арзандағаны байқалады. Бүгінде өңірде бағаны қалыпты ұстап тұру мақсатында азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қоры құрылған. Қазір тұрақтандыру қорына азық-түліктің 14 түрі бойынша жалпы көлемі 6,3 мың тонна тауар сатылып алынған.
            Биыл облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттауына жол бермеу мақсатында 376 жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде 5 мың тоннаға жуық өнім нарық бағасынан 15-20% төмен бағаға саудаланған. Қыркүйек айының соңында аудан шаруашылықтарының қатысуымен тағы бір жәрмеңке ұйымдастырылмақ.
            Бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірдегі азық-түлік өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындарға Қостанай және Рудный қалаларында 208 сауда орны мен 120 сауда сөрелері бөлінген. Бұл жергілікті өнімді ешбір делдалсыз тікелей тұтынушыға арзан бағамен сатуға қол жеткізіп отыр.
            Жиын барысында Архимед Мұхамбетов азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауына жол берген қала, аудан басшыларын сынға алып, Қамысты ауданында нан бағасын, Қарабалық ауданында сұйық майдың бағасын арзандатуға бір жеті уақыт берді.
            – Бүгінде облыстың тұрақтандыру қорында азық-түлік жеткілікті. Арзан ұн мен майды содан алу керек. Жалпы алғанда, облыс бойынша тұтыну бағасының индексі  – 102,9 %. Бұл жаман емес. Бізде, басқа облыстармен салыстырғанда, азық-түлік өнімдері де едәуір арзан. Дегенмен кейбір азық-түліктің бағасы өсіп барады. Бағаны тежеу үшін нақты шаралар қолданылу қажет. Ең бірінші кезекте, нан бағасын тұрақты ұстап тұру қажет. Биылғы қуаңшылық нанның қымбаттауына негіз болмау керек. Облыс 4 жыл бойы жақсы егін алды. Соның арқасында жергілікті диірмендер материалдық базасын нығайтып, едәуір қоң жинап алды. Енді, әсіресе, бірінші сортты ұнның қымбаттамауы соларға жүйктелуі тиіс. Әр диірменге бір-бір ауданнан бекітіп, сол аудандағы нан бағасын тұрақты ұстап тұруды тапсыру қажет. Жалғыз ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру арқылы ғана бағаны тұрақтандыра алмаймыз. Біз халық көп баратын ірі сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қатаң бақылауда ұстауымыз керек, – деді облыс әкімі. 
 
Нұрқанат Құлабаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓