Жоспар ауқымды, жұмыс қарқынды
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова өңірлік БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Баспасөз мәслихатында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлееттік бағдарламасын іске асыру туралы ақпарат берілді.
Іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттік бағдарламаның бірнеше бағыты бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, халықты мемлекеттік және басқа тілдерді оқытуды ұйымдастыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қазақ тілінің латын графикасына көшуін ілгерілету, ономастикалық жұмыс, іс қағаздарын мемлекеттік тілге аудару мәселесі қарқынды жүзеге асуда.
"Осы жылы жергілікті бюджеттен 265 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде, облыстық қазынадан 47 млн теңге, аудан-қала бюджеттерінен 218 млн теңге қаралды. Бұл қаражат тілдерді тегін және еркін меңгеруге жағдай жасауға, яғни тілдерді оқыту орталықтарын қаржыландыруға, ақпараттық-насихаттау шараларын өткізуге, қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі жобаларды ілгерілетуге бағытталды", – деді Гүлжан Ермашқызы.
Басқарма басшысы осы жылы іске асқан жобаларға тоқталды. Қостанай облысы елде алғашқылардың бірі болып республикалық "Егемен Қазақстан" газетінің 100 жылдығына арналған "Тіл тарихы: жүз жылдық жылнама" мақалалар байқауын өткізді. Сондай-ақ, Алаш ардақтысы Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған "Өзіміздің Би-аға" атты республикалық мүшайра ұйымдастырды. Оған елдің 8 облысынан ақындар жиналды. Нақ осы мерейтойға арналып, әлеуметтік желі тұтынушылары арасында "Майлин көшесіндегі мереке" атты облыстық байқау жарияланған болатын. Отыздан астам еңбек қатысып, жеңімпаздары анықталды. "Алтын аймақ – Қостанайым" шығармашылық байқауы қаланың 140 жылдығына арналып өткізіліп, 22 автор шығарма, бейнеролик, фотоальбом аталымдары бойынша сынға түсті. "Тіл – рухани қазына" облыстық байқауы туралы да ақпарат берілді. Мұның сыртында, өңірде өткен ғылыми конференциялар, келелі жиындар да тілге тиек етілді. Тілдерді оқыту барысы туралы да мәлімет берілді.
"Қазіргі таңда облыста 20 тіл оқыту орталығы жұмыс істейді. Қазақ, ағылшын және этностық топтардың тілдерін жыл басынан бері 8 мыңнан астам тыңдаушы тіл үйренуде. Оның ішінде, мемлекеттік тілді – 6702, ағылшын тілін – 1760 және өзге тілдерді 150 тыңдаушы оқып жатыр, – деп хабар берді басқарма басшысы. – Латыннегізді әліпбиді үйрету, насихаттау жұмыстары да қарқынды. Жыл басынан бері осы бағытта 1,5 мыңнан астам іс-шара өтіп, 40 мыңдай адам қамтылды".
Кезекті бір маңызды бағыттардың бірі – ономастика. Соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар да қарқынды жүруде. Айталық, биыл ҚР Президентінің Жарлығымен Таран ауданы Бейімбет Майлин ауданы болып қайта аталды. Облыс орталығының басты көшелерінің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Социалистік Еңбе Ері Кәмшат Дөненбаева және балалар дәрігері Дмитрий Герасимов атындағы көшелер пайда болды. Ұзынкөл ауданының екі ауылдық округі, бір ауылы қазақшаланып, идеологиялық тұрғыдан ескірген тоғыз көшені қайта атау туралы бастама мақұлданған.