Шалғайға көз салсақ…
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазіргі Қостанай облысының шығысы мен Ақмола облысының батыс аудандары біріккен Торғай облысы құрылған еді. Облыс орталығы Арқалық қаласы болды. Географиялық жағынан Арқалық барлық аудандарға жақын, сол себепті елді мекендер бірдей дамып, берекесі арта түскеніне ел куә. Кейін жабылып, тоқсаныншы жылдары қайта еңсе тіктеді. Бірақ, көп ұзамай тұтас бір облысты екі өңірдің – Қостанай мен Ақмола облысының еншісіне бөліп берді. Содан бері жиырма жыл да өте шыққан екен.
Біз сөз еткелі отырған мәселе – Қостанай облысының оңтүстігі, яғни Арқалық қаласы, Аманкелді мен Жанкелдин аудандарының содан бергі күйі болмақ. Бүгіндері облыс орталығынан шалғай жатқан аудандардың хал-ахаулы кенжелеп қалғаны жасырын емес. Мәселенің мәнісі белгілі. Бұл, тіпті, айта-айта жауырын болған дүние. Сондықтан бос даурыққаннан гөрі тығырықтан шығар жол іздеген дұрысырақ.
Аймаққа серпін берер қандай жобалар бар? Осы сұрақтың жетегінде жүріп, жауап іздедік. Сауалға салмақты жауапты Торғай өңірінің тумасы, экономика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері Кенжеғали Сағадиевтен естідік. -Аға, елдің азаматы деп, алыстан ат артып алдыңызға келдік. Әуелгі сауал, Торғай төсінің қазіргі жайын ілгерлетпек үшін не істемек керек?
-Мен енді шамам келгенше, Торғайдан бастап, Тобылға дейін созылып жатқан ұлан ғайыр даланы әрдайым назарда ұстауға тырысамын. Депутат кезімде талай мектептер салдырдым, жолдарды дұрыстаттым. Қазір қолға алған үлкен екі шаруам бар. Бірінші – мынау Арқалық, Аманкелді, Торғай арқылы Астанадан батысқа қарай жол тарту. Әрісі Ырғызға барады, Шалқармен тоқтайды. Біз бұл мәселені үкіметтің алдында көтергенімізге 4-5 жыл болып қалды. Үкімет осы ұсынысмызды жерде қалдырмай, ептеп-ептеп тиын-тебенін берді. Онысына рахметімді айтамын. Бір жыл он шақырым, енді бір жылы жиырма шақырымнан еңсеріп отырдық. Қазір сол тас жол Аманкелдіге жақындап қалды. Қалғаны көп емес. Амандық болса, бір демде бітіретін шаруа.
Бірақ, кейінгі уақытта қайтадан бәсеңдеп қалғасын, үкіметке арнайы тілек жолдадым. «Нұрлы жол» деген бағдарламаны жасап жатырсыздар, соның ішіне жыры бітпей жатқан Торғай тас жолын кіргізсеңіздер дедім. Осы тұста Елбасына деген алғысым шексіз. Ол кісі өзі қолдап, «Нұрлы жол» бағдарламасына біздің аймақтың ахуалына үлкен септігін тигізер күре жолды бағдарламаға енгізді. Осылайша, үлкен жолдың жобасы жасалды. Оған дүниежүзілік банк қаржы беретін болып шешілген-тін. Үкімет те өз қоржынынан беріп тұруға уәде етті. Дүниежүзілік банктің тәртібі бойынша, ол өзінің қомақты ақшасын салады, бірақ жауапты болу үшін өз елің де, үкіметің де қаржылай көмектесу керек. Бұл – бірінші кезеңі.
Екінші кезеңі Шалқардан асып, әрі қарай Ақтауға кетеді. Барлығы – 3000 шақырым. Астана мен батыс өңірінің қарым-қатынасы үлкен. Жылдан жылға арта түседі. Мен алғашқыда Үкіметке өтініш жазып, осы бағыттағы жол жобасын қолға алсақ, мың шақырым жол қысқарады деп едім. Қазір батыстан Елордаға апаратын тура жол жоқ. Атырауға жету үшін талай жерді айналып келесің. Ал, мынау тіке жол болмақ. Ел орталығындағы экономикаға үлкен серпіліс әкелері сөзсіз. Торғайдың шағын ғана елі жол бойында тұрса, күнкөрісін реттер еді. Осы жол жан-жағында шағын кәсіп жасауға қолайлы емес пе?! Мысалы, ат шалдырып демалуға дәмхана немесе қонақ үй ашылса қандай жақсы. Енді, реті келсе, бұның бәрі келер жылы жүзеге аспақ. Мүмкін, арғы жылы. Бірақ бұл болатын нәрсе. Құжаттары дайын, үкімет қол қойған. Ол түгілі Алматы мен Астананың арасындағы жолды да жөндейміз деп едік. Оны да шегеруге тура келеді. Дағдарыс қолымызды байлап отыр. Торғай даласын басып өтетін жол – жаңару, жаңғыру, қаңырап қалған өлкеге тың дүние екені рас. Биыл бастаймыз дегенбіз, оған жоба да дайын тұрған болатын. Бірақ, биыл әлгі қаржылай тығырықтан дұрыс шыға алмай жүрміз.
Екінші мәселе – баламалы энергия түрлерін алу. Бұл күндері бәз біреулер күн энергиясы, енді біреулері жел энергиясы туралы жиі айтып жүр ғой. Мен бір кездері энергетика министрлігінің басшыларына өтініш жасап, біздің елде толастамайтын күшті жел бар. Боран да, дауыл да болады. Сол Арқалықтың маңайын ресурстарды игеруге болмас па екен деп, ұсыныс айқан едім. Содан олар зерттеп көрді, сөйтсе, арқадағы желдің қуаты Қазақстан бойынша үшінші орында екен. Бірінші – Жоңғар қақпасы, сосын Жамбыл төңірегі, үшінші осы Арқалық болып шықты. Кейін арнайы жоба жасалды. Бірақ шешілмей тұрған мәселе – одан алған электр энергиясының құны қандай болады? Қазір мамандар соны есептеп жатыр. Көптеген кеңес, басқосулар өтті. Талай технологиялар қарастырылды. Шынын айту керек, ол сәл қымбаттырақ боп тұр. Қазіргі қолданып жүрген энергияның көзімен салыстырсақ, анағұрлым қымбатқа шығады екен. Оған сай жаңа технологияны іздестіру керек. Сосын демеуші мүмкіндікті іздестіру қажет. Осындай бірқатар жұмыстар жүріп жатыр.
Бірақ, дәл бүгін іске қосылады деп айта алмаймын. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев деген азаматпен тікелей сөйлестім. Облыстың әкімімен бірге Арқалықта болдым. Барлығын өз көзіммен көрдім. Мүкіндік бар. Келешекте жақсы бір жел энергетика станциясы салынады, оған кәміл сенімдімін. Ондай күш болғасын өндіріс салуың керек, мұнай зауыттарын салу керек деп жатыр емес пе. Сондай алпауыт зауыттың бірін Арқалыққа салсақ деп едік. Ол енді белгісіз, жай ғана болжам. Келешектің еншісіндегі іс. Әйтеуір, туған жердің мерейі тасып, бағы жанса екен деймін.
Елде Кейкі батырдың кесенесін тұрғызғалы жатыр. Жақында ғана осы туралы үкімет басшыларымен талқыладық. Соның ішінде ескерткіш қою, соған апаратын жолды дұрыстау. Арқалықтың үйлерін жөндеп, қоғамдық орындарын абаттандыруға қаржы бөлінетін болды. Өте жақсы жаңалық. Туған қаласындағы оң өзгерістерді байқаған тұрғындар да жақсылыққа, жаңашылдыққа ұмтылады. Халықтың көңіл-күйі көтеріледі.-«Ел болашағы жастардың қолында» деп үнемі айтып келеміз… Ал, сол ауыл жастарының білім деңгей немесе оларға жасалып жатқан жағдайға не алып-қосарыңыз бар?
-Сол ел жақта талай мектеп салдырдым кезінде. Жақында ғана әкім тағы бір мектепке көмек беруімді сұрады. Қолдан келсе, оған да көмектесеміз-ау, бірақ елдің де талпынысы болуы керек қой. Оны салғаннан кейін, дұрыс пайдаланып, білімді мұғалімдерді шақырып, ауылдың балаларын жақсылап оқытса деймін. Неге осыған ерекше көңіл бөлмейміз? Қазір «мен ауылдың баласымын», «мен қаланың баласымын» деген жағдай қалған жоқ. Бүгіндері әр үйде компьютер бар. Интернет бар. Бүкіл әлем сенің алдыңда. Тіл үйрен, әлемді таны. Кез келген кітабыңды тап та оқы. Бәрі бар ғой, қалқам! Тек ерінбесең болды. Бүгіндері мұғалім деген тек бағыт береді, әрі қарай өзің іліп әкетуің керек.
Бұрын біз анау түпкірде жатып, бес жүз шақырым жүріп Қостанайға келдік, бір мың шақырым жүріп Алматыға жеттік. Алысқа ат сабылтып, жаяу жүріп те оқыдық. Адам өмірге келген соң талаптанып, жақсылыққа ұмтылуы керек. Заман қазір біреудің үйретуінен кетті. Қазір білімді өзің аласың, ешкімге мұқтаж емессің. Бұрын біз химияны, физиканы кітаптан оқып, жаттап өстік. Тәжірибе жасап, ештеңге көз жеткізе алмайтынбыз. Ахмет Байұрсынов балаларды баулып оқыту керек дейді. Мысалы, балаға қалай жазу керектігін айту бір бөлек, ал оған қолына қаламды ұстатып, үйрету мүлдем бөлек. Балаға бір рет көрсетпесең, оның есінде қалмайды. Сол сияқты жастарды баулып оқыту керек. Елдің қолынан келеді. Оған мүмкіндік бар. «Анау жоқ, мынау жоқ, жол алыс» деп шағымданып отырады. Олай емес, қазір өркениет деген сенің үйіңде. Жұрт талпынып, ниет білдірсе, неге мектеп салмасқа?!
Әлемде күн сайын жаңа технология пайда болады, жаңа түсінік пайда болады. Ғылым деген жаңарып отыратын нәрсе. Күн санап жетіліп, күрделене түседі. Президент өткен Жолдауында сандық технология туралы сөз етті. Мысалы, 2000 жылы әлемде 80 миллиард фотосурет жасалған екен. Сол суретті шығаратын пленканы ол уақыттарда үш-ақ зауыт жасаған. Ал, 2015 жылы жаңағы көрсеткіш 1 жарым триллионға өскен. Өзің елестетші, жиырма есеге артып отыр. Ал бүгін сол үшін қалтаңнан бір тиын да шығармайсың. Бұрын бір фото бір цент тұрса, қазір түкке тұрмайтын болды. Таңғаларлық нәрсе. Сондықтан ғылымның ағысынан қалмау керек. Тек бір ғана пайда көзіне байланып қалуға болмас, үнемі ізденіс үстінде жүру керек.
Бізде есеп-қисап көп, қазір Қазақстанның өзінде бір миллион бухгалтер бар. Әр мекемеде есепші отырады. Содан асқан лауазымды мамандық болмай тұр. Келешекте соның он-он бес пайызы қала ма екен? Соған күптімін. Қазір интернет-сауда деген бар. Ол енді жалпылама дүние емес. Өзіңмен сөйлесіп отырып, бәрін есептеп, шешіп береді. Бұл үлкен күрделі өзгеріске әкеліп соғады. Кейбіреулер жұмысын тоқтатса, кейбірі жаңа өзгерістерге тап болуда.
Сондықтан, елге дұғай сәлем айтамын. Елім жақсы, қажыр-қайраты мол. Заманымыз өзгеріп келе жатыр, бұйыртса, бұдан да жақсы заман болады алда. Балаларын оқытсын, жаңа заманға дайындасын.-Қостанайда шақшақ Жәнібекке арнап ескерткіш орнатуға үлкен күш салдыңыз. Бастамашы болып, еріктілер арасында қор аштыңыз. Бүгіндері бұл мәселенің барысы қалай?
-Шақшақ Жәнібектің жасаған ерлігін, оның айтқан кереметтей сөздерін, өсиетін халыққа жеткізетін кез келді. Тарихтың өте бір күрделі дәуірінде дүниеге келіп, сол кездегі өмірдің өктем талабына жауап бере алатын азамат болып, елін жаудан қорғаған батыр. Жерінің шекарасын бекітіп, өзге елдермен арадағы жарастықты сақтап, би болған, шешен болған үлкен тарихи қайраткерді насихаттау керек. Жасыратыны жоқ, ол кісі – біздің бабамыз. Бүгіндері ұрпақтары көп-ақ. Бүкіл кіші арғынның бәрі сол кісіден тараған. Елге сапарлап барғанда көнекөз қариялар: «Шақшақ Жәнібек деген бабамыз бар. Сендер сол есімді жаңғыртып, игілікті амал жасасаңдар!» – деп ылғи айтушы еді. Кейінгі кезде осындай ұсыныстар көбейе бастады. Бұндай ойдың туындауы да орынды. Өйткені, Ақтөбеге барсаң, елінің батыры Әбілқайыр қасқайып атқа мініп тұр. Атырауға барсаң, Исатайдың мүсінін көресің. Мына Алматы төңірегін алсаң, Қарасай батыр, Райымбек бар. Абылай хан, Бөгенбай, Қабанбай – бәріне құрмет көрсетілген. Міне, Шақшақ Жәнібек сол заманда, сол батырлармен үзеңгілес болған. Оған қоса, бабамыз сол батырлардан да бөлек өзінің керемет кемел ақылыменен, кемеңгерлігіменен бүкіл ел жұртқа аталы сөз айта білген, дұрыс ақыл-кеңес бере білген, ел мен елдің арасын жақындастыра алған дипломат та, би де, шешен де болған кісі.
Егер тарихты айсберг деп алатын болсақ, біз оның тек жоғарғы жағын ғана білеміз, ал Жәнібек соның керемет бастауы, қойнауы сияқты төменде жатыр. Сондықтан біз де, бір топ азаматтар ойласа отырып, осы кісінің еңбегін халықтың алдына шығарайық, жаңғыртайық, мынау келешек ұрпақ осы бабаларына ұқсап, өсіп-өніп үлгі алып жүрсін деген оймен «Шақшақ Жәнібек Тархан» атты қор құрдық. Есеп шарты жұртқа хабарланды. Оның ішінде ғалымдар, жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері бар. Қор құрған себебіміз, бұл тек қана халықтың өзінің қалтасынан шығарып істейтін шаруа. Үкіметке, мемлекетке, бюджетке салмақ салуға болмайды. Қорға келіп түскен қаражат бойынша ескерткішті орнатамыз деген ой бар. Қазір жақсы мамандарды да таптық. Суретшілер, одан басқа сәулетшілер, жоба жасайтын, дизайн жасайтын адамдар лезде табылды. Жақында бір жобасын жасап, белгілі тарихшы Ирина Викторовнаға көрсеттім. Алматыдағы зиялы деген азаматтарды шақырып, содан кейін Қостанайға апарып, Қостанайда бірталай азаматтарға көрсетіп, атқамінерлермен кеңестік. Соныменен, бір шешімге келген сияқтымыз.
Мүсіннің жобасы дайын. Бұл әлі өзі емес. Амандық болса, сәулетшілер, басқа да қатысқан адамдар жиналып, тағы бір мәрте Қостанайға барамыз. Ескерткішті жұртшылыққа көрсетеміз. "Ел басшысыз болмайды" дегендей, әкімдермен кездесіп, сол жерде біржолата шешетін жағдайымыз бар. Өткенде барып, мүсінді көрдім. Көп жағынан дайындық болған екен. Алған ұсыныстарды сәулетшілер орындай біліпті, көрсете алыпты.
Бұған дейін екі рет Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовте болдық. Облыстың әкімі үлкен түсіністікпенен қарсы алды, ақыл-кеңесін айтты. Ескерткіш орын тебетін жерді әкімшілік шешеді емес пе, сондықтан тұрғызатын жерді көрсетті. Сол маңға сәулетшілерді апардық, жан-жағын абаттандыруы қалай екен, қалай жақсы көрінетінін, бір сөзбен барлығын көрсетіп, солардың мақұлдаған жағдайы болды.
Біздің жоспар бойынша, осы жылдың тамыз не қыркүйек айларында дайын болуы керек. Қостанайда үлкен жиын өткізіп, салатанатты түрде ашылу рәсімін жасаймыз деген ой бар. Міне, әзірге жұмыстар осылай жүріп жатыр.
Сұхбаттасқан Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Алматы қаласы.